Жақсы дос имам Джавадтың (ғ.с.) көзқарасынша
Әлемнің барша мұсылмандарына Исламның ұлық пайғамбарының ұрпағынан шыққан имам Джавадтың (ғ.с.) шәһид болған күніне көңіл айтамыз.
Имам Резаның (ғ.с.) ұлы имам Джавад (ғ.с.) - мейірімділік имамы. Ол хижраның 195 жылы Мединада дүниеге келген және әкесі шәһид болған кезде сегіз жастан аспаған. Имам Джавад (ғ.с.) 25 жыл өмірінің 17 жылын басшылық етті және жас кезінде ол өз заманының ғалымдарын таң қалдырды. Имам Джавад (ғ.с.) хижраның 220 жылы билік пен байлықтан мастанғандардың қолынан шәһид болып, атасы мам Мұса Каземнің (ғ.с.) қасына жерленген. 1200 жылдан астам уақыттан кейін хазіретті өлтірушілерден бірде-бір тас және олар үшін «Фатиха» оқитын адам табылмайды. Бірақ Джавад (ғ.с.) мен оның атасы имам Каземнің (ғ.с.) Бағдадтың солтүстігінде, Каземаиндеге қасиетті жерге күн сайын мыңдаған адамдар жиналып, кесенесі мен алтын күмбезін зиярат етіп, имамның (ғ.с.) мінезі мен өмір салтын өздері үшін үлгі етеді.
Пәк имамдар (ғ.с.) - білімнің сарқыраған бұлағы мен иләһи білім қазыналары және олар жарқырап, сөнбейтін шам сияқты, ғылымның төрт бұрышын өздерінің сәулелерімен жарықтандырады. Имам Джавад (ғ.с.) адамзат қоғамының алғашқы нұсқасын адамдарға ұсынады және осы қоғамнан шығатын нәтижелер мен салдарлар туралы ескертеді. Имам Джавад (ғ.с.): «Ақылсыздармен және құдайсыздармен араласу адамгершіліктен айырылуға, ал ақылдылармен араласу адамгершіліктің өсуіне және жетілуіне әкеледі»,- деді.
Қасиетті Ислам дінінде адамдарға басқалармен қарым-қатынас жасау үшін көптеген нұсқаулар берілген және жақсы досқа тән белгілер көрсетілген. Ислам діндар, яғни моральдық және діни міндеттемелері бар адамдармен достасуға кеңес береді. Себебі, Алланың алдында міндеті жоқ адамдардың досы алдында міндеті болмайды және Алланың әмірлерін ұстанбаған адам досы алдындағы міндеттерін де орындамайды. Иманы бар адамдарды көру бізге Алланы еске түсіреді және біз олармен араласу арқылы Жаратушыны көбірек еске аламыз. Бұл адамдар шынайы Құдіреті шексіз Алламен және имамдармен (ғ.с.) шын жүректен қарым-қатынаста болғандықтан, Аллаға ғашық болады және бұл олардың барлық мінез-құлықтары мен әрекеттерінде айқын көрінеді. Мұндай адамдармен араласу адамға саналы түрде рухани мәселелерді еске түсіреді, сондықтан адам әрдайым Құдайды еске түсіреді, осылайша ол өзін шайтан мен жаман істерден алшақтатады. Сондықтан имам Джавад (ғ.с.) жақсы достармен кездесуге кеңес береді және: «Достармен және бауырлармен кездесу [жақсы адамдармен] жүректі тазартады және оны нұрландырады және ақыл мен даналықтың гүлденуіне себеп болады»,- деді.
