Ислам революциясы – велаят үмбеті мен жаңа ислам өркениеті
(Фаджр онкүндігі-5) "Революцияның екінші қадамы" атты баяндама Иран халқы, әсіресе жастарға арналған жолдауды қайта баяндау болды. Өйткені жастар өзін-өзі қалыптастыру, қоғамды құру және өркениет жасаудың екінші кезеңі үшін негізгі күш саналады.
Жаңа ислам өркениетінің басты қажеттіліктерінің бірі – барынша түсіну және бірлік пен біртұтастықты сақтау. Үмбеттің бірлігі мен біртұтастығы жағдайды жақсы түсінетін қырағы жетекшінің жіті бақылауымен жүзеге асады. Ол қиын-қыстау кезеңде дұрыс жол көрсетеді, үмбетке қатерлер мен зияндар жайлы ескертіп, дұшпандарға қарсы оятады.
Зорлық-зомбылыққа ұшыраған халықтар арасында революцияға бет бұратындары аз. Революция жасаған халықтардың арасында қозғалысты соңына жеткізе алған, яғни үкіметті ауыстырып қана қоймай, революцияның арман-мақсаттарын сақтай білген халық кемде-кем. Ал қазіргі заманның ең сирек әрі халықтық революцияларының бірі болған Иран халқының айбынды революциясы 43 жыл өтсе де, әлі күнге дейін өз арман-мақсаттарын берік сақтап, астыртын азғыруларға қарамастан өзінің басты ұрандарын қорғап келеді.
Иран Ислам революциясы ұзақ жылдарға созылған тарихи адасуды тоқтатты. Қаджар және Пехлеви замандарында қор болып, артта қалған Иран даму жолына қадам басты. Иран халқы жан-жақты да шынайы дамудың негізі саналатын ұлттық ерік-жігермен сорақы Пехлеви режимін халықтық үкіметке алмастырды. Содан соң жастарды түрлі оқиғалардың басты ту ұстаушысы ретінде басқару саласына араластырды.
Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи Иранның Пехлеви заманында артта қалғанына, ал Ислам революциясы жеңісінен кейін түрлі жетістіктерге жеткеніне тоқталып: "Біз бұл елде ислам билікке келгенге дейін толығымен артта қалған халық едік, тәуелді едік. Ғылым тұрғысынан артта қалдық, саяси тұрғыдан да артта болдық, әлеуметтік тұрғыдан артта қалдық. Саясат әлемінде оқшау қалған едік. Қазір Ислам республикасының жетістіктері дұшпандарды да мойындауға мәжбүр етті. Бүгінде біз әлемнің жаңа ғылым мен технология салаларының көбінде дамыған елдердің қатарындамыз. Ислам үмбеті мұджахедтік талпыныс жасау арқылы осы дәуірге қолайлы ислам өркениетін жобалап, іргетасын қалап, нәтижеге жеткізіп, оны адамзатқа ұсына алады",-деді.
Ислам революциясының жетекшісі революция жеңісінің 40 жылдығында "Исламның екінші қадамы" атты баяндама жасап, "Ұлы исламдық Иранды құру үшін ұлы джиһад жасау" мақсатында түбегейлі кеңестер берді. Күмәнсіз, "Революцияның екінші қадамы" атты баяндама Иран халқы, әсіресе жастарға бұрынғы тақырыптарды қайта еске салу болды. Былайша айтқанда өзін-өзі қалыптастыру, қоғамды құру және өркениет жасаудың екінші кезеңі үшін шығарылған жарғы болды. Шын мәнінде бұл екінші қадам революцияны «жаңа исламдық өркениет қалыптастыру, велаят таңының атуына дайындалу» деп аталатын ұлы арманға жақындата түсті.
Аятолла Хаменеи жаңа исламдық өркениетті сипаттай келіп: «Бұл өркениетте рухани дүниелер материалдық байлықтың жанында болып, ақлақ пен руханият материалдық өмірдің дамуымен қатар жүреді»,-деді. Бұл жолдың жалғасында жаңа исламдық өркениет революцияның армандары мен құндылықтарын мұсылман елдерге таныстыру арқылы қалыптасады. Бұл жолда ислам ғалымдары мен әлем мұсылмандары өздерін жаңа исламдық өркениет негіздерін насихаттаушы деп біліп, оның қалыптасуына байсалды түрде атсалысуы керек.
Аятолла Хаменеи жаңа исламдық өркениетті сипаттауда оны шынайы және құрали деп екіге бөледі: өркениеттің құрали бөлігі біз қазір елдің дамуы деп айтып жүрген құндылықтардан тұрады. Ғылым, жаңашылдық, өнеркәсіп, саясат, экономика, саяси және әскери айбын, халықаралық бедел, жарнама және жарнама құралдары – осылардың барлығы құрали өркениеттің бөліктері. Қысымдар, қоқан-лоққылар мен санкцияларға қарамастан, Иранның велаятшыл үмбеті осы салаларда жоғары дәрежелерге жетті.
