Омар Хайямның өлеңдері мен ойларына шолу
(last modified Wed, 19 May 2021 12:19:17 GMT )
Maм 19, 2021 18:19 Asia/Almaty

Бұл бағдарлама хакім Омар Хайям Нишапуриді еске алып, ұлықтауға арналған.

Сөз майталмандары өнер сиқырын пайдаланып, сөздерге жан бітіріп, олардың болмысына өзгеріс енгізіп, оларға жаңа ғұмыр сыйлайды. Қарапайым қолданыста тек байланыс құралы болып табылатын сөздер дарынды ақынның көркемөнер шеберханасында өнер құбылысына айналады. Сөйтіп оқырмандар мен тыңдармандардың жүрегіне терең бойлап, қозғау салады. Ақын тілдің көмегімен бір ойды бір санадан екінші санаға жеткізуді ғана қаламайды, ортақ тілді пайдаланып, бірдей ойлауға ұмтылмайды, оның қалауы – тілеулестік.


Иранның атақты ақыны əрі ойшылы Омар Хайям Нишапури х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың аяғы мен 6 ғасырдың басында  (11-12 ғасырлар) өмір сүрген. Аз да болса, терең мағыналы өлеңдерімен жаһанға танылып, кітабы əлемнің барлық дерлік тілдеріне аударылды. Сондай-ақ ол алгебра, геометрия, астрономия сияқты ғылым салаларында ғұлама ғалым əрі танымал жазушы болып табылады. Хайям өз заманында математика мен астрономия бойынша білімділігімен танылған. Ол қайтыс болғаннан кейін жарияланған өлеңдер жинағы оның ғылыми өрісін кеңейтіп, танымдығын арттыра түсті. Бүгінде Хайям Батыс пен Шығыста ғылыми дəрежесі тұрғысынан емес, əдеби мәртебесі мен мәңгілік рубаилары-төрттағандарына байланысты танымал.

Нью-Йоркте Омар Хайямға қойылған ескерткіш


Омар Хайямның рубаилар жинағы əлем əдебиетіндегі ең шағын өлеңдер жинағы болып табылады. Бірақ қалайша осы шағын кітап танымалдықтың шекарасынан асып түсіп, оның бәйіттері əлемнің ең алыс жерлерінде ауызға алынады? Шағын кітап бүкіл дүниеге таралатындай қандай философия мен алхимияға ие? Хайямның рубаиларында сергелдеңге түскен кез келген жанға демеу боларлықтай қандай сыр жасырылған? Уильям Дюранттың айтуынша, философиядан басқа не нәрсе Хайям өлеңдеріне осынша ұлылық сыйлады? Парсы əдебиеті тарихында өлеңдерін хикметке толтырып, поэзия мен философиядан сирек кездесетін таңғажайып қоспа жасаған ақындар көп. Бірақ олардың танымалдығы Хайямға жетпейді. Бұл ақын рубаиларының нəзік тартымдылығына байланысты. Бұл нəзік тартылыс ағылшын ақыны Фицджеральдты баурап алып, оны 1859 жылы  осы төрттағандарды аударуға ынталандырды. Осы аударма Хайям және оның ойларының əлемге танылуының бастамасы болды. 1859 жылдан 19 ғасырдың аяғына дейін, Арберидің айтуынша, Фицджеральд аударған Хайям рубаилары 25  рет басылып шықты. 1929 жылға дейін Хайям рубаилары ағылшын тілінде 410 реттен аса жарық көрді, оның өлеңдері негізінде 700-ден аса кітап пен мақала, музыкалық және театралдық туындылар жарық көрді. Əрине бұл статистиканың соңғы онжылдықтарда арта түскені айқын. Хайямның əлемге танымалдық деңгейін растағанда, Арберидің айтуынша, оның өлеңдерін аударған ағылшын ақыны мен суретшісі Фицджеральдты атау жеткілікті. Англия мен АҚШ-та Хайям рубаиларының аудармасы жоқ бірде-бір үй мен студенттік кітап сөресі жоқ. Ағылшын сарбаздары бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстарда осы кітапты қойындарында сақтап жүрген деседі. Хайямның 40 рубаиы мəтел ретінде цитаталар мен əндер (композициялар) сөздігінде тіркелген.

Нишапур қаласында Омар Хайямға қойылған ескерткіш


Хайям – парсы əдебиетіндегі жұмбақ адамдардың бірі. Ғасырлар бойы ол туралы айтылып, пікірталас жүргізіліп келеді. Хайям діндар əрі сопы адам ба, əлде лəззат қуған, ішімдікке құмар, шариғатты жоққа шығаратын адам ба? Ақынға екіжүзді болмыс телитін пікір қайшылығы – ақиқаттан бұрын бір қателіктен туындаған ағаттық. Шын мәнінде адамдар Хайямның рубаиларын өздерінің бейімі тұрғысынан талдаған. Сопылық сарынға бет бұрғандар ақынның өлеңдерін сопылықпен байланыстырып, тəпсірлейді. Басқа бір топ ақын өлеңдерін одан дінсіз əрі лəззат құмар адам жасайтындай түсіндіреді.


Ақынның өлеңдері оның өмірін көрсетпейтініне назар аудару керек. Басқа сөзбен айтқанда ақын өлеңінің оның шынайы өміріне қатысы жоқ. Ақын өлеңі оның өмірін көрсетпейді, керісінше жасырады. Сондықтан өлеңнен ақынның қандай болғанын болжауға болмайды. Өлең – ақынның оңаша қалған кездегі қиял күшінің жемісі.


