Наурызды қарсы алу (1)
Наурыз мерекесінің тарихы «Наурызды қарсы алу» атты екі бөлімді бағдарлама х.ш.ж.с.б. 1400 жылғы Наурыз мерекесіне арналған. Бағдарламаның бірінші бөлімінде Ирандағы Наурыз мерекесінің тарихына, ал екінші бөлімінде мерекеде атқарылатын әдет-ғұрыптарға тоқталамыз. Наурыз құтты болсын!
Халық арасында қысқаша ғана «ейд»-айт деп аталатын Наурыз мерекесі ирандықтардың көне тарихы мен мифологиясынан бастау алады. Ежелгі Иранда Наурыз жылдың алғашқы мезгілінің бірінші күні және күн мен түннің теңелген сәтінде тойланған. Ежелгі ирандықтардың сенімінше, Наурыз – ғаламның жаралған күні. Абу Райхан Бируни Наурызды Жаратылыстың қайта тууы деп атаған. Иранның аңыз-әңгімелерінің көбінде Пишдадтар дәуірі Наурыздың пайда болған кезі деп айтылған. Бұл рауаят бойынша, Пишдадтар әулетінің төртінші патшасы Джамшид Наурыз бен оның рәсімдерінің негізін қалаған. Пехлеви мен маниліктердің жазбаларында Наурыз туралы көп айтылған. Тәхт-е Джамшид (Персеполис) қалашығында сақталған ескерткіштер көрсеткендей, сол замандағы халық Наурызбен жақсы таныс болған және оны көне рәсім ретінде тойлаған.
Наурыз мерекесі – шын мәнінде арийліктердің жыл бойындағы екі мерекесінің бірі. Арийлерде бұрынғы заманда жылы және суық деген екі мезгіл болған. Көктем мен жаз жылы мезгілге, күз бен қыс суық мезгілге жататын. Авестада суық мезгіл «зима», ал жылы мезгіл «хама» деп аталған. Өте ерте заманда суық мезгілде 10 ай, жылы мезгілде 2 ай болған. «Вендидадтың» 2-3 тарауында осылай делінген. Бірақ кейін бұл екі мезгілге өзгеріс енгізілді. Жазда 7 ай, ал қыста 5 ай болды. Осы екі мезгілде мереке өткізілетін. Бұл екі мереке де жаңа жылдың басы саналатын. Бірінші мереке жылы мезгілдің басында, яғни қойларды қорадан көкке шығарған кезде, ал екіншісі суық келіп, қойды қораға қайта қамап, қыстың қамын дайындаған кезде тойланған.
Ахеменилер патшасы Куруш II Наурызды б.з.д. 538 жылы ұлттық мейрам деп жариялады. Бұл күні сарбаздарды марапаттау, қоғамдық орындарды және жеке үйлерді тазалау және жазалыларды кешіру рәсімдерін өткізген. Бұған дейінгі Ахеменилер патшалары заманында мұндай рәсімдер басқа бір кезде өткізілетін. Дарий I заманында Наурыз мейрамы Тәхт-е Джамшидте тойланған. Әрине Ахеменилер заманынан қалған жазба тақташаларда Наурыздың өткізілгені тікелей айтылмаған, бірақ жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, халық Ахеменилер заманында Наурыз мерекесімен таныс болған. Ахеменилер Наурызды салтанатты түрде атап өткен. Куәлер көрсеткендей, Ахеменилер патшасы Дарий I б.з.д. 416 жылы алтын тиын соқтырған. Оның бір жағында садақ атып тұрған сарбаз бейнеленген. Ахеменилер заманында Наурыз мерекесі 21 есфанд пен 19 ордибехешт аралығында тойланған.
Ашканилер мен Сасанилер заманында да Наурыз тойланған. Бұл заманда бір жыл ішінде бірнеше мейрам өткізілген. Солардың ең маңыздысы Наурыз бен Меһреган болған. Сасанилер заманында Наурыз мерекесі кемінде алты күн тойланған, Кіші Наурыз және Үлкен Наурыз деп екіге бөлінген. Кіші Наурыз немесе жалпыға арналған Наурыз 5 күн болып, 1-5 фарвардин аралығында мерекеленген. 6 фарвардин күні «Хордадруз» деген атпен Үлкен Наурыз немесе жалқыға арналған Наурыз тойланады. Кіші Наурыздың әрбін күнінде халықтың түрлі топтары, соның ішінде диқандар, дінбасылар, әскерилер, кәсіпкерлер, ақсүйектер патшамен кездесуге келіп, патша олардың сөздерін тыңдаған және олардың қиындықтарын шешуге бұйрық беріп отырған. Алтыншы күні патша әртүрлі әлеуметтік топтардың өтініштерін орындаған. Бұл күнде тек патшаның жақындары жиналатын.
Иранда ислам таралған соң мұсылман ирандықтар өздерінің мұсылман емес ата-бабалары сияқты Наурызды тойлап, оның рәсімдерін орындаған. Аббасилер халифаты кезіндегі жергілікті билеушілер мен Аббасилерден кейінгі ирандық мемлекеттер, әсіресе Үлкен Хорасандағы Саманилер мен Иранның оңтүстігіндегі Буйе әулеті мұсылман қоғамында Наурыз бен оның рәсімдерін сақтауда маңызды рөл ойнады.
