Ислам революциясының жаңа исламдық өркениетті қайта құрудағы мүмкіндіктері
Ислам революциясы ислам өркениетінің жаңғыруының маңызды факторы болып табылады
Иран Ислам революциясы өзінің жеңісімен өз түрі бойынша бірегей үкімет құра алды. Имам Хомейни революцияның ұлы жетекшісі болды және өзінің ауқымды әрі таңғалдыратын көзқарасымен исламдық үкімет құрудан жоғары және кең мақсаттарын көздеді. Имам Хомейнидің орынбасары аятолла Хаменеи де осы мақсаттарға жетуді көздеуде. Осы үлкен мақсаттардың бірі – жаңа ислам өркениетін құру. Аятолла Хаменеи бұл туралы былай деді: «Революциямыздың исламдық үмбет пен мұсылман қауымдары мен ұлттары үшін ұлы әрі маңызды жолдауы – исламдық болмыстың қайта жандануы, Исламға оралуы, мұсылмандардың оянуы және исламдық қозғалысқа қайта оралуы. Революциямыздың мұсылман халықтарына берген тағы бір жолдауы - имам Хомейнидің осы жолдың ұлы көшбасшысы және осы бағыт пен мектептің ұлы ұстазы болғаны».
Өркениеттің құрамдас бөліктері туралы тарих бойы көптеген ойшылдар айтқан. Француз мәдениеттанушыларының бірі Роберт Пул өркениетті үлкен қоғамда дамып отыратын діни, адамгершілік, ғылыми-техникалық, эстетикалық және көркемдік құбылыстар сияқты әлеуметтік құбылыстардың жиынтығы деп есептейді. Алайда өркениет сөзбе-сөз аударғанда урбанизация дегенді білдіреді және көбінесе урбанизация мен қалалық мәдениеттің пайда болуы және жабайылық, тәртіпсіздік пен заңсыздыққа қарсы тұру үшін қолданылады. Басқаша айтқанда, өркениет – адам өміріндегі прогресс пен эволюциялық кезеңге жетуді білдіретін әлеуметтік ұғым. Бұл ұғым әртүрлі ғылымдар, өнер, әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер сияқты көптеген нәрселерді, сонымен қатар уақыт өте келе дамып отыратын әлеуметтік институттарды қамтиды. Бірақ имам Хомейни мен аятолла Хаменеи тоқталған және оған жетуді Иран Ислам революциясының мақсаттарының бірі деп санайтын жаңа ислам өркениеті қандай?
Жаңа ислам өркениеті өмірде рухани және материалдық жағынан өсетін кеңістікті құруды көздейді. Мұндай өркениет Құран мен Ислам ілімдеріне сүйене отырып жобаланып, адам баласының барлық рухани және материалдық өлшемдерін барлық жер мен уақытта қамтуға талпынады. Діни этикаға негізделген өркениет серпінді және қозғалыс пен өзара әрекеттесуге ие. Ислам революциясы көсемі имам Хомейни және Ислам революциясының қазіргі таңдағы жетекшісі аятолла Хаменеидің көзқарасы бойынша ислам өркениеті ардақты Пайғамбардың (с.ғ.с.) кезінде қалыптасып, кейіннен тараған сыртқы және тарихи шындықты білдіреді. Хазірет Мұхаммад Мұстафаның (с.ғ.с.) пайғамбарлық миссиясымен және Ислам нұрының таралуымен бұл озық мектеп өркениеттің қайталанбас ерекшеліктерімен жаңа келбетін көрсетті. Әлемді қараңғылық басып, ежелгі Иран, Рим және Грекия өркениеттері сияқты ұлы өркениеттер құлдырап жатқан кезде, бұл жаңа өркениет Араб түбегі жерінде тамыр жайды.
Ислам ілімдерінен шабыттанған мұсылмандар ойды, сенімді, ғылымды, өнерді, өнеркәсіпті, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және тіпті әскери-қауіпсіздік қатынастарын түбегейлі өзгерткен ислам өркениетін құрды. Ислам өркениетінің негізі мұсылман ойшылдарының күш-жігерімен және олардан бұрынғы кейбір өркениеттердің насихатталуымен қалыптасқан Құран және Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сүннеті болды. Ашық мәдени кеңістік құру, адамгершілік тәртіпті, руханият ережесін, ой мен ойлаудың өзіндік ерекшелігін, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын көтеру, этникалық және рулық ырымдарды болдырмау, ғылым мен әдебиеттің дамуы мен ілгерілеуі, еңбектің де, иманның да шарықтау шегі, әлсіздер мен кедейлерге көмектесу Ислам өркениетінің бөліктерінің және оның Ислам өркендеуінің алғашқы бірнеше ғасырларындағы гүлденуі болды.