Хайям – Құдайды тануға, Оны іздеуге ұмтылған ақын. Сол себепті болмыс жайлы ойланып, əлем мен адамның жаратылуы және т.б. мəселелер туралы толғанған.

Хайям өз ойларын баяндау үшін рубаи қалыбын таңдаған. Төрттағанда сөйлеу мүмкіндігі аз, ой тек төрт жолға сыюы керек. Ақын алғашқы үш жолда төртіншіде айтылатын ойға тиімді жағдай жасайды. Осы шағын қалып пен аз мұрсатта ұзақ та кең ойды жобалап, өзгелерге жеткізіп, оларға əсер ету баяндауда сиқырлы күштің болуын қажет етеді. Хайям рубаиларындағы сиқырлы сарын сөздерді тиімді таңдау, олардың бір-бірімен жақсы үндесуінен туындаған.  Хайям рубаиларындағы жағымды əуез оның сөзінің өтімді болуында, ойды оқырманға жеткізуде аса əсерлі болған себептердің бірі екені сөзсіз.


Хайям рубаиларының айшықты ерекшеліктерінің бірі олардың өте қарапайым, басы артық əрлеусіз жазылуында. Онда поэтикалық жасандылық жоқ. Бірақ мұнымен бір мезгілде көркемдік пен мазмұн тұрғысынан өте жоғары. Хайям рубаиларында мəн-мағына тұнып тұр. Ол бос сөйлеп, мақтау-мадақтауды көздемеді. Ол бар күшін ой мен мән-мағына жеткізуге жұмсаған. Сол себепті рубаидің шағын қалыбын таңдаған. Хайям рубаиларындағы мән-мағынаның нақтылығы, нәзіктігі мен жаңашылдығы сондай, кез келген қиял мен жасандылықтан асып түседі. Хайямның өлеңі байсалды. Ол әзіл-қалжыңмен араластырылмаған. Рубаиларындағы басты сөздер мен мазмұндар белгілі. Бұлар өлеңді түсінуге көмектесетіні анық. Алайда мазмұндар құбылмалы болғандықтан әрқилы түсініледі. Әрбір адам оларды өзінің наным-сеніміне қарай түсіндіреді.

Фицджеральд – Хайям рубаиларын ағылшын тіліне аударған алғашқы атақты аудармашы

 

Өмір мен өлім – Хайям философиясының негізгі әрі маңызды тақырыбы. Өлім Хайям өлеңдерінің көбіне көлеңке түсірген. Пьер Паскаль да Хайям рубаиларының француз тіліндегі аудармасына жазған алғы сөзінде өлімді Хайям рубаиларының ішкі негізі әрі теңдессіз ойы деп атады. Бұл ойдың Хайям рубаиларын жаулап алғаны сондай, тіпті адамдарға мүмкіндікті тиімді пайдалан деп кеңес беретін жерде де өлім жайлы ойдың басып тұратынын көруге болады. Алайда бұл өлімнен қорқу деген мағына бермейді. Өйткені  психологиялық принциптер бойынша өлімнен қорқатын адам өлім жайлы осынша жиі айтуды қаламайды, керісінше шамасы келгенше бұл тақырыпты айналып өтіп, естімеуге тырысады.

Хайям рубаиларының көбінде өмір мен өлім арпалысы көркем түрде әдемі сипатталған. Мұның бәрі ақынның болмыс құпиясы туралы ойларының әсерінен қалыптасқаны анық. Хайям өмір мен өлім арпалысын баяндау арқылы өмірдің әрбір сәтінің құндылығын еске салып, адамдарды уақытты тиімді пайдалануға шақырады.

Хайям өз айналасына терең көзқараспен қараған, құмыра, үйдің кірпіші, дала мен қирандылардан өлімнің қаһарлы қолын көріп отырған. Ол көмілген адамдардың өткені мен бүгінінің қандай болғаны, олардың өз бастауы мен соңынан хабарсыз болуы туралы ойланып, өзінің жанайқайы мен ескертулерін өлең қалыбында жеткізген. Ол өз өлеңінде осыдан бұрын тірі болған және махаббат сыйлаған, бірақ өлім оны жойып, құмырашылар оның топырағынан құмыра жасаған сүйіктісін еске алады.  

Мына құмыра мен сияқты ғашық жар еді

Бір сұлудың бұрымына байлаулы еді

Құмыраның мойнына асылған мына қолшық

Бір кездері ғашық жардың мойнына асылған қол еді.

Хакім Омар Хайямның Нишапур қаласындағы кесенесі

Хайям топырақ, шикі кірпіш пен құмыраны бір құнды да әдемі затқа балап, оқырманға одан ары әсер етуді көздейді. Осылайша өзі көздеген мән-мағынаны әсерлірек әрі көркемірек жеткізеді. Хайям кейбір рубаиларында өлім жайлы сөз етпейді, бірақ өмірдің өткінші екеніне тоқталады, осылайша өлімнің жақындап қалғанын еске салып, өмірдің әрбір сәтінің қадірін біліп, өлім жайлы ауыр ойдың жетегінде кетпеуге кеңес береді.

28 ордибехешт – хакім Омар Хайямды ұлықтау күні құтты болсын!