Жел 02, 2021 20:05 Asia/Almaty

Ауғанстан халқы ваххабизм идеясымен жүз жылдай таныс.

Ауғанстан халқы ваххабизм идеясымен жүз жылдай таныс. Бұл таныстық 1912 жылы шейх Шари Сауд Арабиясының Мәдина қаласынан Орталық Азиядағы Ферғана алқабына барып, жергілікті тұрғындар арасында уахабилік салафизмді уағыздаған кезінен басталады. Шейх Мұхаммад Шари осы аймақта өз жақтастарын тапты, кейінірек оның жақтастары Ауғанстанның Бадахшан, Кунар, Хост және Нуристан тайпалық аймақтарына кірді. Дегенмен, Ауғанстандағы ваххабизм мен діни экстремизмнің негізгі әсері 7-сәуірдегі мемлекеттік төңкеріс пен Ауғанстанда коммунистік үкімет орнағаннан кейін және Ауғанстанның мұсылман елі оларға қарсы жиһад бастағаннан кейін байқалды. Өйткені бұл жиһад уақыт өте келе кейбір елдердің кепіліне алынды. Атап айтқанда, араб елдері ауғандық жиһад алаңына түрлі жолдармен шықты. Сауд Арабиясы бастаған арабтар Ауғанстанға екі жолмен, аатп айтқанда мыңдаған діни оқу орындары мен мешіттердің ашуы  және ауғандық жиһадқа араб еріктілерінің тікелей қатысуы арқылы ықпал етуге тырысты. Сауд Арабиясы ваххабизмді тарату, сондай-ақ Ирандағы Ислам революциясына қарсы тұру үшін Ауғанстан мен Пәкістанға қомақты қаржы салды және Ауғанстандағы соғыс үшін миллиондаған доллар төледі. Сауд Арабиясы сонымен қатар Ауғанстанға араб жасақтарын әкелетін маңызды бекет болды. Саудияның екі банкі: Дар әл-Мал әл-Ислами (1981 жылы құрылған) және Далал әл-Барака (1982 жылы құрылған) Кеңес әскерлеріне қарсы соғысты қаржыландырды. Кең көлемдегі мемлекеттік ресурстардан басқа, бұл банктер мешіттер мен қайырымдылық ұйымдары арқылы сыртқы ресурстар мен жеке көмектерден де пайда көрді. Үгіт-насихаттар мен діни медреселер құрылысы  тек Хайбер-Пахтунхва мен Белуджистан және Пәкістанның тайпалық аймақтарымен шектелмеді. Олар  басқа аймақтарда да, соның ішінде Пенджаб пен Синдтің азған жерлерінде де салынды.

Халықаралық сарапшы Шафиилің пікірінше, «Ауғанстандағы жиһад кезінде саудиялық уахабшылар Белуджистан аймағында ауғандық иммигранттар үшін бірнеше орталық құрып, қаржылай көмек арқылы ваххабилік мәдениетті насихаттады. Олар сонымен қатар аймақтағы суннит босқындары мен иммигранттарына кітаптар, лекциялар, фильмдер, таспалар мен фотосуреттер таратты».

Пәкістанда уахабилік көзқарасты алға жылжытудың тағы бір маңызды факторы оның Сауд Арабиясымен кең қарым-қатынасы болды. Бұл қарым-қатынастар Зүлфиқар Әли Бхутто тұсында жаңа кезеңге шығып, генерал Зия-ул-Хак тұсында өзінің шарықтау шегіне жетті. 1989 жылдың қыркүйегінен бастап саудиялық уахабшылар шекаралық провинция (қазіргі Хайбер-Пахтунхва) мен Белуджистандағы ауған босқындарына білім беру және гуманитарлық көмек көрсетуді сылтауратып, бірнеше орталықтар құрды, соның ішінде Дава әл-Исламие институты, Әл-Исра кеңсесі,  Мекке әл-Мукаррама  қоры және т.б. Олар қаржылық көмек арқылы өздерінің шиіттерге қарсы уахабилік мәдениеті мен саясатын құрып, насихаттады. Басқа жағынан, Пәкістанда деобанди сектасының таралуы мен уахабилік үгіт-насихат елде діни экстремистік топтардың құрылуына ықпал етті. Қаржылық көмек пен орталықтар құрумен қатар, араб исламшылдары коммунизм мен ислам арасындағы соғысқа қарамастан Пәкістанға барып, оқудан өтіп, Ауғанстандағы ауған моджахедтеріне қосылды. Ауғанстандағы араб моджахедтерінің саны көп ұзамай 20 мыңнан асты.

