Maм 16, 2022 02:06 Asia/Almaty
  • 25 ордибехешт – Фирдоусиді ұлықтау және парсы тілін құрметтеу күні

25 ордибехешт (15 мамыр) «Шахнаманы» жазған ақынның құрметіне және оның парсы әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген еңбегіне орай «Фирдоусиді ұлықтау және парсы тілін құрметтеу күні» деп аталды. Жыл сайын осы күні ұлы ақынды еске алу үшін арнайы шаралар өткізіледі. Фирдоуси парсы тілін сақтап, осы құнды мұраны келешек ұрпаққа қалдырды.

Тіл – ортақ болмысты қалыптастыратын ең маңызды элементтердің бірі.  Мәдениеттанушылардың сенімінше, тіл – ұжымдық болмыс тудыруға қажетті ең маңызды мәдени фактор. Тарих бойында Иран жеріндегі халықтарды байланыстырған парсы тілі аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан өткерді. Шын мәнінде біздің ақындар осы өзгерістерге маңызды үлес қосып, түрлі дәуірлерде парсы тілін қорғады.  

Парсы тілін сақтаушылардың бірі – хакім Әбілқасым Фирдоуси. Оның «Шахнама» атты жарқын туындысы парсы тілі мен ирандық болмысты сақтауда айрықша маңызға ие. «Шахнама» мифология, тарих және әдебиет тұрғысынан талданған. Әрбір зерттеуде бұл кітаптың құндылықтарының бір бөлігі анықталып, таныстырылды.

«Шахнама» – 60000 бәйіттен тұратын эпикалық поэма. Онда Иран тарихына қатысты аңыз-әңгімелер баяндалған. Төрт династия – Пишдадтар, Кианилер, Ашканилер және Сасанилер дәуірлері бөлек-бөлек сипатталған.

Бұл туынды үш бөлімнен тұрады. Мифология бөлімінде Киумарстан Феридунның патшалығы дәуірі қамтылған. Пехлеви бөлімінде ұста Кавенің көтерілісінен Рүстемнің өліміне дейін баяндалған. Тарихи бөлімде Бахманның патшалығы, Ескендірдің пайда болуы мен Сасанилер билігінің құлағанына дейінгі аралық қамтылған.

«Шахнама» кітабы ақлақтық тағылымға толы. Онда батырлардың өмірбаяны, отансүйгіштік сезімін тудыру және төзімділікке шақыру мәселелері көтерілген. Фирдоуси аумалы-төкпелі Саманилер мен Ғазнавилер заманында өмір сүрсе де, ешқашан өзінің адамгершілік және мейірімділік принциптерінен аттамай, еркін де абыройлы өмір сүрген. Фирдоусидің көзқарасынша, ирандықтардың дүниетанымында әділет пен ізгілік ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты.

«Шахнаманы» парсы тілінің сөздік қоры және шешендік сөздің қазынасы деп атауға болады. Сол себепті кез келген адам «Шахнамамен» оңай байланыс орнатады. Кітапта оқырманға түсініксіз, бұлыңғыр тұстар аз.

Парсы тілі мен ежелгі Иран тарихын қайта жандандыру қозғалысы хакім Әбілқасым Фирдоусиге қарыздар. Бұл данагөй Иранның исламға дейінгі мәдениетін Иранның ислам келгеннен кейінгі  мәдениетімен байланыстырып, «Шахнаманы» жырлауда ирандықтардың наным-сенімдері мен әдет-ғұрыптарын пайдаланған.

Фирдоуси өз заманындағы жоғары әлеуметтік топқа жататын диқандар қауымынан шыққан. Сол себепті Иранның ежелгі мәдениеті және салт-дәстүрімен жақсы таныс болған. Осы білім оның поэтикалық дүниетанымын қалыптастырған.

Әбілқасым Фирдоуси парсы тілін құрып кетуден құтқарумен қоса, ирандықтардың болмысын, соның ішінде аңыз-әңгімелерін сақтап қалды. Ол жалғыз өзі қаймықпастан мәдениет пен әдебиет майданына бас қойып, бәрін өзінің сөз шеберлігімен таңғалдырды.  