Джалаледдин Малек шах Селжұқи х.қ.ж.с.б. 467 жылы өз заманындағы ең ірі 8 астроном мен математикке, соның ішінде хакім Омар Хайямға Иранның күнтізбесін түзетуге тапсырма береді. Бұл топ Наурызды көктемнің басына белгіледі. Осылайша оның орнын мәңгіге белгілеп берді. Содан бері әлемде күн жыл санағына ең жақын Джалали немесе Малеки күнтізбесі Иранда қолданысқа еніп, Наурыз мерекесі көктемнің басында фарвардиннің бірінші күніне белгіленді.
Ислам дәуірінде, әсіресе Сефевилер заманында Наурыз мерекесі мен рәсімдері исламның кейбір әдет-ғұрыптарымен араласып, жаңа бір реңк пен діни ұғымға ие болды. Шиіт ғұламалары Наурызды ұлы күн деп атаған. Кейбір рауаяттарға сәйкес, Адам ата сол күні жаратылған. Осылайша Наурыздың исламдық-ирандық мәдениетіндегі орны нығая түсті. Мұсылман ирандықтар өз ата-бабаларының осы әдемі дәстүрін исламдық ойлармен қатар алып жүріп, оны асқақтата түсті.
Исламда Наурызға жоғары маңыз беріледі. Кейбір исламдық рауаяттар бойынша, Имам Заман Наурыз күні келеді. Имам Садық (ғ.) бір хадисте: «Наурыз күні – пенделердің Құдайға құлшылық етуге, Оған серік қоспауға, пайғамбарлар мен әулиелерін тыңдауға серт берген күні. Сол күні Күн шыққан, самал жел соғып, жер бетіне гүл мен өсімдіктер шыққан. Ол күні Нұх пайғамбардың кемесі Джуди тауының басына тоқтаған. Өлімнен қорқып үйлерінен шыққан мыңдаған адамды Құдай сол күнде өлтіріп, қайта тірілткен. Сол күні Жебрейіл пайғамбарға келген, Ибраһим (ғ.) өз қауымының пұттарын сындырған. Бұл күні Алланың елшісі мүміндердің әмірі Әлиді (ғ.) өзінің иығына отырғызып алып, Құрайыш пұттарын Құдай үйінің үстінен құлатып, сындырған»,-деді.
Наурыз мәдени мұра ретінде қазіргі заманда да ұдайы халықтың наразында болып, жыл сайын тойланып келеді. Әрине Наурыз тойын ашық түрде тойлау кейбір елдерде кейбір үкіметтер тарапынан ұзақ уақытқа тыйым салынды. Кеңес одағы Орта Азия елдері, соның ішінде Түркіменстан, Қырғызстан мен Тәжікстанда Наурызды тойлауға тыйым салған. Бұл тыйым Михаил Горбачевтің заманына дейін сақталған. Бұған қарамастан, бұл аймақтың халқы жасырын түрде ауылдарда мерекелеп отырған. Сонымен қатар, бұл аймақ халықтары жергілікті басшылардың рұқсатын алу үшін Наурызға басқаша ат берген. Мысалы, Тәжікстанда халық Лале мерекесі немесе 8 наурыз мерекесін тойлау арқылы жергілікті басшылардың қарсылығынсыз Наурыздың рәсімдерін орындап отырған. Сонымен қатар Ауғанстанда Талибан билігі кезінде Наурызды тойлауға тыйым салынған. Бұл үкімет тек ай күнтізбесін ресми түрде танитын.
Бағзы заманда Наурыз тойланған аймаққа бірнеше ел кіреді. Қазір де бұл елдерде Наурыз тойланады. Наурыз географиясы Батыс Азия, Балкан, Қазақстан, Татарстан, Орта Азия, Шығыс Қытай (Қытай Түркістаны), Судан, Занзибар, Казказ аймағы, Астрахань (Ресей), Солтүстік Америка, Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Бутан, Непал пен Тибетті қамтиды. Бұл елдерде Наурыздың рәсімдері де әртүрлі. Мысалы, Ауғанстанда жеті жеміс дастарханын жаяды. Бірақ Иранда «Һәфт син» (Жеті «с») дастарханы жайылады. Тіпті Наурыз тойланатын елдердің қатарына жатпаса да, Мысыр мен Қытай сияқты елдер де бүгінде Наурызға ұқсас мерекелерді атап өтеді.
2009 жылдың 30 наурызында Канаданың федералдық парламенті көктемнің бірінші күнін Наурыз күні, ирандықтар мен басқа халықтардың ұлттық мерекесі деп атады. 2010 жылдың 24 ақпанында БҰҰ бір қарар қабылдап, Нью-Йорктағы резиденциясында Наурыз мерекесін әлемде бейбітшілік мәдениетіне қатысты халықаралық күн деп ресми түрде бекітті. Осылайша, Наурыз әлемдік мереке ретінде тіркелді.
Келесі бағдарламада Иранда Наурыз мерекесіне орай өткізілетін рәсімдер мен әдет-ғұрыптар жайлы баяндаймыз.