Қыр 04, 2022 13:12 Asia/Almaty
  • Әбу Райхан Бируни - адамзат тарихындағы ең ұлы данышпан

13 шахривар (4 қыркүйек) – Иранның күнтізбесінде ирандық ғалым әрі ойшыл Әбу Райхан Бируниді ұлықтайтын күн.

Әлемдегі өркениет пен ғылым тарихында ирандықтардың үлесі зор. БҰҰ-ның Вена қаласындағы ғимаратының алдында адамзат тарихындағы төрт ұлы астроном, дәрігер және ғалымның мүсіндері салынған. Бұл төрт ғалым қай жерден және қай ұлттан шыққан? Интернеттен іздесеңіз, сіз осы төрт тұлғамен танысасыз.

БҰҰ ғимараты алдындағы 4 ирандық ғалымның ескерткіші (Persian Scholars Pavilion)

Бірінші мүсін ирандық ғалым әрі философ, "Шипа" мен "Канон" кітаптарының авторы Әбу Әли Синаға тиесілі. "Шипа" – жан-жақты ғылыми-философиялық энциклопедия. "Канон" – әлемнің медицина тарихындағы ең танымал кітаптардың бірі. Екінші мүсін х.қ.ж.с.б. 4-5 ғасырларда өмір сүрген ұлы ирандық ғалым, математик, астроном, күнтізбетанушы, адамтанушы, үндітанушы және тарихшы Әбу Райхан Бируниге тиесілі. Үшінші мүсін Селжұқтар заманында өмір сүрген ирандық философ, математик, астроном әрі рубаишы ақын хәкім Омар Хайямға тиесілі. Ал төртінші мүсін ирандық дәрігер, философ әрі химик Закария Разиге тиесілі. Ол медицина, химия және философия салаларында мәңгілік еңбектер жазды және спирт пен күкірт сиясын (күкірт қышқылы) тапқан адам ретінде танымал. Персеполис стилінде салынған арканың ішінде мүсіндері қойылған  осы төрт ғалым Иран жерінде тәрбиеленіп, шартарапқа өз білімдерін таратқан. Осы ұлы ғалымдардың мүсіндері Иран халқының адамзат тарихында білім мен ғылымға қосқан үлесін еске түсіреді.

БҰҰ ғимараты алдында салынған ирандық ғалымдар аркасындағы Әбу Райхан Бирунидің мүсіні

13 шахривар (4 қыркүйек) Иранның күнтізбесінде ирандық ғалым әрі ойшыл Әбу Райхан Бируниді ұлықтайтын күн деп белгіленген. Бұл көрнекті ғалым ғылымның әртүрлі салаларында, соның ішінде математика, астрология, география, геология, этнография, физика және астрономияда өз заманының бетке ұстар тұлғасы болған және адамзат қоғамына өлшеусіз қызмет көрсеткен. 18 металл мен асыл тастың тығыздығын өлшеу, Жердің диаметрі мен шеңберін өлшеу, географиялық карталарды жобалауда жаңа тәсіл қолдану, қалалар арасындағы қашықтықты өлшеу, Үндістан халқының тарихы мен наным-сенімдерін зерттеу, Закария Разидің еңбектерінің тізімін жасау – Әбу Райхан Бирунидің мәңгілік еңбектерінің бірі.

Иранның көрнекті ғалымы Әбу Райхан Мұхаммед бен Ахмед Бируни х.қ.ж.с.б. 362 жылы 3 зихаджеде (х.ш.ж.с.б. 351 жылы 18 дей, милади жыл санаға бойынша 973 жылы) Хорезм уәлаятындағы қалалардың бірі Каста (Kath) дүниеге келген. Әкесі Әбу Жапар Ахмед бен Әли Андижани Хорезмшах сарайының астрономы болған. Гургандж обсерваториясында қызмет атқарған. Бирунидің айтуынша, оның әкесі көре алмаушылардың жала жабуы салдарынан сарайдан қуылып, Хорезмнің айналасындағы ауылдардың бірінде тұруға мәжбүр болған. Олар ауыл халқына бөтен болғандықтан "Бируни" (сырттан келген) деген атпен танымал болып кеткен. Кейбіреулердің айтуынша, ол Хорезмнің астанасы болған Кас қаласының сыртында дүниеге келгендіктен "Бируни" деген атпен танылған.

