Сәу 23, 2022 15:11 Asia/Almaty
  • Рамазан – мүмкіндіктер айы (15)

Осы уақытқа дейін ғибадат етуден ләззат ала алмасаңыз, оның себебі – мойныңыздағы кісі ақысы. Исламда басқалардың құқығын сақтау өте маңызды. Тіпті бұл Алланың ақысын сақтаудан да маңыздырақ.

Рамазан айының жартысы өтті. Алланың ризалығы үшін Оның бұйрықтарын орындау мақсатында бірер сағатты сусыз-тағамсыз өткізіп жүргенімізге екі аптадан аса уақыт өтті. Ауыз бекітіп Құран оқыдық, ауызашар бердік, тыйым салынған дүниелерден бас тарттық. Алайда ғибадаттың ләззатын таттық па?

Егер осы уақытқа дейін ғибадат етуден ләззат ала алмасаңыз, оның себебі – мойныңыздағы  кісі ақысы. Исламда басқалардың құқығын сақтау өте маңызды. Тіпті бұл Алланың ақысын сақтаудан да маңыздырақ.

Әдетте әр мүміннің басында үш ақы болады. Одан осылар жайлы сұралады. Біріншісі – жан ақысы. Екіншісі – Алла ақысы. Үшіншісі – кісі ақысы. Адам өзіне зұлымдық жасамай, өмірін зая өткізбей, Алла берген қабілеттерді дұрыс пайдалануы керек. Егер адам бұл ақыны зая етіп, кейін бұл қателігін түсініп тәубе етсе, мұны өтеудің қажеті жоқ. Тәубе етудің өзі күнәлардың кешірілуіне себеп болады.

Намаз, ораза мен басқа уәжіп амалдарды атқару – Алланың біздің мойнымызға артқан ақысы. Бұларды орындауымыз керек. Исламның бұйрығы бойынша, егер адам Алланың ақысын зая етсе, тәубе етіп, оған қайта оралып, өтеуі керек. Алайда рауаяттарда көп айтылғандай, егер тәубеден кейін адамда ақыны өтеуге мүмкіндік болмаса, Алла өз ақысын кешіріп, одан сұрамайды.

Ал кісі ақысы – басқалардың біздің мойнымызға артқан ақысы. Біз оны орындауға міндеттіміз. Ақшалай қарыздан бастап, басқалардың жаны, абыройы мен қадір-қасиетін сақтауға дейін барлығы – сақталуы тиіс құқықтар. Егер қалап-қаламай бұл құқықтар зая етілсе, оны өтеуден басқа жол болмайды. Осы күнәға кешірім алу үшін Алла алдында тәубе етіп, өкініш білдіру жеткіліксіз. Алла мұндай күнәны кешірмейді. Тек ақының иесі оны кешіргеннен кейін ғана кешіреді.  

Алла әрдайым өз құлдарының ақысын өз ақысынан артық санаған. Мысалы, намаз оқып, Алламен сұхбаттасып жатқан кезде бір кісі кіріп келіп, сәлем берсе, Алла «Менімен байланысты тоқтат та, адамның сәлеміне жауап бер. Намаз оқып жатқан кезде талапкер келіп, қарызын сұраса, намазды тоқтатып, әлгі адамның талабын орында» деп айтады. Біз Алланың құлдарының ақысын өтемей, Алланың ақысын өтеуге жете алмаймыз. 1400 жылдай бұрын имам Саджад (ғ.) өзінің құқықтары туралы трактатында әр нәрсе мен әр кісіге тиесілі ақы туралы айтқан. Мүміндер мұны орындауы керек. Бұл құқықтарды сақтамаусыз Аллаға құлшылық етуде шарықтау шегіне жету мүмкін емес. Бұл ғибадаттың ләззаттынан айырылу дегенді білдіреді. Діни ғұламалардың кеңесіне сәйкес, құлшылық пен ғибадат айы Рамазан айы басталғанға дейін егер сіздің мойныңызда кісі ақысы болса, оны орындап, кешірім беруін сұраңыз. Өйткені кері жағдайда Аллаға құлшылық пен ғибадат етуге мұрсат таппайсыз. Егер біздің мойнымызда біреудің қарызы болса, Рамазан айының нығметінен алған нәрселердің барлығы біздің емес, оның амал дәптеріне жазылады. Рамазан айы аяқталмай тұрып, кісі ақысын өтеу арқылы осы айдың берекесін өз амал дәптеріңізге тіркеуге мүмкіндігіңіз бар.

Пайғамбар мен оның Әһл-е бейті адамзат баласы үшін ең жақсы үлгі болып табылатыны күмәнсіз. Олардың мінез-құлқын тану және өмір салты жайлы ойлану барша үшін мән-мағынаға толы биік өмір сыйлайды. Олардың Рамазан айындағы қатынасын ұстану біз үшін биік өмірге жетуге жолнұсқау бола алады.

