Наурыз кезіндегі ойын-сауық-4
(last modified Thu, 24 Mar 2022 04:41:10 GMT )
Нау 24, 2022 10:41 Asia/Almaty

Мейрамдар – барлық мәдениеттердің ортақ ерекшелігі. Бүгінгі және келесі бағдарламаларда ирандықтардың Наурыз кезіндегі кейбір ойын-сауық түрлеріне тоқталамыз.

Мейрамдар – барлық мәдениеттердің ортақ ерекшелігі. Негізі мереке дегеніміз дұға оқу рәсімі, бір жеңіс немесе әлеуеттік оқиға, болмаса бір илаһи мұғджизаға алғыс айту рәсімі болып табылады. Оның қоғам үшін пайдасы зор. Наурыз – көне ұлттық мейрам. Мыңдаған жылдар барысында осы ел тарихының түрлі кезеңдерінде бұл мейрам ең үздік адами және мәдени символдарды бойына жинады. Наурыз кезінде Иранның мәдени кеңістігінде көптеген мейрамдар өткізіледі. Осы аймақ тұрғындары  өмірде шаттықтың болуын аса маңызды санайды. Сол себепті ең ауыр күндері де кез келген сылтау тауып тойлатады. Көне ирандық сенім бойынша, адам тән саулығымен қоса, психикасының сау болуын да қажет етеді. Қам-қайғыдан арылып, өмірді жалғастыру үшін қуану керек. Бағзы заманнан осы күнге дейін Иранда ең ірі рәсімдер тойланған негізгі күндердің бірі – Наурыз мерекесі. Наурыз – ирандықтардың ең әйгілі қуаныштарының бірі.  Ол жаңа жылдың келуіне орай көне замандардан бері тойланып келе жатыр.  

Иранның күн күнтізбесі бойынша жыл басының бірінші күні – 1 фарвардин. Әрине Наурыз осы елдің географиялық шекарасымен шектелмейді. Оның аумағы Иранның мәдени кеңістігінің түкпір-түкпіріне таралған. Наурыз түрлі елдерде тойланады. Статистика бойынша, әлемдегі 12-ден аса ел Наурызды ұлттық мереке ретінде атап өтеді. Бұл елдердің әрқайсысы ресми және ұлттық күнтізбе бойынша осы күні жаңа жылды бастайды. Сол себепті Жаңа жыл басталар кез түрлі елде әрқилы. Наурыз өркениетіне жататын елдермен қоса, қазіргі таңда кейбір елдердің халқы Наурызды бейресми түрде тойлайды. Үндістан, Түркия, Мысыр, Франция, Ресейдің Татарстан республикасы, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Нидерланды, Германия, Ливан, Сирия, Қытай, БАӘ мен Швецияда Наурыз атап өтіледі.

Бағдарламаның жалғасында Иранның түрлі өңірлерінде Наурыз кезіндегі  шаттану тәсілдеріне қысқаша тоқталып өтуді жөн көрдік.

Ирандағы Наурыздың ең маңызды әрі кең таралған символдарының бірі – Хаджи Фируз және Аму Ноуруз. Иранның түрлі қалаларының көшелерінде шаттық пен бидің символы саналатын Хаджи Фируз және Аму Ноуруздың келгенінен Наурыз, яғни Жаңа жылдың жақындағанын түсінуге болады. Хаджи Фируз – ирандықтардың фольклорлық мәдениетіндегі көрнекті тұлғалардың бірі. Жылдың соңғы күндерінде ол қалалар мен ауылдарға барып, халыққа Наурыздың келгенін жеткізеді. Наурыздың жаршысы – беті қараға боялған арық ер адам. Басына қызыл қалпақ, үстіне қызыл киім мен ұшы үшкір аяқ киім (гиве) киеді. Ол қолындағы дағырада ойнап, билеп, күлкілі әрекеттер жасап, ән айтады. Хаджи Фируздың қара беті – суық қыстың символы. Ал қызыл киім мен қызыл еріндер қыстың үстіне жамылған көктемнің символы іспеттес. Хаджи Фируз әдетте шаттыққа толы ерекше сарынмен айтатын өлеңдерінде Жаңа жылдың келгенін жар салумен қоса, өткен жылдың келеңсіз жайттарын еске түсіріп, тыңдармандарды жаңа жылда шаттыққа бөленуге шақырады. Оларға жақсы жыл болуын тілейді. Бағдарламаның жалғасында Наурыз жаршысының әндерінің бірін марқұм Мұртаза Ахмадидің  орындауда тыңдауға шақырамыз.