Әбу Райхан түрлі кезеңді бастан өткерген. Хорезмшахтықтардың сарайында және Ғазнавилердің үш патшасының сарайында көп ғылыми қызмет атқарды. Еуропаның бирунитанушылары, соның ішінде Видманн, Сутер мен Решердің зерттеулері бойынша, Бирунидің бүкіл туындылары ауқымды еңбектер мен түрлі тақырыптарға арналған қысқа трактаттардың барлығын санағанда 180 еңбектен асады. Солардың 115-ке жуығы математика, астрономия мен осы салаларға қатысты тақырыптарға арналған. Соның тек 28-і ғана біздің қолымызға жетті. Эдвард Захайдың (Edvard Saxchau) айтуынша, Бируни – адамзат тарихындағы ең ұлы данышпан. Бұл таңғажайып тұлға қазіргі заманғы университеттің барлық пәндері, соның ішінде тарих, әдебиет, философия, жаратылыстану, математика, геометрия және астрономияда терең білімге ие болған. Алайда ғылыми мәтіндерді араб тілінен латын тіліне аудару қозғалысында (х.қ.ж.с.б. 6-7 ғасырлар) оның ешбір еңбегі латын тіліне аударылмады. Ислам заманындағы өмірбаян жазушылардың Бирунидің ғылыми мұрасын назардан тыс қалдыруы осыған әсер еткен болуы керек.   

Әбу Райхан Бируни кез келген ғылыми дәлелмен бірге сынақ та жүргізілуі керек, сонда цитаталар, түсініктемелер мен дәлелдердің дұрыс-бұрысы анықталады деп санаған. Ғылымда практикалық тәсілдерді пайдалану Бирунидің жаңашылдығы болған. Бірнеше ғасыр өткеннен кейін Еуропада Бекон мен Декарт сияқты ғалымдар да осындай ұсыныс жасап, қазіргі ғылыми тәсілдің негізін қалады.

Әбу Райхан өз заманынан озық ойлайтын ғалым болған, сондықтан адамзат баласы үшін құнды қызмет атқара алды. Ол Жер бетінің көлемін өлшеді. "Астролябия" кітабының соңғы бөлімінде Жердің жарты шарының өлшеуге арналған формулалар шығарды. Батыс ғалымдары бұл формулаларды Бирунидің атымен атады.

Әбу Райхан Бируни

 

Ол әртүрлі қауымдар мен өркениеттерде қолданылған жыл, ай мен жеті күн жайлы баяндап, көптеген елдердің тарихын жазып, Айдың тұтылған күніне және оның басқа жерлерге көрінуіне қарап түрлі жерлердің ұзақтығын анықтаған. Әбу Райхан Бируни қазіргі заманғы білімге сай географияны зерттеп, осы салада тәжірибе мен зерттеуді қабылдап, жаратылыстану ғылымын математикаға негіздеген алғашқы адам болды.

Ұстаз Абдулхамид Нирнури осыған қатысты былай дейді: "Әбу Райхан Жердің Күнді айналу мүмкіндігі жайлы ашық әрі еркін сөйледі. Жер қозғалмайды деп дәлел келтіргендерге жауабында "Жер қозғалады, ал Күн қозғалмайды. Жер бетіндегі заттардың ғарышқа ұшып кетпеуінің себебі мынада: Жердің ортасында бір күш бар, ол заттарды өзіне тартып тұрады және Жер қозғалған кезде заттардың ғарышқа ұшып кетуіне кедергі жасайды" деген. Бұл сөздер ағаштан алма құлағанын көріп, тартылыс заңын ашқан Ньютоннан бірнеше ғасыр бұрын айтылған. Коперник пен Галелеодан бірнеше ғасыр бұрын Жердің Күнді айналуы тақырыбы ислам дінбасыларының ешқандай қарсылығынсыз еркін түрді талқыланған".

Әбу Райхан Бируни астрономия, медицина, этнография, тарих, математика және философия салаларында көп еңбек жазған.

