Там 08, 2022 07:29 Asia/Almaty

Бүгін мұхаррам айының оныншы күні.

Хиджри күнтізбесінің 61-ші жылының мұхарам айының басталуынан он күн өтті. Ашура күні түскі уақыт. Имам Хұсейн (ғ.с.) өмірінің аяқталуына санаулы сағаттар қалды. Имам Хұсейннің (ғ.с.) аздаған серіктері  Исламның ұлық пайғамбары немересінің болмысындағы адамгершілік пен еркіндікті қорғау үшін соғыс алаңына сүйіспеншілікпен аттанды. Олардың әрқайсысы бірнеше жанымыз болып, олардың барлығын Алла елшісінің пәк перзентін қорғау үшін пайдаланатын едік деп армандады.

Соғыстың ортасында Әбу Самама Саиди түскі намаз уақыты келгенін байқап, имам Хұсейннің (ғ.с.) қасына жақындап: «Уа, Аба Абдолла,  мен сіз үшін жанымды беремін! Жау әскері жақындап қалды, Алламен ант етемін, мен сенен бұрын өлуім керек. Бірақ мен Алланы кездестірмес бұрын өзіңмен бірге намаз оқып кеткім келеді, намаз уақыты келді»,- деді. Имам Хұсейн (ғ.с.) басын аспанға көтеріп: «Намаз оқуды ескерттің, Алла сені намаз оқып, еске алушылардың қатарына қосады»,- деп: «Дұшпанға  бізге намаз оқуға уақыт берсін деп айтыңдар»,- деп сөзін жалғады. Бірақ Куфе әскерінен Хұсейн бин Тамим: «Сендердің намаздарың қабыл емес», - деді. Имамның адал досы Хабиб бен Мазаһер  дауыстап: «Егер Алла елшісінің (с.ғ.с.) перзентінің (ғ.с.) намазы қабыл болмаса, сен сияқты адамнан ешқашан қабыл болмайды», - деп жауап қайтарды.

Имам Хұсейн (ғ.с.) ерекше көңіл күймен соғыс алаңында намазға тұрды және оның серіктері жамағат саптарына қосылды. Имамның бірнеше адал серіктері қалқан болып, хазіретті қорғап тұрды. Саид бен Абдолла мен Омар бен Құрза Кааби  имамның алдына тұрып, кеуделерімен қалқалады. Намаз біткен кезде екеуі жаудың жебелерінен  жерге құлап, шәһид болды. Олар ең керемет намаздан естелік қалдырды. Сөйтіп, түсте майдан даласында өмірдің ең әсем әні қалыптасты.

 

Ашура көтерілісінің басшысы – әділет іздеуші, кейінге шегінбейтін, Алланың сүйіктісі болып табылатын Пайғамбардың (с.ғ.с.) немересі. Ол нышандары мен белгілері адамдарды қауіпсіздікке, әділдікке және теңдікке жеткізетіндей діни қоғам құрғысы келді. Имам Хұсейн (ғ.с.) көтерілістің барлық кезеңдерінде Алланың есімін еске алып, мешіттерде сөз сөйлеп, адамдарды келісімде берік болуға, Алланың рұқсат еткен және тыйым салған нәрселерін сақтауға шақырды. Имам көтерілістің мақсаты туралы: «Уа, Аллаһ!   Біздің мақсатымыз – діннің белгілерін ашып, зорлық-зомбылық көрген құлдарыңның жайдары болып, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерің, өсиеттерің орындау үшін барлық жерлерде өзгеріс пен әділеттілікті көрсету екенін білесін»,- деді.

Имам Хұсейннің (ғ.с.) көтерілісі ақиқатты орнықтыру және Алланың дінін жаңғырту болды. Имам Хұсейннің (ғ.с.) Ашура күні түскі намазы Қиямет күніне дейін барша мұсылмандарға  оның соғысы, жиһады және құрбандығы   діннің белгілерін, әсіресе намазды сақтап қалу болды деген хабарды жеткізді. Имам Хұсейн (ғ.с.) намазға деген сүйіспеншілік пен Аллаға  сырын айту мен мұқтаждығын білдіруді ардақты әкесінен үйренді.  Исламның басындағы Құранның ұлы тәпсіршісі Ибн Аббас Сафейн шайқасының қызған шағында хазірет Әлидің (ғ.с.) басын аспанға көтеріп, бірдеңе күтіп тұрғанын көріп: «Уа, мүміндер әмірі,  бір нәрсеге алаңдап тұрсыз ба?»- деп сұрады. Хазірет Әли (ғ.с.): «Иә, мен намаз уақытын күтіп тұрмын»,- деп жауап берді. Ибн Аббас: «Осы сын сағатта біз күресуді тоқтатып, дұға ете алмаймыз»,- деді. Имам Әли (ғ.с.) оған қарап: «Біз олармен намаз үшін соғысып жатырмыз», - деді. Имам Хұсейн (ғ.с.) де атасы Алла елшісі (с.ғ.с.) және  әкесі Әли (ғ.с.) сияқты намазды жақсы көретін. Намазда ол Аллаға сондай жақындайтын, оның жүзінің түсі өзгеретін. Азаттық пен ақиқатты іздеудің үлгісі болып табылатын имам Хұсейн (ғ.с.) соңғы намазында адамзатқа өмірдің ақиқатты іздеп, абсолютті ақиқатқа, яғни Аллаға қарай жылжудан басқа ештеңе емес және намаз –  жол ашатын берік көпір екенін жеткізген. Намаз –  Жаратушымен байланыстың ең көркем көрінісі. Бұл рухани байланыс Алла жолындағы күрескерлерге күш береді. Ашура күні, күн ортасынан өтті, Кербала жері қанға былғанды, имам Хұсейн (ғ.с.) мен серіктері түс намазын оқыды. «Уа, Алла өзіннен басқа Құдай жоқ. Мен сенің пешененнің алдында шыдамдымын. Уа, әрбір адамды іс-әрекетімен өлшейтін Алла, мен мен осы адамдардың арасына үкім ет, сен ең жақсы қазысың»,- деген имам Хұсейннің (ғ.с.) дауыс естілді.