Ауғанстандағы соғысқа араб және мұсылман еріктілерін тартуда белсенді рөл атқарған көрнекті араб қайраткерлерінің бірі палестиналық жауынгер доктор Абдулла Юсуф Аззам (1941-1989) болды. Діни білімін және әл-Азһар университетінде ислам заңы бойынша докторлық дәрежесін алған ол 1980 жылдардың басында Ауғанстанда жиһадтың парыз болуы туралы пәтуа шығаруымен көптеген мұсылман жастарының ынтасын тудырды. 1984 жылы Пәкістан-Ауғанстан шекарасындағы Пешавар қаласында Аззам ислам әлемінің түкпір-түкпірінен келген әскери еріктілерді жинап, қаржыландыратын және оқытатын «Мактаб әл-Хадама» немесе «Моджахидтерге қызмет көрсету» деп аталатын ұйым құрды. Содан кейін бұл әскери еріктілер Ауғанстанға жіберілді. «Мактаб әл-Хадаманың» 35 елде, соның ішінде АҚШ-та ерікті жауынгерлерді өзіне тартатын филиалдары болды.

Солдан оңға қарай: Шейх Омар Абдул Рахман, Усама бен Ладен  және Абдулла Юсуф Аззам   

 

Жиһадшыларды тартуға маңызды рөл атқарған тағы бір көрнекті тұлға Мысырдағы Жамағат-е-Ислами жетекшілерінің бірі шейх Омар Абдель-Рахман болды.  

Саудиялық миллиардер Усама бен Ладен Ауғанстандағы моджахедтерге түрлі жолдармен, әсіресе қаржылық жағынан көмектескен тағы бір тұлға. Сауд Арабиясындағы Абдул Азиз университетінде қала құрылысы мамандығы бойынша білім алған Усама Абдулла Аззам, Хасан әл-Банна, Маудуди және Сайид Құтб сияқты исламшылдардың ойларымен танысып, жиһадтық идеяларын жүзеге асыру үшін университетті тастап, 1979 жылы Кеңес Одағының Ауғанстанға басып кіруіне қарсы жиһадпен күресу үшін Пәкістанға келді. Ол Пешаварда «Мактаб әл-Хадаманың» құрылуына елеулі үлес қосты және оның күш-жігерімен Пәкістан мен Ауғанстанда мыңдаған араб жауынгерлерін тіркеу, оқыту, ұйымдастыру және оларды Ауғанстанға жіберу үшін көптеген әскери оқу лагерлері құрылды. Бұл лагерлердің ішінде «Даранта», «Халдан», «Садеқ», «Саида», «Халид бин Уәлид», «Әл-Масада» және «Әл-Фаруқ» лагерлерін атап өтуге болады.

Бен Ладеннің орынбасары, радикалдық исламның заманауи теоретикі Иман әл-Завахири арабтар арасында бен Ладенге интеллектуалдық ықпал еткен тағы бір көрнекті тұлға. Хирург Иман әл-Завахири Каир университетінің көрнекті профессорының ұлы болды. Оның атасы әл-Азһар имамдарының бірі және оның көкесі  Араб лигасының бірінші бас хатшысы  болған. Иман әл-Завахиридің келуімен «Әл-Қаида» күрт  радикализм  мен такфирлік ағымдарға бет бұрып, лаңкестік қозғалыстарын ашық түрде арттырды.