Бирунидің «Малелхенд» кітабы – Үндістанның тарихы, діні, әдет-ғұрпы және білімі туралы жазылған ең көрнекті еңбек Осы тұрғыдан Бируниді салыстырмалы этнография мен дінтану саласында көшбасшылардың бірі деп атауға болады. Ол осы этнографиялық зерттеуде көп қиыншылықтарға ұшырады. Өйткені ол бір мұсылман ретінде мұсылмандарды жек көретін халықтың жеріне барды. Олардың тілін үйрену өте қиын болды. Бұған қарамастан, Бируни санскритті жетік меңгеріп, үнді халқы мен үнді даналарымен байланыс орнатуға тырысып, зерттеу жүргізу үшін Үндістанның түрлі жерлеріне сапар шеккен.

Бируни «Малелхенд» кітабында бейтарап сарапшы ретінде үнділердің наным-сенімдері мен әдет-ғұрыптарын таныстыруға талпынған.

Бирунидің басқа бір еңбегі «Масуди заңы» деп аталады. Оның толық атауы  - «Әл-Қанун әл-Масуди фил-һиате уәл-нуджум». Бұл кітап – астрология, география, математика мен астрономия салаларына қатысты он бір бөлімнен тұратын энциклопедия.  Ол мұсылман астрономдарының ғылыми тұрғыдан дамығандығын көрсететін ең үздік мысал саналады. Бируни бұл кітапта жұлдыздардың күрделі қозғалысын зерттеуге тырысқан.

Бируни өзіне дейінгі ғалымдардың айтқандары мен жазғандарына ғана арқа сүйемеген, талай рет өзіне дейінгі ғалымдар, соның ішінде  Аристотельдің теорияларын түйткілге ұшыратып отырған. Ол өзгерелердің сөздері мен өзінің теориялық зерттеулерінің дұрыстығын тексеру үшін құбылыстарды жіті бақылап, тиісті сынақтар жасап, тіпті халықтың наным-сенімі болса да, тексерген. Мысалы, «әл-Джамаһер» кітабында халықтың екі сенімін ғылыми тұрғыдан тексеру үшін бірнеше сынақ жүргізгенін баяндаған. Ол алмастың улы емес екенін тексеру үшін оны итке жегізген. Бірнеше күн өтсе де, иттің аман-сау жүргенін көрсеткен. Сондай-ақ, зүбаржат алқаны жыланның мойнына іліп, жыланның зүбаржатты көргеннен соқыр болып қалмайтынын көрсеткен. Бұл істі 9 ай бойы ыстық пен суықта тексерген. Ақырында «Бұл іс жыланның көру қабілетін арттырмаса, кеміткен жоқ» деп жазды.

Ол өзінің барлық жазбаларында кез келген тақырыпта тарихи негізге тоқталып, өзіне дейінгі ғалымдардың көзқарастарын салыстырған алғашқы ғалым. Кейде кітаптарды тек ғылым тарихын баяндау үшін жазған. Мысалы, күнтізбе мен уақытты есептеуге арналған «әл-Асар ул-бағие» еңбегінде түрлі халықтардың, соның ішінде  үнді, араб, грек, еврей және ирандық күнтізбелерді таныстырған.

Теһранның Лале саябағындағы Әбу Райхан Бируни мүсіні

 

Әбу Райхан Бирунидің зерттеу жұмыстарында сәттілікке жету себептерінің бірі бірнеше тілді білуі болды. Ол парсы, түрік, араб, иврит, сириялық (суриани) және санскрит тілдерін жетік білген. Грек тілімен де таныс болған. Ол халықтардың мәдениетін зерттеп, түрлі өркениеттердің білімін меңгеру үшін алдымен олардың тілін үйренуі керегін жақсы түсінген. Нақты зерттеулерде аудармашыны немесе аударылған кітаптарды пайдалану аса әсерлі болмайтынын ұққан. Осы тұрғыдан оның Үндістанға сапарындағы алғашқы ісі санскрит тілін үйрену болды. Өзі айтқандай, тіл үйрену қиын болды, бірақ табандылығының арқасында үйреніп алған. Ақырында санкрит тілін жетік меңгергені соншалықты, бірнеше кітапты санскриттен араб тіліне аударған. Кейбір жазушылардың айтуынша, бірнеше кітапты грек тілінен санкритке аударған.

Әбу Райхан Бирунидің еңбектерінен «Асар ул-бағие», «Тәһқиқ Малелхенд», «Масуди заңы» кітаптары және астрономия, математика мен географияға қатысты трактаттары еуропалық тілдерге аударылып, басылып шықты.  

 Жатқан жері жайлы болсын!

Тегтер