Наурызға арналған әдет-ғұрыптар-2
(last modified Tue, 22 Mar 2022 09:00:00 GMT )
Нау 22, 2022 15:00 Asia/Almaty

Бұл бағдарламада кейбір елдердегі Наурыз рәсімдеріне тоқталамыз.

Армысыздар, ардақты ағайын! Наурыз мейрамына арналған екінші бағдарламаны назарларыңызға ұсынамыз. Иран мәдени кеңістігіндегі кейбір елдерде Наурыз мейрамы кезінде орындалатын рәсімдер мен әдет-ғұрыптармен таныстырамыз. Мұнымен қоса, бағдарлама барысында Наурызға қатысты әдемі әндер мен күйлерді тыңдайтын боламыз. Содан соң Үндістан мен Пәкістадағы Наурызға қатысты көңіл күй туралы екі сұхбат тыңдаймыз. Бағдарламаның басында Иранның Белучистан облысына тиесілі көктем күйін тыңдаңыздар.

 

"Сут" стиліндегі бәлуч әні – бүкіл Белучистанда кең таралған халықтық музыка. Мұндай стильдегі әндердің тақырыбы көбіне табиғат, сүйікті жар мен туған жер және сағынышты жырлау. Бұл ән Наурыз күндердегі көңіл күйге сәйкес келеді.

Ежелгі Наурыз мейрамы жақындағанда осы ұлы күнге қатысты әдемі әндер мен  құттықтаулар Иранда ғана емес, Иранның мәдени кеңістігінде орналасқан көптеген елдерде де естіліп жатыр. Олардың әрқайсысының өзіндік сұлулығы бар.

Иран тарихы көнеден басталады. Осы көне тарих пен өркениетке байланысты оның мәдени кеңістігінің аясы өте кең. Көне Наурыз – мәдени кеңістіктің басты белгілерінің бірі. Бүгінде әлемнің 12-ден аса елінде Наурыз тойланады. Солтүстік жарты шарда күн мен түн теңеліп, көктем мезгілі басталатынын білдіретін Наурыз мейрамында әдемі әдет-ғұрыптар орындалады. Көктем басталуымен бір мезгілде әлемнің түрлі аймақтарындағы көптеген жанұялардың айнала жиналып, осы шаттыққа толы көктем рәсімдерін орындап жүргеніне үш мың жылдан асты. Әлем халықтары Наурызды жақсы көретіндері соншалықты, 2010 жылы БҰҰ қарар қабылдап, бұл күнді "Халықаралық Наурыз күні" деп таныды. Наурызды тойлайтын елдердің арасында Ауғанстан, Пәкістан, Әзірбайжан, Түркия, Үндістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қытайдағы кейбір халықтар мен тағы басқалар бар.

БҰҰ-дағы Наурыз мейрамы

Бағдарламаның басында Әзірбайжан республикасына барамыз. Бұл елдегі Наурыз көңіл күйі көруге тұрарлық. Әзірбайжан халқы Наурызға бірнеше апта қалғанда оны қарсы алуға жиналып, көне рәсімдердің бірі "Чаршанбе сури" рәсімін өткізеді. Осылайша әр аптаның сейсенбі кешін тойлап, билейді. (Чаршанбе сури рәсімі сейсенбі күні кешке өткізіледі) Бұл рәсім Жерді құрайтын төрт элемент – жер, су, жел және отты ұлықтауға арналған. Бакудегі Наурыз рәсімдері көбіне Әзірбайжан астанасының тарихи бөлігі Ичери қалада (Icherisheher) өтеді. Бұл көне қала тұрғындар мен шетелдік туристер үшін өте қызықты жер саналады. Көне қалада Наурыз рәсімдері орындалып, жергілікті тағамдар мен түрлі кәуаптар пісіріледі. Сондай-ақ, түрлі күркелерде әралуан қолөнер бұйымдары, тәтті-дәмділер мен тосаптар сатылады.

Үндістандағы Наурыз мейрамы. Таңғалатын шығарсыздар, бірақ осы ұлан байтақ ел бұрынғы билеушілері заманында ирандық мәдениеттің ықпалынан алыс қалмай, бұл жерде парсы тілі мен мәдениеті дамыды. Үндістанның мәдениеті мен тарихынан парсы мәдениетінің ізін көруге болады. Наурыз ирандық мигранттармен қоса, осы елде тұратын басқа ұлттар арасында да тойланады. Осыған орай ұзақ жылдар бойы Иранда тұратын Қамар Аббастың сұхбатын тыңдауға шақырамыз.