Аятолла Хаменеидің көзқарасынша, өркениеттің шынайы бөлігі – біздің өмір салтымызды құрайтын дүниелер. Соның ішінде жанұя, үйлену тәсілі, тұрғын үй түрі, киім-кешек түрі, тұтыну үлгісі, азық-түлік түрі, тамақ пісіру тәсілі, ойын-сауық, кәсіпкерлік мәселесі, жұмыс орнындағы қатынас тәсілі, университеттегі және мектептегі қатынас, халыққа тиесілі ақпарат құралдарындағы қатынас, дос және дұшпанмен қатынас, бөгделермен қатынас осылардың барлығы өркениеттің негізгі әрі шынайы бөліктері. Бұлар адам өмірінің мазмұнын құрайды. Осы тағылымдар негізінде аллашыл және велаятшыл үмбет құрылады.
Құран Кәрімде айтылғандай, ғылыми және материалдық істердің дамуы салих адамдар мен қоғамның илаһи мақсатта қадам басқан кезінде өркениеттік даму саналады. Осылайша пайғамбар өз миссиясының басты жолдауын «таухид» (Алланның бірлігі) деп таныстырды. Таухидтің жалғасында пайғамбарлықты таныстыру – сол исламдық бірлік пен өркениетті таныстыру. Пайғамбар исламдық бірлік пен өркениеттің негізін қалады, қоғамда саяси-экономикалық және мәдени-әлеуметтік өзгерістер жасады. Ислам діні аз уақыттың ішінде әлемде ұлы өркениеттің негізіне айналды. Сондықтан велаятшыл үмбет пен исламдық өркениет Алланың билігі аясында қалыптасады. Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи осы тақырыпты растай келіп: «Таухид мектебін әр істің басы етіп қойған қоғам өркениетті қалыптастыратын барлық қайырлы дүниелерге ие болып, тамыры терең ұлы өркениет жасайды»,-деді.
Құранның айтуынша, әлемде Алла басқаратын және пұтқа табынушы басқаратын екі өркениет бар. «Бақара» сүресінің 257-аятында «Алла (Т.) – иман келтіргендердің досы. Оларды қараңғылықтан жарыққа шығарады. Ал қарсы болғандардың достары – шайтан, оларды жарықтан қараңғылыққа шығарады. Міне солар тозақтық. Олар, онда мәңгі қалады» делінген. Сондықтан ислам тұрғысынан өркениеттің ақиқаты – зұлматтан шығып, жарыққа кіру. Адам жарыққа кірген кезде нұрланып, өркениеттенеді. Құрандағы дүниетаным бойынша, әлем тек бір бағытта, яғни Аллаға қарай жоғарылау бағытында қозғалуы тиіс. Осы бағыт ислам үмбетінің бірлігі мен жаңа исламдық өркениетін қалыптастыруға негіз болады.
Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи ислам үмбетінің жаңа исламдық өркениетті қалыптастырудағы міндеттері туралы: «Ислам әлемі бүгінде пайғамбар секілді мына әлемге рух беріп, жаңа кеңістік жасап, жаңа жол ашуға міндетті. Біз өзіміз күткен құбылысты «жаңа исламдық өркениет» деп атаймыз. Біз адамзат үшін жаңа исламдық өркениет құруға талпынуымыз керек. Мұның алпауыттардың адамзат туралы ойлайтын және істейтін нәрселерінен түбегейлі айырмашылығы бар. Бұл жерлерді басып алу деген сөз емес. Бұл халықтардың құқықтарына қол сұғу дегенді білдірмейді. Бұл өз ақлақ пен мәдениетіңді басқа халықтарға таңу деген сөз емес. Бұл халықтарға Алланың сыйын ұсыну дегенді білдіреді. Сонда халықтар өз ықтиярымен, өз таңдауымен, өз анықтауымен дұрыс жолда қадам басады. Бүгінде алпауыт елдер әлем халықтарына ұсынып отырған жол қате, ол адастырады. Дұрыс жолға бағыттау – біздің қазіргі міндетіміз»,-деді.
Иранда Ислам революциясы орын алып, сақталғаннан кейін бүгінде ислам әлемі өркениет тудыратын велаятшыл үмбетті қалыптастыруға қажетті мол әлеуетке ие. Иран Ислам революциясынан шыққан таза ислам қайшылықтарға көңіл аударудан бұрын ортақтықтарға назар салып отыр. Осы тұрғыдан аятолла Хаменеи: «Бірлік – саяси және тактикалық әрекет. Ал шын жүректен сену мен иман келтіру – ислам үмбеті бірлігінің қажеттілігі. Ислам әлемін біріктіру жолындағы алғашқы қадамда мұсылман қоғамдары, мемлекеттер, қауымдар мен ислам мазхабтарының бір-біріне соққы жасаудан бас тартып, ортақ дұшпанға қарсы бірігуі керек. Екінші қадамда ислам елдері жаңа исламдық өркениет қалыптастыру жолында ғылым, байлық, қауіпсіздік пен саяси құдірет саласында өзара әріптестік жасауы керек»,-деді.
Иран Ислам революциясының жеңісіне 43 жыл толды. Дұшпандар революцияның басынан-ақ қате есептеулерге жол беріп, оны жоюға бар күшін салды. Ал әлемнің түкпір-түкпіріндегі достар революцияның түйткілдерден өтіп, таңғажайып жетістіктерге қол жеткізгеніне сүйсініп, әрдайым үмітпен қарап келеді.
Осы революцияны бастаған және армандарына берік болып қалған халыққа, әсіресе аға буын өкілдеріне шын жүректен сәлем жолдаймыз. Әлемді құтқарушы хазірет Мәһди келіп, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) таза исламы негізінде жаңа исламдық өркениет қалыптасуын тілеп, қолымызды жайып дұға етеміз.