Иран және әлемнің ең көрнекті ақындарының бірі Фирдоуси мұсылман болған. Бірақ барлық мазхабтарға құрметпен қараған. Ол эпикалық өлеңдер жырлау арқылы парсы тілін жандандырып, Иранның мәдени, әдеби, саяси және діни біртұтастығын сақтауда маңызды рөл ойнап, «Иран» деп аталатын кеңістікте өмір сүрген барлық қауымдар мен діндердің бірлігін сақтау қажеттігін баса айтқан.

Фирдоусидің «Шахнамасы» түрлі жағдайлардағы адамның көңіл-күйін эпикалық қалыпта көрсетіп, оны жақсылап сараптап, түсіндіріп берген. «Шахнамада» рухани кеңістік те, қарапайым адамның күнделікті тіршілігі де байқалады. Фирдоуси осы ауқымды шығармада өлім, махаббат, Құдай, әйел, бақыт, иман, Отан, ақыл, хикмет, руханият, соғыс пен бейбітшілік, әділет пен басқа маңызды илаһи және адами мәселелерге тоқталған. Марқұм доктор Мұхаммадәли Ислами Надушанның айтуынша, «Шахнама» – кемеліне жеткен кітап. Ол бір өзі парсы тіліне қатысты барлық кітаптармен тең түседі. Егер нақтылап іздесек, парсы тіліне қатысты маңызды кітаптардағы даналық, білім мен ой-толғаудың бастауын «Шахнамадан» тауып алуға болады.  

«Шахнама» – дұрыс өмір сүру үшін екі принцип – әділдік пен ақылға сүйену керегін айтатын әлемнің ең маңызды эпикалық туындысы. Бұл кітапта адамға әдептілік, сыпайылық пен көрегендікті сақтау қажеттігі үйретіледі. Саналылық, даналық, байсалдылық, қуаныш – қысқасы адамның өмірін жайлы да бағалы ететін нәрселердің барлығы «Шахнамада» мақталған.

Тарихшылар мен мысыртанушылардың бірі Иран үшін «Шахнаманың» маңыздылығы туралы: «Мысырдың көне әдебиеті мен копт тілі арабтардың шабуылынан кейін жойылып, ұмытылды. Қазір Мысыр елінің ресми тілі – араб тілі. Өйткені мысырлықтарда ирандық Фирдоуси сияқты адам болмады. Мысыр араб шабуылынан кейін өзінің тарихы, өркениеті, мәдениеті мен тілінен айырылды. Біз мысырлықтардың мәдениеті туралы сөйлей алмаймыз. Өйткені бүгінде бұл жерде осы мәдениетті ұстанатын бірде-бір адам жоқ. Ал Фирдоуси ирандықтардың мәдениеті, тілі мен эпикалық тарихын «Шахнамамен» мәңгілік етті»,-деді.

Фирдоуси өлең арқылы күнелткісі келген жай ақын емес. Бұлай болғанда бұлтарыс-қалтарысы көп осы ұзақ жолда жүрмес еді. Сондай-ақ, ол ежелгі Иран мәдениеті тақырыбын қызық үшін көтермеген. Ол Саманилер билігі кезінде ортақ болмысты сипаттау үшін ирандық мәдениетті бір қалыпқа салуға тырысқан адамдардың қозғалысына қосылып, осы жағдайдан терең әсер алып, «Шахнаманы»  жырлауға кіріскен.  

Фирдоуси бұрынғы аңыз-әңгімелерді қайта жазуға тырысқан, мұны болмысты сақтауға қажетті іс деп санаған. Сол себепті мына жайтқа назар аудару керек: мәселе тек өткенді баяндау, яғни мифологиялық тарих қалыбындағы өткенді баяндау емес, саналы түрде жырлау, яғни халықтың кім екенін қайта анықтап, баршаның алдына жарық шырақ қою болған.  

