Ирандағы Наурыз мерекесі (4)
(last modified Mon, 22 Mar 2021 21:00:59 GMT )
Нау 23, 2021 03:00 Asia/Almaty

Наурыз – аты айтып тұрғандай жаңару күні. Наурызды құрайтын «Ноу» және «руз» деген екі сөз де өмір, тазалық, балғындық пен жарықты білдіреді.

Наурыз – адамзат баласының ең әдемі әрі терең мағыналы рәсімдерінің бірі. Бұл Наурызды тойлайтын халықтар бай мәдениетке ие екенін көрсетеді. Иран, Орта Азия  мен Кавказ елдерінде, соның ішінде осы аймақтың ең ірі елі Қазақстанда Наурыздың тойлануы осы елдердің ежелгі заманнан тығыз байланыста екенін көрсетеді.

Наурыздың тарихы Иранның тарихымен біте қайнасқан. Тарихшылардың айтуынша, Иран тарихының қай қатпарына қарасақ да, Наурыздың ізін байқаймыз. Наурыз рәсімдері әрдайым Иранда орындалып келді. Наурыздың қалыптасу тарихы туралы түрлі аңыздар айтылады. Пишдадтар кезіндегі Иран патшасы Джамшид Наурыз мерекесінің негізін қалаушы болып саналады. Джамшид Пишдадтар әулетінің патшасы болған.

Абу Райхан Бируни «Асар ул-бақие» атты еңбегінде «Джамшид өзінің билікке келген күнін тойлаған. Содан бері бұл мереке жыл сайын қайталанып, халықтың дәстүріне айналған» деп жазды.

Сондай-ақ Джамшид қалаларды көп аралаған деседі. Әзірбайжанға саяхаты барысында алтын таққа отырған екен. Сол кезде күн сәулесі осы таққа түскен екен. Сондықтан сол күнді тойлапты.

Ахеменилер заманында Наурыз мейрамы Тахт-е Джамшид – Персеполисте өткізіліп отырған. Француз археологы Роман Гришман Ахеменилік патша сарайындағы ежелгі Наурыз рәсімдері туралы: «Персеполисте барлық ғимараттар осы ұлттық мейрамды тойлауға арналып салынған. Наурыз рәсімдері орындалмас бұрын елдегі игі жақсылар мен шет елдердің өкілдері осы сарайлар кешеніне жиналған»,-деп жазған.

Ирандықтар адам мен әлемнің келер жылғы тағдыры Наурыз мейрамында анықталады деп сенген. Осы күні Заратуштра Құдайдан Жер бетіндегі барлық халықтарға игіліктің бөлініп берілуін сұраған. Сол себепті ирандықтар Наурызды үміт күні деп атайды.

Наурыз мейрамының маңызды ерекшелігі шаттық сыйлауында. Шаттық белгілі бір әлеуметтік топ, арнайы рәсім мен айрықша дін ұстанатындарға тиесілі емес. Ол бәріне ортақ. Наурыз үміт тудырып, жағымды ойлауға және жақсы әрекеттер жасауға  ынталандырады. Наурыз рәсімдері ақылға қонымды болғандықтан жалпы мен жалқының құрметі мен қошеметіне бөленіп отыр.

Ислам діні де бағзы замандардан қалған Наурыз рәсімдерін растады. Ислам дәуірінде Иран халқы бұрынғыдай Наурызды ең маңызды көне мейрам ретінде сақтап қалды. Хадистерде айтылғандай, Ислам пайғамдары хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) ирандықтардың Наурызын қолдаған. Имамдар да ірі рухани оқиғалардың Наурыз мейрамы кезінде орын алғанын айтқан. Омейяд пен Аббаси халифтері де әдетте Наурызды тойлап отырған. Көптеген ақындар осы мейрамды мадақтап, жырға қосқан.

Наурыз рәсімдері мыналар: көрісу-қауышу, үй тазалау, «Һәфт син» (жеті син) дастарханын жаю, жаңа киім кию, Жаңа жылмен құттықтап, айттық беру, өкпе-ренішті кешіріп, татуласу, «Чаршанбе сури» - соңғы сәрсенбіде от жағу, су шашып ойнау, тәтті-дәмді тарату, «Сиздәһ бер дәр» - 13 фарвардин күні табиғат аясына шығу, көк шөп өсіру және мейрам соңында көк шөпті суға ағызу.

