Қаң 07, 2022 00:42 Asia/Almaty

Бүгін – хазірет Исаның (ғ.) туған күні. Бұл күн әлем елдерінің көбінде тойланады. Хазірет Исаның (ғ.) туған күнімен құттықтай отырып, осы мерекеге орай дайындалған бағдарламамызды назарларыңызға ұсынамыз.

7 қаңтар (25 желтоқсан) хазірет Исаның (ғ.) туған күні ретінде әлем елдерінің көбінде тойланады. Хазірет Иса (ғ.) ислам дінін ұстанатын мұсылмандар арасында да айрықша құрметке ие. Құран кітабының 45 жерінде "Иса" аты, 15 жерінде "Мәсіх" аты аталған. Тіпті Құрандағы сүрелердің бірі оның ардақты анасы хазірет Мәриямның (ғ.) атымен аталған. Құрандағы тағылым бойынша, хазірет Иса (ғ.) – Алла елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) келетінін сүйіншілеген соңғы пайғамбар. Оған "Інжіл" деген илаһи кітап түсірілді. Осы тұрғыдан бұл күн христиандардың мерекесі болғанымен мұсылмандар арасында да айрықша аталып өтіледі. Сондықтан хақ пен әділет жолын ұстанушылардың барлығын осы күнмен құттықтап, бағдарламаны тыңдауға шақырамыз.

Құран Кәрімдегі "Мәриям" сүресінің 16-33 аяттарында хазірет Исаның (ғ.) қалайша дүниеге келгені туралы әдемі хикаят баяндалған. Соған сәйкес, хазірет Иса (ғ.) бесікте жатып тілге келіп, халықты таңқалдырған. Құран Кәрім аяттарына сәйкес, халық хазірет Мариямды (ғ.) күйеусіз бала дүниеге әкелгені үшін сынаған кезде ол бесікте жатқан балаға қарап, "Өзінен сұраңдар" деген. Халық таңданып, бір-біріне қарап: "Біз бесікте жатқан сәбимен қалайша сөйлесеміз?"-деген. Сонда хазірет Иса (ғ.) бесікте жатып: "(Бала): “Рас мен Алланың құлымын. Маған кітап беріп, пайғамбар қылды” деді. (30) “Сондай-ақ мені қайда болсам да құтты етті де, тіршілігім бойынша намазды, зекетті орындауға бұйырды.” (31) “(Мені) шешеме мейірімді етіп, бір зоракер және қиқар қылмады.” (32)",-деген (Мәриәм сүресі, 30-33 аяттар). Хазірет Исаның(ғ.) дүние келгені туралы осы аяттарды "Інжілде" жазылған мағлұматпен салыстырғанда тек Матвей мен Лука жазған "Інжілде" хазірет Иса (ғ.) жайлы сөз болғанын көреміз. Соған сәйкес аймақ билеушісі халық санағын өткіземіз деп жариялағаннан кейін басқа қалаларға кеткен адамдарға санақтан өту үшін өз туған қалаларына баруға бұйрық береді. Солардың бірі ағаш ұстасы Юсеф еді. Ол туған қаласы Бейт-Лахемге қайтып келді. Інжіл бойынша, ол хазірет Марияммен жуырда ғана үйленген еді. Сондықтан хазірет Мариямды өзімен бірге алып жүрген. Жол ортасында оның аяғы ауыр екенін түсініп, қатты ренжиді. Осы арада ұйқылы-ояу қалыпта оған періште келіп: "Жұбайың адал",-деген. Юсеф ұста ұйқыдан оянғанда Мәриямнан кешірім сұрап, екеуі бірге Бейт-Лахемге барады. Мәриямға босанарға орын болмайды. Ол бір қорада хазірет Исаны (ғ.) дүниеге әкелген.  

Хазірет Исаның (ғ.) дүниеге келуі

 

Луканың Інжілінде (Gospel of Luke) және Матвейдің Інжілінде (Gospel of Matthew) былай делінген: Юсеф ұста мен хазірет Мариям Бейт-Лахемге жеткенде қас қарайып қалған еді. Олар барлық қонақ үйлерге бас сұқты, бірақ еш жерде орын болмады. Ақырында қораға түнеп шығуға мәжбүр болды. Түн жарымда хазірет Мариямның толғағы басталып, хазірет Исаның (ғ.) дүниеге келетін уақыты жетті. Осы арада қой бағып қайтып келе жатқан шопандар жолда періштелердің біріне жолығады. Періште оларға қалада пайғамбардың дүниеге келгенін сүйіншіледі. Періште олардан қалаға барып, халықты құлақтандыруды сұрады.

Тура осы кезде үш дана адам да қалаға қарай жүріп келе жатып, аспанда бір жұлдыздың жарқырағанын көрді. Көне сенім бойынша, бір патша дүниеге келгенде аспанда бір жұлдыз жанады. Сөйтіп, патша сарайына барып, көргендерін баяндапты. Патша бұл хабарға мүлде қуанбады. Өйткені өз орнынан айырылып қалудан қорықты. Бірақ қуанған сыңай танытып, сәбиді көргісі келетінін айтты. Содан соң үш дананы сәбиді алып келуге жіберді. Олар хазірет Мариям, Юсеф пен сәбиді тауып алып, қуаныштары мен құрметтерін білдірді.