Жақсы досқа тән тағы бір қасиет – ақылды, дана болу. Исламның білім беру мектебінде ақылды дос соншалықты құнды, ол адамзат бақыты мен жетістігінің қайнар көзі болып саналады. Ақылды досы бар адам өмірде үлкен нығметке ие болады және бұл нығметті бағалау керек. Жақсы досты жақсы пайдалануы керек. Ақылды дос рухани сергектік, қауіпсіздік пен тыныштық әкеледі, өйткені ақылдылармен достасу оның ақыл-ойынан пайдалану. Ақылды дос өмірдің ауыртпалықтарын емдейтін және әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі. Ол өмірдің қиын және қауіпті кезеңдерінде досына ең үлкен қызмет көрсете алады және ақылымен құлау мен қайғы-қасіреттен құтқара алады. Осыған байланысты шиіттердің тоғызыншы имамы хазірет Джавад (ғ.с.): «Әр адамның бойында өз ісіне өкінбейтін үш қасиеті болуы керек: асықпау, ақылдасу және бірдеңе жасауға бел буғанда Аллаға арқа сүйеу»,- деген. Сондықтан ақылды достармен кеңесу олардың пайдалы пікірлерінен пайдалануға әрі достықты нығайтуға тиімді болады.
Адамның ұжымдық рухы оны сүйіспеншілік пен достыққа жігерлендіреді. Адамның жаны достық көлеңкесінде гүлдеп, адамның өмірдің тәтті дәмін татуына себеп болып, сағыныш пен жалғыздықты сезінбейді. Сонымен қатар, өмірде достардың көмегі төзімділік пен мақсаттарға жетудегі жетістіктердің деңгейін арттырады және адамдар үшін құнды қолдау болып табылады. «Мың дос аз, бір жау көп» деген сөз – дұрыс сөз. Себебі достық - адамдардың рухани қажеттілігі, әлеуметтік қажеттілігі және қоғамдағы жеке адамдардың өзара ынтымақтастығының факторы. Сондықтан мұсылманның өзгелермен әлеуметтік қарым-қатынасын нығайтып, діни бауырларымен және достарымен кездесіп, оларға жанашырлық танытқаны орынды. Ал адамның өзін басқалардан оқшаулау және алыстату зиянды салдарға әкеп соғады. Имам Джавад (ғ.с.): «Үш қасиетпен достардың сүйіспеншілігіне ие болуға болады: кездесулерде әділ болу, қиыншылық пен қуаныштарына ортақ болу және таза жүрек»,- деді.
Жақсы дос таңдау бұл дүние мен ақыреттегі бақытқа себеп болады. Жақсы дос таңдау адамның өмірдің әр саласында жетістікке жетуінде ең маңызды рөл атқарады, ал бұл таңдауға назар аудармау немесе назардан тыс қалдыру қайғы-қасірет пен өлімді әкеледі. Әділ және жақсы достар адамға шынайы өмірлік мұраттарға жетуге қаншалықты көмектессе, жаман достар да адамды сәттіліктен алшақтатып, оның жойылуы жағдай тудырады. Имам Мұхаммад Тақи, Джавад әл-Имам (ғ.с.) өз өміріндегі уаһи ілімдерден шабыт алып: «Жаман адамдармен достық қарым-қатынастан аулақ болыңыз, өйткені залым адам жалаңаш қылышқа ұқсайды, сырты әдемі, бірақ әсері жағымсыз»,- деді. Бұл сөзінде ұлы имам (ғ.с.) мұсылман және мүмін адамның лайықсыз адамдармен араласудан аулақ болу керектігін бірнеше рет атап өтті. Себебі ондай адамдармен араласу адам бойына арамдықтың дәнін себеді және жүректің қатыгездігіне себеп болады, сондай-ақ адамды Алланың қаһары мен азабына душар етуі мүмкін.
Кез келген жағдайда, тіпті достық пен мейірімділіктің өзінде ұстамдылық жақсы және қажет. Достық пен араздықтың шектен шығуы өкінішке әкеледі. Кейде екі дос бір-бірінің жеке өмірі, ерекшеліктері мен құпияларын білетіні соншалық, егер бір күні достығы бұзылса, олар орны толмас зиянға ұшырайды. Адамдармен араздықты да асыра сілтеуге болмайды, сондықтан егер бір күні араздық достыққа айналса, өткен күндердегі жаман қылықтар ұятқа айналып, қайтадан достыққа кедергі болады.