Бүгін имам Хасан Моджтабаның (ғ.с.) туған күні
Бүгін Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммад-Мұстафаның (с.ғ.с.) немересі имам Хасан Моджтабаның (ғ.с.) туған күні. Ахле әл-Бейттің (ғ.с.) жақтастары мен әлемнің барша мұсылмандарын құттықтаймыз!
Хиджраттың үшінші жылының рамазан айы басталып, хазірет Әли (ғ.с.) мен хазірет Фатиманың (ғ.с.) берекеге толы үйінен түн сайын Аллаға құлшылық ету нұры ғарышқа қарай көтеріліп, бүкіл пәк кеңістікке таралды. Хазірет Әли (ғ.с.) мен хазірет Фатиманың (ғ.с.) тұрмысы махаббатқа бөленген. Бұл екі теңдессіз тұлға Алла елшісінің (с.ғ.с.) рақым мен мейірім теңізінен шөлін қандырған болатын. Бұл илаһи жұп тұрмысының бүкіл қиындықтары мен ащылықтарын бір-біріне деген илаһи мейірім және махаббатпен өтті.
Қасиетті рамазан айы ортасына жетіп, бұрынғысынан әдемілеу жарқырады. Ай аспаннан күннің атысын күтіп тұрған кезде, күн жерден атты. Білім мен сенім, иман мен тақуа, әдептілік пен ар-намыс, қасиеттілік пен жарықтың екі теңізінің қосылуынан інжу-маржан жарқырады. «Ағызған екі теңіз қосылады. Екі арасында бөгет бар. Бір-біріне араласпайды». («Рахман» сүресі, 19-20 аяттары).
Имам Хасан бен Әлидің (ғ.с.) туған күні құтты болсын!
Имам Хасан Моджтаба (ғ.с.) – теңдессіз құрмет пен ғиззатқа ие Исламның ұлық пайғамбарының бірінші немересі. Оның атасы – Алла елшісі (с.ғ.с.), әкесі – хазірет Әли (ғ.с.), анасы – хазірет Фатима (ғ.с.). Ол Алла елшісі (с.ғ.с.) мен имам Әлидің (ғ.с.) мектебінде тәрбиеленіп, екі әлемнің үздік әйелі хазірет Фатиманың (ғ.с.) қолында өсті. Имам Хасан (ғ.с.) атасы Пайғамбарға (с.ғ.с.) қатты ұқсады. Пайғамбар (с.ғ.с.) сәбиді өмірінің алғашқы күндері құшағына алып: «Сен маған ұқсайсың»,- деді. Пайғамбар (с.ғ.с.) немересінің есімін Хасан деп қойды. Имам Хасанның (ғ.с.) көптеген лақап аты болды. Соның ішінде «Моджтаба», «Заки», «Тақи», «Таиб» ең танымал болды. Алла елшісі «Сейед», халық «Карим» деп атайтын.
Араб тілінде әр адамның есімі мен лақап аты бар. Есімі адамды таныстырады, ал лақап аты оның қадір-қасиеті мен ерекшелігін білдіреді. «Карим» деп мұқтаж адам қажеттілігін айтпастан бұрын оған көмекке асығатын адамға айтылады. Имам Хасан (ғ.с.) мұқтаж адамдарға көмектесетін. Сондықтан досы мен дұшпаны имамды «Карим» деп атайтын. Имам Хасан (ғ.с.) мұқтаж адамға кедейліктен құтқарылатындай қаржы беретін. Өйткені имамның пікірінше, егер абыройлы өмір сүретіндей және көмек арқылы өзін қамтамасыз ететіндей жағдай тумаса, кедей адам отбасының тек бір күндік қажеттілігін қамтамасыз етіп, келесі күні қайтадан көмек сұрауға мәжбүр болады. Имам Хасан Моджтабаның (ғ.с.) өмірбаянында хазіреттің өмірінде екі рет қаржысы мен мүлкін Алла жолында толық жұмсағаны және үш рет өз байлығын тең бөліп, жартысын Алла жолында сыйлағаны айтылды.