Иман Завахери

Фаваз Гергестің пікірінше, Ауғанстандағы соғыс уахабилік-салафилік мазхаб пен «Мұсылман бауырлар» қозғалысының әскери бөлімі арасында берік байланыс орнату арқылы исламизмді өзгертті.  Ол: «Жаһандық жиһад Мысырдың Ніл өзені мен Сауд Арабиясының шөлі арасындағы байланыстан туған»,- деді. Ауған соғысының тәжірибесі ауған жауынгерлерін экстремизмге итермеледі. Жиһадшыл емес ауғандықтар    салафилік және уахабилік идеяларды ұстанатын арабтармен араласып, сонымен қатар «Джахад», Мысырдағы «Жамаат-е-Ислами», алжирлік әскери исламшылар, Пәкістанның «Джамаат-е-Ислами» және Кашмирдің «Әл-Ансар қозғалысы» сынды топтарға жақындапе экстремизмге бет бұрды. Жиһад талаптары араб шейхтері үшін идеологиялық ықпалға қол жеткізу және ауғандықтарды салафизм-ваххабизмге өтуге ынталандыру үшін күш-жігерін арттырудың тарихи мүмкіндігі болды. Бірақ уахабшылар өздері ойлағандай, қалаған нәтижеге бірден жете алмады. Оның себебі араб  топтарының тілден бөлек, мәдени-идеологиялық жағынан өздеріне де, ауғандарға да ұқсамайтындығы, сондай-ақ арабтардың  мәдени және діни көзқарастары ауған халқының пікірінше қатал және фанаттық болды. Ауғанстанға барған көптеген арабтар салафиттік және уахабилік идеяларды ұстанды, бірақ ауғандардың көпшілігі интеллектуалды және мәдени тұрғыдан ханафи мазхабын ұстанды. Рашид Реза: «Көптеген ауғандықтар өз заманында рационалист ретінде танылған Әбу Ханифаның ізбасарлары болғандықтан,  интеллектуалдық қаттылығымен танымал болған Ахмад ибн Ханбалға қалай еруі мүмкін?»- деп жазды.

Аймақтағы танымал маман Моллазехи мырза: «Нақшбандийа және Қадирия сияқты сопылық мектептер, Мысыр мұсылман бауырлары мен шиіт тайпаларының арасындағы шиіттердің ықпалы өзінің дәстүрлі және тайпалық құрылымдарымен ауған қоғамының кейбір бөліктерінде қандай да бір ықпалға ие және ваххабизмнің ықпалына қарсы тұрды»,- деді.  Арабтар мен ауғандарды байланыстырған жалғыз нәрсе ортақ жау болды. Тіпті олардың ортақ жауға деген көзқарасы да бөлек еді.  Арабтардың мақсаты исламдық жерлерді басып алушылармен идеологиялық күрес жүргізу және Ислам үмбетін қорғау болды. Арабтардың  көзқарасы жаһандық, ал ауғандықтардың көзқарасы жергілікті болды.

Бұл пікір алшақтығы тек сенімдерде ғана емес, саяси көзқарастарда да бүгінгі күнге дейін байқалады. Ауғанстанда өздерін ДАИШ немесе ДАИШ Хорасани деп санайтындар Ауғанстанда ғана емес, тіпті Орталық Азияда, Қытайда және басқа жерлерде де өз көзқарастары мен шариғат заңдарын іске асырғысы келеді.  Ал басым көпшілігі ханафилер болып табылатын Талибан қозғалысы Ауғанстанның шекарасы, аумақтық тұтастығы, басқыншы күштердің шығарылуы және елде шариғат заңдарының орындалуы сынды мәселелермен шектелді.

 

 

Тегтер