Ислам өркениетінің маңызды ерекшеліктерінің бірі – бұл өркениет ешқашан бір халық пен нәсілмен шектеліп қалмады, сондықтан арабтар, ирандықтар, түріктер, үнділер, қытайлар, моңғолдар, африкалықтар және тіпті басқа этностар да оның пайдасын көрді. Екінші жағынан, бұл өркениет ғылым мен білімге үлкен мән берді. Пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның Әһле Бәйтінің (ғ.с.) көптеген хадистері мен рауаяттары халық пен қоғам арасында кең таралып, ғылым үйренуге үндеп, оны құнды әрі қажет деп санаған. Құран Кәрімнің көптеген аяттарында адам баласының даналығын, білімін, саналылығын арттыруды бұйырған. Ғылым тарихының атасы Джордж Сартон: «Ғылымға деген бұл қызығушылықтың нәтижесі мұсылмандардың алты ғасыр бойы әлемді басқарғаны болды. Хижраның екінші ғасырдың екінші жартысынан бесінші ғасырға дейін, яғни 350 жылға дейін ғылымның бірден-бір көшбасшысы болды. Келесі 250 жыл бойы христиандармен бірге олар әлемдік ғылымның бастаушылары болды»,- деді.
Мұсылмандар арасында «жақсы ахлақтың» насихатталуы Ислам өркениетінің тағы бір маңызды ерекшелігі болды, соның нәтижесінде дін бауырларына төзімділік сияқты жемістер әкелді. Өркениеттанушылар ахлақты ислам өркениетінің негізін қалаудағы негізгі қағидалардың бірі ретінде қарастырады. Ислам революциясының Ислам өркениетін құру мақсаттарының бірі – мұсылмандар исламдық бауырластық пен сүйіспеншіліктің орталығында, қайшылықтарды барынша азайтып, ортақ нүктелерін барынша арттыратын жағдай құру болып табылады. Ислам революциясының жетекшісі мұсылмандар арасындағы бірлік пен ортақтыққа мән беру мәселесіне қатысты нақты айтқан ұсыныстары осыған сай келеді. Ислам Республикасы жыл сайын Ислам діндерін жақындастыру ұйымы сияқты платформалар құру және Ислам бірлігі конференцияларын өткізу арқылы мұсылмандар арасындағы бауырмалдық пен сүйіспеншілік рухын арттырып, жаңа ислам өркениетінің пайда болуының негізгі тұғырнамасын жасауға талпынуда.
Жаңа ислам өркениетінің жаңғыруы өткенге қайта оралу емес, бұрынғы өркениеттің қорын заманауи өркениетке жету үшін пайдалануді білдіреді. Иран Ислам революциясы өзінің мүмкіндіктерімен жаңа исламдық өркениеттің қалыптасуында шешуші рөл атқара алады. Иран ойшылы Сейед Хосейн Наср өзінің «Мәңгілік білім» кітабында: «Иран Ислам революциясы мен жаңа исламдық өркениет арасындағы қарым-қатынасты зерттей келе, Ислам революциясының ислам өркениетінің жаңа ислам өркениетінің құрылысын бастау нүктесі екенін айту керек. Сол себепті Ислам революциясы өткен тәжірибелер мен жеңістер мен жеңілістерден сабақ ала отырып, бағдарламаны алға жылжытуға тырысуда»,- деп жазды.
Ислам революциясы мәлімдеген жаңа ислам өркениеті бізге діннің дамуға қайшы келмейтінін айтады. Керісінше, ислам құқығында орын алған әділдік пен теңдікті талап ету экономикалық, саяси және т.б. дамуды барлық халықтардың игілігі үшін деп біледі. Дүниедегі үлкен таптық алшақтықты және тағуттардың билігі жойылып, негізі әділеттілік болып табылатын жаңа өркениет құрылуы керек. Шындығында, ислам өркениетінің қайта жаңғыруы – жойқын Батыс мәдениетіне орын жоқ, керісінше исламның жоғары құндылықтарын қазіргі әлемдегі өмірдің бағдары ретінде қарастыратын жаңа жолдарды табу.
Ислам революциясы өзінің дамуымен және ғылыми, өнеркәсіптік, әскери, медициналық және фармацевтикалық жетістіктерімен, ядролық технологиясы және өзін-өзі қамтамасыз ету салаларындағы басқа да көптеген күш-жігерімен Ислам үкіметінің ең қиын санкциялар енгізілген жағдайдан өтіп, кішкентай көшеттерден жемісті ағашқа айнала алатынын көрсетті.
Мұсылман халықтары Ислам республикасының қарсыласу және ілгерілеу үлгісін ұстанып, ынтымақтастық пен жанашырлықты арттырып, өз-өзіне сенім арту жолында ілгерілеуге қол жеткізе алады. Мұсылмандар арасында руханиятқа, ғылымға, имандылыққа көңіл бөлінсе, жаңа ислам өркениеті де жанданады. Осы орайда ислам әлемінің ойшылдарына маңызды рөл жүктеледі. Олар мұсылмандарға жаңа ислам өркениетінің мақсаттары мен мұраттарын саналылықпен және көрегендікпен түсіндіруге және олардың осы азаттық өркениетті құрудағы елеулі рөлінен бейхабар қалмауға міндетті.