Бұл үш дана сәбидің туған күніне ладан (хош иісті шайыр), алтын мен смирна (хош иісті зат) сыйлады. Христиан рәсімдерін жақтаушылардың суреттерінен хазірет Мариям және оның сәбиімен кездесуінде үш дананың қолынан осы заттарды көруге болады. Осындай сыйлықтар жібергеніне қарамастан, патша Бейт-Лахемде екі жасқа дейінгі барлық балаларды өлтіруге бұйрық берді. Бұл жанұя Мысырға жол тартып, Назаретте тұрақтайды.

 

Құран Кәрімде басқа рауаят келтірілген. Оны басында айтып өттік. Құранда Иса немесе Мәсіх сөзі өте көп қолданылған. Кейбір христиан ағымдарында Исаның Юсеф ұста деген әкесі барын теріске шығару үшін "Иса" есімі аталған жерде "Иса бен Мәриям" деп келтірілген. Сондай-ақ, Құран Кәрімде хазірет Исаның (ғ.) туған жері "шығыс жері" деп аталған: "وَ اذْکُرْ فِی الْکِتابِ مَرْیَمَ إِذِ انْتَبَذَتْ مِنْ أَهْلِها مَکاناً شَرْقِیًّا".  Сондай-ақ, исламдық тағылымдар бойынша хазірет Мариям Исаны яһуд патшасы Иродтан қорыққаннан Мысырға алып кетіп, сонда 12 жыл тұрған. Ирод қайтыс болғанын естіген соң Шамға қайтып оралып, Назаретте тұрақтады. Осы "Назарет" ауылына байланысты Исаның жақтастарын "назареттіктер" деп атаған. Құран Кәрімде, сондай-ақ, хазірет Исаның (ғ.) дүниеге келгені туралы ашық айтылғандай, оның крестке таңылғаны да "Ниса" сүресінің 157-158 аяттарында өте әдемі баяндалған: хазірет крестке таңылған да, өлтірілген де жоқ. Құранның айтуынша, крестке таңылған Иса емес, Құдай оның келбетін дұшпандардың біріне  (Билеушілердің сыйақысын аламын деп Исаның жасырынған жерін айтып берген адам) берген. Сол адам Исаның орнына крестке таңылды. Ал хазірет Иса аспанға көтеріліп, көзден ғайып болды. Шиіттердің пікірінше, хазірет Иса Мәсіх ақырзаман болғанда хазірет Махдимен бірге келеді және антихрист Исаның қолынан өледі.

Осылайша мұсылмандардың сенімінше Иса – өзінің шариғаты бар пайғамбарлардың бірі. Анасы – бейішке таңдалған төрт әйелдің бірі. Хазірет Иса (ғ.) өзімен бірге мейірбандық пен қайырымдылық әкелген пәк әулеттен шыққан. Ол надандық пен зұлымдықты жою үшін, жүректерге аспаннан иман мен хабардарлық нұрын төгу үшін келді. Мұсылмандар хазірет Иса (ғ.) түрлі мұғжизаларға ие болған деп санайды, соның ішінде анасын қорғау үшін бесікте жатып сөйлеу, өлген адамдарды тірілту, науқастарды емдеу және тумысынан соқырларды жазу, балшыққа жан бітіру. Бұған қарамастан Құран Кәрімде хазірет Иса (ғ.) тек "Абдулла", яғнпи Алланың құлы және елшісі деп танылған. Үштік және Құдайдың Исада көрініс тапқаны туралы сенім теріске шығарылады.

Ислам діні мен Құран Кәрімдегі тағылымдарда хазірет Исаға (ғ.) құрмет білдіріліп, орнының ардақталуы ислам мен христиандықтың ортақ негіздеріне көбірек көңіл бөлуге және оның қолданыс аясын арттыруға мүмкіндік береді. Хазірет Мариям ислам мен христиандық арасында ортақ негіз саналады. Сондай-ақ, хазірет Иса (ғ.) исламда кейбір рауаяттар бойынша Алланың соңғы елшісі пайда болған кезде оған көмектесіп, жанында болатын жетекші және құтқарушы саналады. Сондықтан оның тағылымдары – ислам мен христиандықтың ортақ негізі. Соларға сүйеніп, адамзат қоғамындағы көптеген қиындықтардың түйінін шешуге болады. Соның ішінде Құран Кәрім мен христиандардың қасиетті кітабындағы хазірет Иса (ғ.) мен хазірет Мариям туралы ортақ аяттарға көңіл аударуға болады. Солар арқылы қатыгездікті арттырудың орнына қоғамдарды бір-біріне жақындастыруға болады. Күпірлік және зұлымдықпен күресу, әлеуметтік қиындықтарды жою, кедейлікті тоқтату, мазлұмдарға көмектесу, бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға талпыну, әсіресе коронавирустың таралуымен күресте әлемнің түрлі елдерінің христиан немесе мұсылман болғанына қарамастан өзара әрекеттестігін одан ары арттыру қазіргі таңда илаһи діндер бірлігімен шешуге болатын мәселелердің қатарына жатады.

Хазірет Иса (ғ.) мен оның анасы хазірет Мариямға (ғ.) Алланың сәлемі мен салауаты болсын! Хазірет Мариям Алланың рақымына шөлдеп жүрген адамдарға хазірет Исадай тұлға сыйлады. Тағы да баршаңызды хазірет Исаның (ғ.) туған күнімен құттықтаймыз!       

 

Тегтер