Фирдоуси – парсы тілі мен ирандық болмысты қайта жандандырушы
(last modified Sat, 15 May 2021 12:46:56 GMT )
Maм 15, 2021 18:46 Asia/Almaty

Бұл бағдарлама ұлы ақын Фирдоусиді ұлықтап, парсы тілінің мәртебесін көтеруге арналған.

Ирандықтар – Фирдоусидің аялы алақанында тәрбиеленген халық. Өйткені «Шахнама» – ирандық мәдениет пен өнердің мыңдаған жылдық тарихы. Фирдоуси дүниеге келмегенде, «Шахнама» жазылмағанда, қазіргі ирандықтар ғажайып парсы тілінде сөйлемес еді.

Бір күні атақты мысырлық жазушы Мұхаммед Хұсейн Хайкалдан «Сіздер, мысырлықтар, жарқын мәдениет пен тарихқа ие бола тұрып, неліктен араб тілінде сөйлеп кеттіңіздер?» деген сұраққа: «Біз арабтілді болып кеттік, өйткені бізде Фирдоуси болмады»,-деп жауап берген екен деседі.

Иранда араб тілі таралып, ирандықтар көптеген кітаптарын арабша жазса да, неліктен бұл тіл Иран халқының ресми тіліне айналмады? Тарих көрсеткендей, ирандықтар парсы тілін ұлы ақындар мен ойшылдардың арқасында сақтап қалды.  Саффарилер әулетінің негізін қалаушы Яғуб Ләйс Саффаридің сарай маңындағы ақындар мен жазушыларға "Мен түсінбейтін сөзді неге айтуым керек?" деген сөзінен басталған қозғалысқа Рудаки, Дақиқи және Ансари іргетас қалап беріп, Фирдоуси "Шахнама" атты мәңгілік туындысымен жан бітірді.  

Әлемді сөзіммен жұмаққа айналдырдым,

Бұдан артық ешкім сөз тұқымын екпеді.

Абад жерлер бір күні қирайды

Жауын-шашын мен аптап ыстықтан.

Ал мен жауын мен жел зиян тигізе алмайтын

Поэзиядан зәулім сарай тұрғыздым.

Бұдан былай мен де өлмеймін,

Өйткені сөз тұқымын шартарапқа шаштым.

 

Кең байтақ Иран жері тарих бойында ащы-тұщыны көп көріп, бірқанша құлдыраулар мен шарықтауларды бастан өткерді. Фирдоуси бөгделердің артықшылығы мен зұлым үстемдігімен күресу үшін жергілікті мақтаныштар мен Иранның ежелгі өркениетін тірілтті, халықта елді қорғау деген сезім тудыра алды. "Шахнама" ирандықтардың рухы мен жанына бәрінен бұрын отансүйгіштік және ержүректік сезімін тудыру тұрғысынан әсер етті. Нағыз ирандық "Шахнаманың" бәйіттерін оқығанда отансүйгіштік сезімінен тысқары қала алмай, ержүректік пен батылдыққа бет бұрады.

Фирдоусиді Иранның ұлттық қаһармандарының бірі санау керек. Ол парсы  тіліне қайта жан кіргізген қадірлі ақын. Доктор Абулфазл Хатибидің сенімінше, "Фирдоуси өткен тәжірибеге сүйеніп, орасан зор іс атқарып, парсы тілінің ұлылығын дәріптеп, "Шахнама" кітабын жазу арқылы парсы тілін бөгде сөздердің ықпалынан сақтап қалды, парсы тілінің морфологиялық құрылымын ережесіздіктен қорғап қалды. Парсы тілі өз кемелдігі үшін Фирдоусидің Шахнамасына қарыздар. Сол себепті Фердоусидің есімі парсы тілінің сақталуымен біте қайнасқан". Шахнаманың ең беделді нұсқасын жасаған доктор Халеқи Мотлақ бір ирандық ретінде "Біздің ұлттық болмысымыздың бір бөлігі парсы тіліне қарыздар. Ал парсы тілі көп жағдайда Фирдоусидің Шахнамасына қарыздар" деген пікірде.

"Шахнама" әдеби сөздер мен сөз тіркестері тұрғысынан парсы тілінің ең құнды қазынасының бірі саналады. Ол парсы тілінің дұрыс әрі әдемі сөздерін бойына жинап, оларды келесі ұрпаққа аманаттаған алғашқы ірі кітап болды. Парсы тілі – түрлі ирандық тайпаларды байланыстыратын, біріктіретін және нығайтатын құрал. Фердоусидің "Шахнамасы" парсы тілінің негізін нығайтқаны сондай, ол енді ешқашан жоғалмайды. Сол себепті  "Шахнама" парсы тілінің көмегімен ирандық тайпаларды біріктіру негіздерінің бірі саналады.

Фирдоуси еңбегінің шынайы маңыздылығы анықталып, Иран тарихында өзінің лайықты орнын алғанға дейін жылдар өтуі тиіс болды. "Шахнама" – Фирдоусидің бірегей эпикалық туындысы. Онда ирандықтардың өткені, мәдениеті мен болмыс-бітімі сақталған. Фирдоуси "Шахнаманы" жазу арқылы Иранның өткен тарихын сақтап қана қойған жоқ, барша ирандықтардың ғасырлар бойғы жадын жаңғыртты.   