 

 

Имам Хұсейн (ғ.с.) қозғалысының ұмытылмауының бір себебі – ахлақтық және адами құндылықтардың жарқырауы және  діндарлық пен Алламен байланыстың ең әдемі көрінісі болып табылатын намаз. Ғибадат пен намаз илаһи діндерде ерекше көріністер болып табылады. Хазірет Ибраһим дұғасында Алладан әйелі мен балаларын намаз оқитындардың қатарына қосуын сұрайды. Құран аяттарына сәйкес, хазірет Исаға тірі кезінде намаз оқу міндеттелді. "Сондай-ақ  ...  тіршілігімде намазды, зекетті орындауға бұйырды». («Мәриәм», 31-ші аят). Құран Кәрім намазды иманның белгісі деп санап, хадистерде дін тірегі ретінде енгізілген.   Ашура қозғалысының ең әдемі көрінісі  намазды маңызды деп біліп, оны келген уақыттың басында оқу. Имам Хұсейн (ғ.с.) Ашура күні дәл осылай жасады.  

Имам Хұсейн (ғ.с.) Ашура күні  аптап ыстыққа, шөл мен жаудың   шабуылдарының қаупіне қарамастан намазға тұрды. Намаздың жұпар иісі Кербала жазығына таралды, Язид әскері құлшылық етушілерге қарай жебелерін жіберді. Имам Хұсейн (ғ.с.) Ашура күнгі түскі намазымен барлық ояу ұждандарға оның Ашура қозғалысының мақсаты дүниелік және нәпсі қалаулары емес, дінді талап етуі мен парызын орындау болғанын дәлелдеді. Имам (ғ.с.) Ашура күнінің түскі намазын оқу арқылы өзінің шынайылығын, пәктігін, имандылығын, илаһи басшы ретіндегі ерекшелігін көрсетті. Имам (ғ.с.) өзінің адалдығын, пәктігін, имандылығын, илаһи басшы ретіндегі ерекшелігін Ашура намазын оқу арқылы жеткізді. Ашура оқиғасын илаһи қозғалыс ретінде басқа қозғалыстардан ерекше ететін ең маңызды фактор – Ашура түскі намазы. Тағы бір мәселе, өзін мұсылмандардың халифасы деп таныстырған Язидтің әскері имамға (ғ.с.) шабуыл жасап, намаздың қасиеттілігін  құрметтемей  өздерінің зұлымдық пен дінге қайшы болмысын әшкереледі.

Серіктердің барлығы шәһид болып, имам Хұсейн (ғ.с.) жау әскерінің алдында жалғыз қалған кезде, олар жан-жақтан оған қарай жебелерін жіберді. Имам (ғ.с.) қылышын қолына алып, жауға қарай шабуыл жасады. Жаудың көбі имамның қылышынан өлді, басқалары қашып бара жатып, құлап, қырылып қалды. Имамның болмысында абырой, ұлылық, ерлік пен құрбандық жарқырып, ұлылығы дұшпанның үрейін ұшырды. Оның тамырында Мұхаммад (с.ғ.с.), Әли (ғ.с.) және Фатиманың (ғ.с.) қаны қайнап жатыр. Имам Әли (ғ.с.) адамдарды надандық пен алдаудан құтқару үшін қажет нәрсені істегеніне Құдайды куә етеді. Ол ерлікпен күресіп, ата-баба ұлтының дінін қорғау үшін ғана көтерілгенін еске алады. Оның ерлігі  хазірет Әлидің (ғ.с.) ерлігін  есте жаңғыртады. Бірақ билік пен байлықтың сараңдығы дұшпанның ақиқаттың алдында көзін жапты. Бірте-бірте күн аспаннан өтіп барады, Ашура түсінен сағаттар өтті. Үлкен қасірет орын алып, Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүйікті перзенті Хұсейннің (ғ.с.) таза қаны Кербала жерін былғап, басы дұшпанның қолына түседі. 

Бүгінде Язид әскерлерінің   қатыгездігі  жан түршігерлік қылмыс ретінде есте қалды. Бірақ имам Хұсейн (ғ.с.) мен адал серіктері көрсеткен батылдық пен  жанқиярлық  жандарға жаңа рух беріп, махаббат пен батылдыққа мән берді.

 

 

Тегтер