Алла Тағала адамның жаратылуының мақсатын құлшылық ету деп, «Зариат» сүресінің 56-шы аятында: «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылуы үшін ғана жараттым»,- деді. Сондықтан Алланың пендесі тек Ол үшін құлшылық етеді. Имам Хасан (ғ.с.) барлық жағдайда тек бір Алла туралы ойлаған. Ол өзін әрқашан Алланың алдында тұрғандай сезінді. Рауаяттарда имамның вузу алған кезде денесі дірілдеп, жүзі сарғайып кететіні туралы айтылды. Имам Садық (ғ.с.): «Имам Хасан (ғ.с.) өз заманының ең иманды, ең сопы, ең жақсы адамы. Ол қажылыққа жаяу, кейде жалаң аяқ баратын. Өлім мен қабір және қияметті есіне алған кезде жылайтын. Сират көпірін еске алып, жылайтын. Алланың алдындағы есеп-қисапты ойлап, кейде есінен танғанша жылайтын. Намазға тұрған кезде бүкіл денесі дірілдейтін. Жаннат пен тозақ туралы ойлап, Алладан жаннат тілейтін»,- деген.
Пайғамбарлар мен илаһи әулиелердің ерекшеліктерінің бірі олардың Алланы ұлы, Одан басқаны кіші санауы болды. Олар Алланы танып, құдырет, жақсылық пен берекенің Жаратушының қолында екенін жақсы білді. Сондай-ақ, егер Алла адамды қолдаса, бүкіл әлемдіктердің бұл адамға зиян келтіре алмайтынын жақсы түсінетін. Имам Хасан (ғ.с.) Алланың бұйрықтарына қарсылық білдіруден басқа еш нәрседен қорықпайтын. Ол өз заманының ең ержүрек адамы болды. Имам Хасан (ғ.с.) әкесімен бірге Джамал, Сеффейн және Наһрван соғыстарына қатысты. Имам Джамал соғысынан бұрын сөз сөйледіү Соғыс басталған соң алғы шепте соғысып, дұшпан әскерінің ортасына шабуыл жасады.
Құран Кәрім Исламның ұлық пайғамбарының тіпті өз перзенттеріне зорлық-зомбылық жасаған арабтардың жүрегінен орын алуының себебі туралы «Әл-Имран» сүресінің 159-шы аятында: «(Мұхаммад с.ғ.с.) оларға Алланың мейірімі бойынша жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл. Сонда қашан қарар берсең, Аллаға тәукел ет. Негізінен Алла тәуекелшілерді жақсы көреді»,- деді.
Болмысында адамгершілік қадір-қасиеттері шоғырланған имам Хасан Моджтаба (ғ.с.) Алла елшісіне қатты ұқсас болды. Күндердің бірінде Шамның бір ер адамы бірінші рет Мединеге сапар шекті. Ол Шамның басқа адамдары секілді Муавиенің өтіріктеріне алданып, имам Әли (ғ.с.) мен хазіреттің перзенттеріне дұшпандық пен кек білдірген. Ол ойламаған жерден имам Хасанды (ғ.с.) көріп, әдемі жүзіне қызығып, бір адамнан кім екенін сұрап: «Ол Хасан бен Әли (ғ.с.)»,- деген жауап естиді. Имам Хасанның (ғ.с.) есімін ести салысымен балағаттай бастайды. Имам оның сөзін естіп: «Қателескен боларсың»,- деді. Шам адамы: «Саған айтамын, сен Хасан бен Әли емессің бе?»- деді. Имам: «Менмін»,- дейді. Шам адамы: «Мен саған айтамын»,- деп, балағаттауын жалғастырады. Имам әлгі адам балағатын аяқтағанша күтеді. Содан соң оған қарап, күлімсіреп: «Шаршаған боларсың, егер басқа жерден келген адам болсаң, жүр, сусын берейін, тамағың құрғап қалған болар»,- деді. Шам адамы таңғалып, көзі жасқа толып: «Мен сені мен әкеңді дұшпан санадым. Бірақ осы кезде алдымда Алланың ең сүйікті адамының тұрғанын түсіндім»,- деді. Имам Хасанның (ғ.с.) шақыруымен ол имамның үйіне барып, Мединеден кеткенше, хазіреттің қонағы болады.
Исламның ұлық пайғамбарының немересі имам Хасан Моджтабаның (ғ.с.) туған күні құтты болсын!