"Шахнама" – ирандық мифология топтастырылған кітап. Фирдоуси бұл кітапты жазбағанда бүгінде осы аңыздардың көбінен айырылып қалар едік. Бұдан бөлек "Шахнама" – Иранның көне ертегілері мен әңгімелері жырланған кітап, біздің ата-бабамыздың көне әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері баяндалған еңбек. Фердоуси 30 жыл бойы тынбай еңбек етіп, "Шахнаманы" аяқтаған.

"Шахнама" – Иранның тарихы мен мәдениеті және эпикалық оқиғалары суреттелген күнтізбе. Кембридж университетінің ұстазы Чарльз Мелвилдің сенімінше, "Фирдоусидің үлкен жетістігі ирандықтардың тарихын сақтап қалуында. Және жай тарих емес, парсы империясының салтанаты шарықтап тұрған кездегі Иранның тарихы. Алайда маңызды жайт – оны ирандықтардың өз тілінде, яғни парсы тілінде жазғандығы. Фирдоусидің бұл еңбегі – ирандық болу деген үлкен ұғымның бір бөлігі. Өзінің болмыс-бітімінен хабардар болу және өз-өзін түсіну, менің ойымша, Фирдоусиде басқалардан көбірек байқалады".

Шахнама – ирандық аңыздар топтастырылған кітап

Зерттеушілер Фирдоуси "Шахнамасының" маңыздылығы осы ұлы ақынның бір ұлттың мәдениеті мен тағдырында ойнаған рөлінде деп санайды. Доктор Халеқи Мотлақтың сенімінше, парсы әдебиетінде, тіпті әлем әдебиетінде Фирдоуси "Шахнамасы" сияқты бір ұлттың тағдыры мен мәдениетінде рөл ойнаған және осыншалықты әсер еткен бірде-бір кітап жоқ. Қазіргі заманғы фирдоуситанушы Мұхаммедәли Ислами Надушан да Фирдоусидің "Шахнамасын" әлем әдебиетінде бір ұлттың тағдырын өзгерте алған жалғыз кітап санайды. Оның айтуынша, "Шахнама" Иранның тағдырын өзгертті. Бұл кітап жазылмағанда басқа бір ел болушы едік. Егер "Шахнама" болмаса, Мысыр, Сирия мен Иордания сияқты елдерде орын алған оқиғалар Иранда да қайталанар еді. Иран тарихы мен мәдениеті және парсы тілі Фирдоуси "Шахнамасының" арқасында сақталып қалды".

Фирдоусиді тек бір ақын, аңыздарды жырлаушы деп атай алмаймыз, өйткені ол өлең мен аңыздар, поэтикалық иірімдердің артында тәтті де тартымды парсы тілінің көмегімен бір ұлтты қайта жасап шықты. Фирдоусидің қиялында тек жаңа рух сыйланған ирандық аңыздар ғана болған жоқ, қайта қалыптасып, өсіп-өркендейтін ирандықтар болды. Сол себепті "Шахнама" – ирандық болмыстың бір бөлігінің айнасы. Әрбір ирандық өзінің болмысы мен мәдениетін тану үшін "Шахнама" айнасына үңілуге тиісті. Ирандықтар Фирдоусидің сөздерімен қайта өсіп, өніп, толысты.

Иран әрдайым жыр мекені болып келді. Әлемнің ең ірі әдеби туындылары осы жерде туды. Бірақ Хафиз, Сағди, Хайям, Низами, Хақани мен Моулави сияқты танымал ирандық ақындардың өлең жинақтары арасынан неге зерттеушілер Фирдоуси мен оның "Шахнамасын"  ирандық болу және ирандық болып қалудың басты критерийі санайды? Өйткені аталмыш сөз шеберлерінің өлеңдері тек Иран мен ирандық болудың бір бөлігін ғана көрсеткен. Ал "Шахнамадан" ирандық саналудың негіздерін тұп-тұнық қалыпта табуға болады.

"Шахнама" ирандықтарға ғана емес, әлем халықтарына да маңызды, өйткені адамның болмыс-бітімін қарастырады. "Шахнамада" бүкіл адамзат баласына ортақ нәрсе сөз етілген. Бұл – жақсылық пен жамандықтың күресі. "Шахнамада" ізгіліктің зұлымдықты жеңетініне баса назар аударылған. Сондай-ақ бұл кітаптағы маңызды тақырыптың бірі – ақыл.  

Тус хакімінің "Шахнамасы" – даналықтың қазынасы. Кітаптың өне бойы адамдық, жақсы мінез-құлық пен мейірімділікке үйретеді. Тәуелсіз болу, басты тік ұстау, әділетсіздікке мойынұсынбау – "Шахнама" батырларының тұрақты адами-ақлақтық принципі болып табылады.

25 ордибехешт – ұлы ақын Фирдоусиді ұлықтап, парсы тілінің мәртебесін көтеретін күн құтты болсын!