"Мен Қамар Аббаспын. Үндістанның солтүстігіндегі Антрапрадеш штатында дүниеге келдім. Егер Үндістандағы Наурыз туралы айтар болсам, елдің үш аймағында Наурыз тойланады. Бірінші аймақ – Үндістанның Кашмирі. Онда Ирандағыдай тойланады. Бұл аймақта Наурыздың бірінші күні – ресми демалыс. Кашмирде Ирандағыдай бір-біріне қонаққа барып, көрісумен қоса, аймақ халқы Наурыз басталысымен үйлерінің ауласы мен бақтарда көшет егеді. Тіпті штат деңгейінде жаппай ағаш егіледі. Бұл жерде Наурыз жеті күн тойланып, жергілікті тағамдар пісіріледі. Кашмирдің Наурызы Ирандағы Наурызға қатты ұқсайды. Бұл аймақтың мəдениеті Иранның мəдениетіне өте ұқсайды. Сол себепті оны "Кіші Иран" деп те атайды. Үндістанның басқа аймағында үнділік парсылар арасында Наурыз тойланады. Үнділік парсылар – түбі ирандық зороастрлар. Оларды "парсылар" деп атайды. Олар ғасырлар бұрын Үндістанға қоныс аударып, жергілікті үнді мəдениетінен əсер алған ирандықтар болып табылады. Олар да Наурызды тойлайды. Олардың философиясы мен рауаяты Ирандағыдай. Олардың мерекелік шаралары үнділердің мəдениетінен аздап əсер алған. Парсылар ирандық тағамдар да пісіреді, Наурызға арнап жергілікті тағамдар да əзірлейді. Мысалы, "шафран палау" жəне халим деп аталатын екі ирандық тағам жəне тұрғылықты жерге қатысты Наурыз тамақтарын дайындайды. Парсылардың көбі Гуджарат штатындағы Бомбей қаласында өмір сүреді. Бұл – екінші топ. Наурызды тойлайтын үшінші топ – Үндістанның əр жерінде тұратын үнді шиіттері. Əрине жаппай емес, Наурызды тек үйлерінде атап өтеді. Арнайы дастархан жайып, тағамдарды жылдың түсіне қарай əрлейді. Айлақтардың көбінде Наурыздағы көне рəсім бойынша адамдар бір-біріне су шашып ойнайды. Əрине айтып өткенімдей, олар, яғни үнді шиіттері көбіне Наурызды үйде атап өтеді".

Үндістан азаматы Қамар Аббастың сұхбатын тыңдаңыздар.

Үндістаннан Пәкістанға барамыз. Бұл ел мəдениет пен тарих тұрғысынан Үндістаннан алыс емес. Абдуррахим Дорранимен Пәкістандағы Наурыз туралы сөйлестік. Осы кісінің сұхбатын тыңдауға шақырамыз.

"Алланың атымен бастаймын! Мен Абдуррахим Дорранимін. Иран Телерадио бірлестігінің əлемдік қызмет торабына қарасты Пəшту радиосының директорымын. Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва штатынанмын. Наурыз рəсімдерінің кейбірі Иранмен ортақ. Ортақтықтардың бірі – жеті саны. Мысалы, кейбір аймақтарда "Жеті тағам" жəне "Жеті жеміс" тағамдары пісіріледі. Түрлі өңірлерде түрлі рəсімдер орындалады. Егер Пишавар жайлы айтар болсам – мен өзім сол жақтамын – олар "қызылбастар" əсіресе жеті түрлі тəтті пісіреді. Наурызда кейбір өңірлерде үй жинастырылып, бір-бірлерімен көрісіп, адамдар жаңа киім киеді. Бұлар Иранмен ортақ! Бірақ бөлек рəсімдер де бар. Кейбір өңірлерде Наурыз кешінде от жағып, оның үстінен секіру рəсімі өтеді. Пәкістанның басым бөлігінде, мысалы, Кашмир мен қазір өздігінен штатқа айналған Гилгит-Балтистанда былай делінеді: Имам Əли (ғ.) шиіттерге маңызды күндердің бірі Ғадир Хомда Алла тарапынан "Мүміндердің əмірі" ретінде таныстырылған. Бұл күн Наурызбен тұспа-тұс келген. Сол себепті осы күні арнайы дұға оқиды, жаңа киім киіп, Кавали рəсімін өткізіп, поло ойынына ұқсас ерекше ойын ойнайды. Белучистан сияқты кейбір өңірлерде халық "Сиздəһ бе дəр" рəсімін өткізіп, жаңа жылдың он үшінші күнін тау мен далада өткізіп, тамақ ішеді. Тағы бір көне рəсім бойынша бір-біріне су шашып ойнайды. Көне сенім бойынша, су – жарықтың нышаны.Ірі қалалар, соның ішінде Карачи мен Лахорда Наурыз мерекесі аса тойланбайды. Бірақ таулы өңірлерде Кашмир, Гилгит-Балтистан мен Белучистанда жергілікті халық көбірек тойлайды. Өйткені бұл өңірлердің халқы мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл тұрғындары үшін барша тірлік көктемде басталады. Наурыздың көне философиясы бар. Оның ауыл шаруашылығына қатысы зор. Бұл өңірлердің халқы көбіне малшы немесе егінші болғандықтан олардың арасында осы философия кең таралған",-деді. 

Ардақты ағайын, осылайша бүгінгі бағдарламаның соңына жеттік. Көңілдеріңізден шықты деп үміттенеміз. Алла жар болсын! Наурыз құтты болсын!