Қарсыласу және оның ерекшеліктері Аятолла Хаменеидің көзқарасы тұрғысынан
(last modified Thu, 30 Dec 2021 11:53:30 GMT )
Жел 30, 2021 17:53 Asia/Almaty

(Сардар Солейманидің шәһид болған күніне орай-1) Қазір сардар Солеймани мұсылмандарды қарсыласу жолында біріктіретін тұлғаға айналды. Ислам әлемінде үстемшілдердің зорлығына қарсы қозғалыс туындаған кез келген жерде құпиясөз бен символ – шәһид Солеймани.

Генерал Қасым Солеймани – әлсіздерге зорлық көрсететін жаһандық зұлымдықпен күрес символы әрі ең танымал ирандық тұлғалардың бірі. Оның джиһады ұлы джиһад еді. Оның мақсаты Исламның абырой-айбынын сақтап, әлсіздерді қорғау жолында әрекет етуден басқа ештеңе емес болатын. Ол өз өмірін залымдармен күресумен өткізді. Қажы Қасым Солейманиден қалған ұлы мұра – қайрат, ержүректік, қарсыласу, Алла жолында талмай еңбек ету және сабырлы болу. Оның Құдаймен ғашықтық пен мистикаға толы байланысы, Құран Кәрімде айтылған Алланың уәделеріне шүбәсіз сенуі және Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеиге қалтқысыз қызмет етуі оны қан майданда теңдессіз жауынгерге айналдырды. Қазір оның аты қарсыласу күресінің ең биік шыңында желбірейді. Аятолла Хаменеи сардар Солейманидің шәһид болғанына орай жасаған баяндамасының бір бөлігінде: "Шәһид Солеймани – халықаралық қарсыласу қозғалысының айшықты тұлғасы. Қарсыласуды жақтайтындардың барлығы оның қаны үшін кек алғысы келеді",-деді.

Шәһид Солеймани – халықаралық қарсыласу қозғалысының айшықты тұлғасы

 

Қарсыласу теориясы азаттық сыйлайтын теория ретінде үстемшіл жүйеге қарсы тұру мақсатында қалыптасты. Иран қоғамы әрдайым деспотизм және алпауыт елдердің күн сайынғы ішкі іске араласушылығымен бетпе-бет келіп, халық елде үстемшіл жүйенің басқаруынан және ел байлығын талан-таражға салғанынан шаршағандықтан "қарсыласу" Ислам революциясының басты армандарының біріне айналды. Қарсыласудың басты принципі Мұхаммед пайғамбар таратқан нағыз исламның мәтіні мен Құран Кәрім аяттарынан алынған. Аятолла Хаменеи осы жайлы былай дейді: "Иран халқы ұлы іс атқарды. Алпауыт елдердің зорлық-зомбылығы мен талан-таражы жайлап, түрлі аймақтағы әлсіз халықтар ұдайы қысым астында болған әлемде бір тіршілік иесі, бір болмыс бас көтеріп, ешкімге жалтақтамастан асқан ержүректікпен әлемнің осы бір қате әрекетін айыптап, яғни үстемшілдік пен үстемшіл жүйеге қарсы шықты. Бұл – Иран халқының ісі. Иран халқы үстемшіл жүйені теріске шығарды".

Ислам революциясы жетекшілерінің көзқарасынша, қарсыласу тек үстемшіл жүйеге қарсылық білдірумен шектелмейді, дұшпанның осал жерін табу, сол осал жерге шабуыл жасау – қарсыласу майданы мәселелерінің бірі.

Аятолла Хаменеи қарсыласуды діни және адами іс деп санайды. Ислам революциясы жетекшісінің көзқарасынша, қарсыласудың бірнеше ерекшелігі бар. Басты ерекшелігі – Құранда айтылған илаһи уәделерге сену. Ол осы туралы: "Қарсыласу Аллаға иман келтіріп, Оның уәделеріне толық сеніп, тәуекел етуден басқа жағдайда мүмкін емес. Алла тағала Құранда " وَ لَیَنصُرَنَّ اللهُ مَن یَنصُرُه " Оның рәсімдерін ұстанып, қорғайтын адамдарға көмектесіп, жеңіске жеткізуге уәде берді. Бұл уәде орындалады. Егер де біз өзімізді түзеп, илаһи уәделерге күдікпен емес, ізгі ниетпен қарасақ, жеңіске жетеміз".

Аятолла Хаменеи, сейіт Хасан Насролла мен шәһид Солеймани

 

Аятолла Хаменеидің көзқарасынша, сабыр мен табандылық – қарсыласудың ерекшеліктерінің бірі. Ислам революциясының жетекшісі Құран аяттарына сәйкес мынадай пікірде, Алла тағала Мұхаммед пайғамбарлық миссиясын бастаған кезден-ақ оған қарсылар мен жамандық тілеушілерге қарсы сабырлық пен табандылық танытуға бұйырған. Алланың елшісіне сабырлы болуға бұйрық беріп: " وَ لِرَبِّکَ فَاصبِر –Раббың үшін сабыр ет (Муддәссир, 7-аят) ",-деді. "Муззәммил" сүресінің 10-аятында пайғамбарға: " وَ اصبِر عَلیٰ ما یَقولون  - Олардың айтқандарына сабыр ет. Олардан сыпайы түрде айрыл",-деді. Сондай-ақ: " فَاستَقِم کَماٰ اُمِرتَ وَ مَن تابَ مَعَک  - (Мұхаммед Ғ.С.) бұйырылғанындай тура бол! Сенімен бірге тәубе еткен кісілер де. Және артық кетпеңдер! Өйткені Алла, не істегендеріңді толық көруші" (Худ, 112-аят),-деді.