Иранның әрбір өңірінде Наурызға қатысты түрлі рәсімдер өткізіліп тұрған. Елде түрлі ұлт өкілдері өмір сүретіндіктен әрқилы әдет-ғұрыптар жетерлік.

Иранда жалпыға арналған Наурыз рәсімдері үш кезеңде орындалады. Әрине мұнда бүкіл Иран бойынша орындалатын рәсімдер келтіріліп отыр.

Наурыз – Жаңа жылды қарсы алу рәсімдері:

  • «Ханетекани» - үй тазалау. Күн күнтізбесі бойынша 11 ай – баһманның ортасында үйдегі отанасы кір жуу, үй тазалау, жаңа заттар сатып алу, құрал-жабдықтарды жөндеу, кілем мен киім-кешек жууға кіріседі. Ежелгі Иранда мынадай сенім болған: үйде өткен жылдан қандай да бір кір зат қалмауы тиіс. Жаңа жыл жанұя мүшелері үшін таза үйде басталуы тиіс.
  • Наурызға орай сауда-саттық: Күн күнтізбесі бойынша 12 ай – есфанд айынан бастап базарлар мен сауда орталықтарының жұмысы қыза түседі. Әрбір адам өз қаражатына қарай жаңа киім сатып алып, қонақ күтуге қажетті заттар мен азық-түлікті дайындап қоюға тырысады.
  • Хаджи Фируз бен Әму Ноуруздың көше аралауы: Хаджи Фируз –Иранның фольклорлық мәдениетінде өте танымал кейіпкер. Ол жылдың соңғы күндерінде қалалар мен ауылдарды аралап, Наурыздың келе жатқанын халыққа жариялайды. Хаджи Фируз – жас ұл бала немесе ер адам. Ол қызыл түсті киім, басына қара қалпақ, аяғына «гиве» қайқы тұмсық тоқылған аяқ киім киеді. Ол қолына дағыра немесе барабан ұстап, ән айтып, би билейді. Әрбір адам өз жағдайына қарай оған ақша береді.
  • Тұқым егу: Көк шөп – «Жеті син» дастарханына қойылатын ең көне әрі айқын символ. Оның маңыздылығы сондай, ежелгі Иранда жыл бітуге 25 күн қалғанда қаладағы орталық алаңға шикі кірпіштен 12 айды білдіру үшін 12 баған орнатып, олардың әрқайсысының үстіне тұқым еккен. Бидай, арпа, күріш, бұршақ, тары, жүгері, түйебұршақ, асбұршақ, күнжіт пен жасымық – осыларды әрбір бағанның үстіне еккен.
  • Жылдың соңғы бейсенбісі: Қайтыс болған адамдарды еске алу – бағзы замандардан бері Наурызды қарсы алу кезінде орындалатын рәсімдердің бірі. Бұл рәсімде өткен жыл барысында қайтыс болған адамдар еске алынып, олардың қабірлерінің басында «Фатиха» сүресі оқылады.
  • Чаршанбе сури: Жылдың соңғы сейсенбісінен сәрсенбіге қараған түні «Чаршанбе сури» деген атпен танымал. Бұл кеште түрлі рәсімдер орындалады. Ең маңыздысы – от жағып, оның үстінен секіру. Иранның түкпір‑түкпірінде осы рәсім орындалады.
  • Сәмәнупәзун: Сәмәну – «Жеті син» дастарханына қойылатын тәтті тағамдардың бірі. Иранда арнайы рәсім бойынша пісіріледі.  Жанұя мүшелері мен достар жиналып, арнайы әндер айтып, кейде тіпті ұлттық би билей жүріп, сәмәну пісіреді. Бұл тәтті тағам бидай өскіні мен ұннан жасалады және адам денсаулығына өте пайдалы.
  • «Жеті син» дастарханын дайындау: Наурыздың ең негізді символы – «Һәфт син» дастарханы. Ол барлық үйлерде жайылады. Бағзы замандардан бері бұл түрлі түсті дастарханға «с» әрпінен басталатын 7 өсімдік пен тағам  қойылады: сиб – алма, сабзе – көк шөп, сәнджед – жидек, сумақ – дәмдеуіштің бір түрі, сир – сарымсақ, серке – сірке суы және сәмәну – бидай өскінінен пісірілген тәтті тағам.
  • Бұған қоса, басқа да тіскебасарлар, Құран кітабы, айна, майшам, боялған жұмыртқа, қызыл балық, нан мен тағамдық шөптер, гүл, раушан гүлінің суы, тиын және тағы басқалар дастарханға қойылады. Әр өңірдің тұрғындары бөлекше дастархан жаяды.
  • Жылдың соңғы күнінде тағамдық шөптер қосылып пісірілген күріш пен балық етін жеу: Жыл ауысар күннің кешінде әр үйден тағамдық шөптер қосылып пісірілген күріш пен «куку сабзи» -  жұмыртқа араластырып пісірілген тағамдық шөп пен балықтың иісі шығып жатады. Бұрынғы заманда әл-ауқаты жақсы жанұялар мұқтаж жандарға күріш, май, балық пен жұмыртқа  таратып, олардың осындай кеште азықсыз қалмауына көңіл бөлген. Халықтың сенімінше, жылдың соңғы кешінде осындай тағам жеу жүрекке қуат беріп, көңілді көтеріп, өмірге қуаныш әкеледі. Бүгінде балық пісіру өте оңай, бірақ бұрынғы кезде оны бабына келтіріп пісіру қиын болған. Алдымен балық аулап, содан соң оны тұзды суға салып, сосын ыстап, кептіріп, тұздаған. Сөйтіп мейрам қарсаңында пісірілетін ысталған балық дайындалады.