Имам Хұсейннің қатынасы (ғ.) Алланы сүюге негізделген. Бұл хазіреттің болмысы Аллаға ғашықтықтың көрінісі болды. Осы махаббаттың аясында басқаларды жақсы көріп, олардың бойында илаһи ғашықтық пен тартымдылықты қалыптастыруға тырысқан. Ол тіпті ораза ұстау уәжіп болмаған кезде де ораза ұстаған деседі. Хадисте айтылғандай, біреу имам Хұсейннен (ғ.): «Алла оразаны неге уәжіп қылды?»-деп сұрапты. Ол: «Бай аштықтың не екенін түсіну үшін және шын ниетпен өз мүлкінен жоқ-жітікке көмектесуі үшін»,-деп жауап беріпті.

Аллаға жақындау және халыққа махаббат ету үшін имам Хұсейн (ғ.) кешірім жасауды өмір салты етіп алған. Шамнан келген Эсам атты біреу Мәдина қаласына барып, өзгелерден бөлек бір адамды көріп: «Бұл кім?» деп сұрапты. «Ол Хұсейн бен Әли (ғ.)» депті. Умавилердің теріс жарнамасының ықпалына түскен Эсам имам Хұсейнге жақын барып, ашумен былапыт сөздер айта бастапты. Эсам бойына жиналған өкпе-ренішін төгіп, аузына келгенін айтыпты. Осы кезде  имам Хұсейн еш ренжіместен, ашуланбастан оған мейіріммен қарап, кешірім жайлы бірнеше аят оқып: «Ей, жігіт, сағат кез келген қызмет пен көмек көрсетуге дайынмын»,-деп, сосын одан: «Шамнан келдің бе?»-деп сұрады. Эсам: «Иә»,-деп жауап берді. Имам: «Сенің неліктен мұндай қатынас көрсетіп отырғаныңды білемін. Бірақ қазір сен біздің қаламызда қонақсың. Егер қажет болса, саған көмектесемін. Сені үйімде қонақ қылуға дайынмын»,-деді. Мұндай қатынасты күтпеген шамдық жігіт қатты өзгерді. Тіпті осы жайлы: «Сол кезде жер қарс айырылып, жер астына түсіп кеткім келді. Ойланбастан бұлай дөрекі сөйлемеуім керек еді. Сол кезге дейін имам Хұсейн мен оның әкесіне қатты кек сақтаған едім. Бірақ имам Хұсейннің мейірімі мен рақымы мені ұялтты. Енді мен үшін имам Хұсейн мен оның әкесінен сүйікті адам жоқ»,-депті.  

Өткен бағдарламаның үкімдер бөлімінде ішіп-жеуге қатысты жайттарды айттық. Осы бағдарламада оразаның бұзылуына себеп болатын басқа жайттарға тоқталамыз. Ислам шариғатында өтірік айту оразаны бұзады. Фикһ кітаптарында оразаны бұзатын ең маңызды жайттардың бірі – Алла, пайғамбарлар мен имамдарға өтірік айтты деп жала жабу. Тіпті егер ораза ұстаған адам артынан тәубе етіп, өтірік айтқанын мойындаса да. Сондай-ақ, егер ораза ұстаған адам  бұл өтірікті ауызша айтпай, жазбаша жазса да, оразасы бұзылады.

Кітаптарда көп айтылған, өтірік екені айқын рауаяттарды айтудың айыбы жоқ. Бірақ сақтық сақтап, оларды да негізгі мәтіні мен кітабына сілтеме жасап барып айтқан жөн. Мұнымен қоса, егер ораза ұстаушы мұджтаһедтер мен хадисшілерге өтіріктен сөз теліп, харам іс жасаса, оразасы бұзылмайды.

Оразадағы тыйымдардың бірі – басты толықтай суға малып алу. Егер ораза ұстаушы әдейі басын суға малып алса, сақтық үшін оның оразасы бұзылады. Басын суға малар кезде денесінің суда тұру-тұрмауы маңызды емес. Егер басының бір жағын суға малып, алып шығып, кейін екінші жағын салса, оразасы бұзылмайды. Сондай-ақ, егер басын суға салып, тек шашы сыртта болса,  ораза бұзылмайды. Мұнымен қоса, ыдыспен басқа су құю оразаны бұзбайды. Осылайша душқа түсіп, бас жуу айып емес.

Егер ораза ұстаушы басының суға толық кірген-кірмегеніне күмәнданса, оразасы бұзылмайды. Мұнымен қоса, егер ораза ұстаушы еріксіз суға түсіп кетіп, басы толық суланса, оразасы бұзылмайды. Бірақ басын судан жылдам шығарып алуы керек. Сондай-ақ, егер ораза екенін ұмытып, басын суға малып алса, оразасы бұзылмайды. Бірақ есіне түскен кезде бірден басын судан шығарып алуы керек.

Тегтер