Аятолла Хаменеи Құран Кәрімде айтылған уәделерді ескеріп, сабырлы да табанды болуды ұлы жеңістердің бастамасы деп атады. Бірақ оның пайымдауынша, Алла бұйырған сабырлық пен табандылық әрекетсіздік пен ықтиярсыздық деген сөз емес, керісінше қозғалыс деген мағына береді. Аятолла Хаменеи: "Сабырлы болу қол қусырып отыру және әліптің артын бағу деген сөз емес. Сабыр дегеніміз табанды түрде қарсы тұру, қарсыласу, өзіңнің дұрыс есебіңді дұшпанның айласына жеңгізбеу, өзгертпеу. Сабыр яғни өзіміздің алдымызға қойған мақсаттарды орындау. Сабыр яғни рухты жоғалтпай әрекет етіп, жалғастыру. Сабырдың мағынасы – осы",-деп түсіндірді.

Қырағылық пен дұшпантану – Аятолла Хаменеи тұрғысынан қарсыласудың тағы бір ерекшелігі. Қырағылық ұшқырлық және дұрыс жолды тану мағынасында. Хақ жолын тану және соған қосылу, бұрыс жолды тану және оған қарсы тұру. Аятолла Хаменеи: «Адам дұрыс жолды тануда қателеспеуін қадағалау керек. Іріткі мен алауыздыққа ластанған ортада дұрыс жол қайсы екенін түсініп, табу керек. Қырағылық деген осы,-деді.

Ислам революциясының жетекшісі өз сөзінде «қырағылық, сабыр мен табандылықты»  дұшпандармен күресте маңызды қасиеттер деп таныстырып, осы туралы: «Егер бір ұлтта қырағылық пен сабыр деген екі қасиет болса, дұшпан ештеңе істей алмайды, ешқандай зиян тигізе алмайды, ислам жүйесімен күресте  еш нәтижеге жетпейді»,-деді.

Аятолла Хаменеи қырағылық пен дұшпантануды халыққа қарағанда жетекшілерге аса қажет қасиеттер деп атады. Ол осы туралы: «Халық әрдайым қарсыласуға дайын. Жетекшілердің дайын болуы маңызды... Біз соңғы жылдары ұлттық көтерілістер болған жерлерде халықтың ерік-жігерін көрдік, нәтижеге жеткеніне куә болдық. Алайда оларды дұрыс басқара алатын, мақсатты дұрыс айқындап, халыққа дұрыстап түсіндіріп беретін жетекшілер болмады. Сондықтан жеңіліс тапты. Иран халқы имам Хомейнидің (р.) берекесі арқасында дұрыс жолмен жүріп, қозғалысты дұрыс атқарды. Өйткені Иран халқының айбынды, қырағы әрі илаһи уәделерге сүйенген тәуекелшіл жетекшісі болды»,-деді.

Талпыну және талмай еңбек ету – бір ұлттың табанды қарсыласуында аса маңызды қасиеттердің бірі. Ислам революциясы жетекшісінің көзқарасынша, мүмін әрі революцияшыл жастар, дарындар мен ғалымдардың талпыныстары мен талмас еңбегі Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін елдің ғылыми-технологиялық даму жолында қадам басуына себеп болды. Санкциялар кезеңінде жастардың табанды талпынысы ұлы жетістіктер сыйлады. Үстемшіл жүйе барлық күш-қуатымен жастардың ерік-жігерін мұқалтуға тырысты. Ислам революциясының жетекшісі: «Бір кездері Ислам республикасы бір тал шыбық болған, ал қазір алып ағашқа айналды. Ешбір дауыл оны құлата алмайды. 8 жылдық соғыс сияқты ауыр оқиғалар орын алса да, бұл халық өзін сақтап қала алды... Иран халқы бар күш-қуатымен қарсы тұрып, оларды тізе бүктірді. Өзі бас имеді, тізе бүкпеді, керісінше өз абырой-айбынын арттырып, елді дамытты»,-деді.  

Сардар Солеймани мен Сейіт Хасан Насролла

 

Аятолла Хаменеидің көзқарасынша, джиһад – қарсыласудың басты ерекшеліктерінің бірі. Хазірет Әлидің (ғ.) айтуынша, джиһад – жұмақтың сегіз қақпасының бірі. Алла жолында күресушілер осы қақпа арқылы жұмаққа кіреді. Аятолла Хаменеи джиһад жайлы «Анкабут» сүресінің 69-аятына тоқталып: «« وَالَّذینَ جٰهَدوا فینا لَنَهدِیَنَّهُم سُبُلَنا - Сондай жолымызда күрескендерді әлбетте тура жолдарымызға саламыз. Рас Алла жақсылық істеушілермен бірге. Пенделер күрес жолына түскенде Алла тағала оларға жол көрсетеді»,-деді.

Шынайы джиһадтың ұлы сыйын Алла жолында шәһид болу арқылы алған қайратты күрескерлердің бірі қажы Қасым Солеймани болды. Ислам революциясы жетекшісінің айтуынша, қажы Қасым жүз рет өлім аузынан қалған. Алайда Алла жолында джиһад жасап, қызмет атқаруда ештеңеден аянып қалмады. Дұшпаннан қорықпады, анау-мынаудың сөзінен қаймықпады, қиындыққа төзуден жалықпады.

Қазір сардар Солеймани мұсылмандарды қарсыласу жолында біріктіретін тұлғаға айналды. Ислам әлемінде үстемшілдердің зорлығына қарсы қозғалыс туындаған кез келген жерде құпиясөз бен символ – шәһид Солеймани. Ол халықтарға қарсыласу бағдарламасы мен күресу үлгісін үйретіп, таратты.