Фирдоуси сол замандағы жағдай мен сенімдік өзгерістерге көңіл аудармай, бұрынғы аңыз-әңгімелерді қайта жырлағысы келсе, ешқашан мұндай мәтін шықпас еді. Ол кітаптың мифологиялық бөлімін «Құдайнама» мен  жазба және ауызша дереккөздерге сүйеніп жазған. Ол өзін тарихшы емес, көбіне осы қазыналарға жақын аманатқа берік баяндамашы санаған. Фирдоуси ұзақ жылдар жырлап, сабырлық танытып, «Шахнаманың» мәтінін түзеткен. Сөйтіп Иран қоғамына және тіпті әлемге мәңгі туынды сыйлады. Ол саяси және материалдық мақсаттардан жоғары дүниені көздеген. Жоғары мақсатты көздейтін адам халық пен қоғамның сүйіктісіне айналып, бұл жолда сәттілікке қол жеткізеді.

Тарихи тұлға жайлы сөз қозғағанда ол өмір сүрген заманның тарихи деректеріне басымдық беріледі. Бұл деректер оның тұлғасы мен мақсаттарын толық көрсетпейді. Бірақ осы куәлер арасынан сол тұлғаның бейнесін анықтауға болады.  Фирдоусидің өмірі туралы көп білмейміз, бірақ оның тұлғасы мен «Шахнаманы» жырлаудағы мақсатын өлең жолдары арасынан білуге болады.

Фирдоуси 941 жылы дүниеге келген. Жастық шағында жырлаған өлеңдерден кейін 40 жасында Әбу Мансуридің «Шахнамасы» қолына түсіп, оны поэзия қалыбында жырлай бастады. 996 жылы кітаптың алғашқы нұсқасын аяқтады. Қаржылай қиындыққа байланысты уәзірдің кеңесі немесе өзінің бастамасымен кітапты Махмұт Ғазнавиге сыйлауға шешім қабылдаған. 6 жылдан кейін, яғни 1010 жылы 30 жыл жазылған «Шахнаманың» екінші нұсқасын Махмұт Газнавиге сыйлады. Ғазнави сұлтаны кітаптың қадірін білмегендіктен Фирдоуси «Шахнамаға» сұлтанды сөгіп, өзінің көрген азабын баяндаған бәйіттер қосқан.

Түрлі себептерден  сұлтан Махмұт «Шахнаманы» қабылдамаған. Себептердің бірі ретінде пайғамбар әулеті туралы өлең жазған шиіт Фирдоуси мен сүннит Махмұт арасындағы діни қайшылықтарға тоқталуға болады. Сонымен қатар  ұлттық мәселелерге қатысты қайшылық, Махмұт Ғазнавидің «Шахнамада» ирандықтардың мақталғанына қарсылық білдіруі Ғазнави сарайында осы еңбектің қабылданбау себептерінің бірі болды.

Фирдоусидің өз жасы мен әлсіздігі туралы айтқан өлеңдерін назарға алсақ,  ол 1015-1021 жылдар аралығында қайтыс болды деп нәтиже шығаруға болады.

Тустағы Фирдоуси ескерткіші

 

Фирдоуси Шахнамада ақылды мақтауда аянып қалмады. Оны ізгі ұғым деп атады. Ол ақылды қайта тірілу мәйегі санап, оны Алла бергеннің барлығынан жоғары деген. Фирдоуси өз жырын жаратылыстың ең жоғары ұғымы санаған ақылдан бастап былай деді:

Жан мен ақылды жаратқан Құдайдың атымен

Бұдан артық ой болмас

Оның сенімінше, адам ақылдың көмегімен жақсылық мен жамандықты ажыратып, сол арқылы бұ дүниеде бақытқа жетіп, ана дүниеде қайта тіріле алады. Бүгінгі бағдарламаны «Шахнамадағы» ақылдың маңыздылығы туралы бірнеше бәйітпен аяқтаймыз. Бәріміз ақылды болайық.

Ақыл – жолнұсқаушы, ақыл – жүректі ашушы

Ақыл екі дүниеге де жол ашады.

Одан қуаныш та, қайғы да болады.

Одан артық та, кем де болады. 

Ана шешен ақыл жайлы не айтты?

Дана адам оның сөзінен не алды?

Ақылға сүйенбеген адам

Өз ісіне өкінетін болады.

Ақыл – жанның көзі, көрсең егер

Сен көзсіз қуанышты өмір сүре алмайсың. 

Тегтер