Хаджи Фируздан бөлек Наурыз күндерінде тағы бір фольклорлық тұлға Иранның қалалары мен ауылдарында көшеге шығады. Жаңа жылдың келгенін жаршылайтын ол Аму Ноуруз немесе Баба Ноуруз деп аталады. Хаджи Фирузбен бірге осы мифологиялық тұлға қалалар мен ауылдарды аралайды. Заманның символы саналатын Баба Ноуруз немесе Аму Ноуруз – ақ басты, ақ сақалды қарт адам. Басында киіз калпақ, белінде көк жібек белбеу, мойнында ақ шәлі, аяғында мақта шалбар мен табаны жұқа тоқыма аяқ киім (гиве). Ол асаға сүйеніп, тау ортасымен  қалаға қарай жүреді. Баба Ноуруз Нәне Сарманың (Суық апа) жұбайы саналады. Бұл екеуінің дастаны ескі жылдың жаңа жылға өтуіне қатысты аңыздардан құралған. Аңыз-әңгімелер бойынша Нәне Сарма  әр жылдың көктем мезгілінің бірінші күні Аму Ноурузды күтеді. Бірақ ол келгенге дейін шаршап ұйықтап қалады. Оянған кезде Аму Ноуруз келіп-кеткенін ұғады. Басқа бір рауаятта айтылғандай, Нәне Сарма жыл бойы жалғыз болады, тек осы түні Аму Ноурузды көре алады. Осы түннен кейін   Нәне Сарма Аму Ноурузды тастап, жолға шығады. Келесі жылы бұл екеуі осындай түнде бір-бірімен кездеседі.

Хаджи Фируз  бен Аму Ноуруз – Жаңа жылдың жаршылары саналатын  ирандық мифологиялық тұлғалар.

Ардақты ағайын, жалпы Жаңа жыл келгенде Иранның барлық өңірлерінде жаңару, тазару, қайта кездесу, билеп шаттануды көруге болады. Елдің түкпір-түкпірінде Наурызға арналған рәсімдер өтеді. Мысалы, Ирандағы әзірбайжандықтар арасында Наурыз мерекесіндегі ең маңызды рәсімдердің бірі – Текем мен текемчи. Текем – ағаш теке қуыршақ. Текемші оны қолына алып, ойнақшытып, көктем мен Наурызға қатысты әндер айтады. Иранның көне мәтіндерінде теке – мықтылық, жоғарылау мен төлдеудің нышаны. Текем әнін айтушылар әдетте таулы өңірлерден келіп, Наурыз және төлдеу туралы өлеңдер айтады. Бағдарламаның жалғасында текемшілердің өлеңдерінен үзінді тыңдауға шақырамыз.

Иранның Ардебиль, Шығыс және Батыс Әзірбайжан облыстарында орындалатын текем және текемші рәсімі.

Сая дәстүрлі рәсімі де Наурызға бірнеше күн қалғанда жылдың аяқталуы мен Жаңа жылдың басталуына орай орындалатын әзірбайжан халқының ең әдемі рәсімдерінің бірі. Әзірбайжан мәдениетінде сая «құрмет білдіруші» деген мағына береді. Сая рәсіміне сәйкес көшеде өнер көрсететін саяшылар кейде табиғи түстермен боялған киіммен, кейде шопанның киімімен қолына екі таяқ ұстап, Наурызға бірнеше апта қалғанда ауыл-ауылды, көше-көшені, үй-үйді аралап, көктемге арналған өлеңдер оқып, қолындағы таяқтарды бір-біріне соғып, Наурыздың келгенін хабарлайды. Дұға оқып, өзіне ұнайтын әндер айтып, халықтан бидай, арпа, тәтті-дәмді немесе ақша сыйлыққа алады.

Иранның батысында да Наурыздың рәсімдері жергілікті халықтың ерекшеліктері, соның ішінде тілі мен өмір салтына үйлеседі. Мир Ноурузи немесе Көсегәрди рәсімі – Иранның күрдтері арасында орындалатын қойылымдардың бірі. Мир Ноурузи – комедиялық қойылым. Онда бір адам Наурыз күндерінде билеуші ретінде таңдаланады. Осы аралықта ел басқару ісі осы кісіге тапсырылады.  Көсегәрди рәсімінде ауыл тұрғындары күлдіргі бетперделер тағып топ болып шығып, көсе мен оның қалыңдығын шығарып салады. Олар үй-үйді аралап, өлең оқып, қыстың аяқталғанын жаршылап, сыйлық алады. Көсе әзіл-қалжың айтып, жұрттың көңілін көтереді.

Иранның Күрдістан облысындағы Мир Ноурузи немесе Көсегәрди рәсімі

Хорасан халқы да көптеген ауылдар мен көшпенді тайпалар тұратын аудандарда Мир Ноурузи немесе Наурызхан рәсімін өткізеді. Әзіл-қалжың аралас қойылымда еңгезердей әзілкеш адам жасанып киініп алып, символды түрде уақытша билеуші ретінде сайланады. Ол арнайы киіммен атқа мініп, билік айта бастап, салық жинап, ауыл тұрғындарынан сыйлық алады. Кейбіреулер осы рәсімде барабан мен сырнай тартып, халық әндерін айтып, билеп, Наурызханға еріп жүреді. Билік құрған кездегі Мир Ноурузидің басты мақсаты көбіне халықты қуантып, шаттыққа бөлеу болады.   

Наурыз мерекесінің 13-ші күні ауыл тұрғындары барабан мен сырнай ойнап, билеушіні хауызға лақтырып, суға малып алғаннан кейін ханның арнайы киімін шешіп алып, басқа киім кигізіп, «Хандығың аяқталды» дейді.   

Хорасандағы Наурыз

Келесі бағдарламада Иранның басқа өңірлеріндегі шаттық рәсімдеріне тоқталамыз. Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтап, денсаулық, сәттілік, бақуаттылық пен қауіпсіздік тілейміз.