Наурыз мейрамы кезіндегі рәсімдер:

Жылдың алғашқы күндері Иранда «Айам-е Ноуруз» - Наурыз күндері деп аталады. Бұл күндері арнайы рәсімдер орындалады:

  • «Жеті син» дастарханын айнала отырып, Жаңа жылды қарсы алу: Бұл рәсім адамдардың бір жерде бас қосуымен қоса, мыңдаған жыл бойы жадымызда сақталған әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің атадан балаға берілуіне септігін тигізеді. Дастарханға айна жарық символы ретінде, майшам нұр мен жарқырау символы ретінде, бір кесе су пәктік белгісі ретінде қойылады.

Айтып өткеніміздей, «Жеті син» дастарханына «с» әрпінен басталатын жеті зат қойылады: алма, сірке суы, сәмәну, сумақ, сарымсақ, жидек және көк шөп.

Жыл ауысар кезде жанұя мүшелері дастархан басына жиналып, дұға оқиды.

  • Көрісу-қауышу: Наурыз күндері туысқандар бір-бірінің үйіне қонаққа барып, арада жылулық артсын деп бір-біріне айттық, сыйлық береді. 

Наурыз мейрамының соңғы күндеріндегі рәсімдер:

  • Табиғат күні: Наурыз мейрамы шаттыққа толы бір рәсіммен аяқталады.  Жылдың 13-ші күні, яғни Наурыз мейрамының соңғы күні халық табиғат аясына шығып, «Сиздәһ бе дәр» рәсімін орындап, осы күннен ең жақсы естелік қалдырады. Осы күні орындалатын рәсімдердің біріне тілегеніңе жету үшін көк шөпті түйіп байлау жатады. Табиғат күні келгенге дейін ирандықтар қайда баратындарын таңдап, белгілейді. Кейбіреулер саябақты таңдайды, басқалары қаладан тыс жерге барады. Үшінші біреулері үй ауласы мен бақта жиналып, осы күнді өткізеді. Әдетте бірнеше таныс немесе туыс жанұя бірге жоспар құрып, Табиғат күнін бірге өткізеді.
  • Көк шөпті түйіп байлау – «Сиздәһ бе дәр» күнінде орындалатын ерекше рәсімдердің бірі. Ирандықтардың сенімі бойынша, бұл күні тілек орындалу үшін белгілі бір ниетпен көк шөпті байлау керек. Егер түйін шешіліп кетсе, тілектер орындалып, қиындықтар шешіледі. Тілектердің ішінде ең көп танымалы – жігіттер мен қыздардың бағы ашылуын тілеу. Олар бұл күні жан жолдасын табу ниетімен көк шөпті байлайды. Қыздар шөпті байлап жатып, «Келер жылғы Сиздәһ бе дәрге дейін күйеуімнің үйінде бала құшақтап отырайын» деп ниет етеді.  

Наурыз құтты болсын!