Хазірет Фатима-Заһраның (ғ.с.) қадір-қасиеттері (19)
Жел 27, 2022 19:55 Asia/Almaty
Ардақты Пайғамбардың (с.ғ.с.) қызы хазірет Фатима-Заһраның (ғ.с.) жанкүйерлері сансыз. Оның ізгі қасиеттері, ізгілігі, жоғары дәрежесі көп мадақталды. Достар мен дұшпандар оның кемелдігі мен ұлылығын мойындап, ұлылығын мадақтады.
Исламның ұлық пайғамбарының (с.ғ.с.) Фатимаға (ғ.с.) деген махаббаты әке мен баланың махаббаты емес еді. Пайғамбардың тірі кезінде қайтыс болған басқа қыздары болды. Бірақ Пайғамбар (с.ғ.с.) олардың ешқайсысына Фатимаға (ғ.с.) дегендей қызығушылық көрсетпеді. Бұл құрметке ұласқан қызығушылық еді. Рауаятта Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмірінің соңғы сәтінде, төсегінде жатқанда Әли (ғ.с.) мен Фатиманы (ғ.с.) және олардың екі ұлы Хасан мен Хұсейнді шақырғаны және әйелі Умма Салмаға: «Ешкім кірмейтіндей үйдің есігін қарап тұр»,- дегені айтылды. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.) Әлиге (ғ.с.): «Уа, Әли! Маған жақында»,- деді. Әли (ғ.с.) жақындады. Сол кезде Пайғамбар (с.ғ.с.) Заһраның (ғ.с.) қолын алып, кеудесіне қойды. Содан соң екінші қолымен Әлидің қолын ұстады. Бірдеңе айтқысы келді, бірақ көзінен жас ағып, сөйлей алмады. Фатима, Хасан және Хұсейн (ғ.с.) Пайғамбардың (с.ғ.с.) жылап жатқанын көргенде, қатты жылады. Бір кезде Алла елшісі (с.ғ.с.) басын көтеріп, Фатиманың (ғ.с.) қолын Әлидің (ғ.с.) қолына қойып: «Уа, Аба әл-Хасан! Бұл Алланың және Алла елшісі Мұхаммадтың (с.ғ.с.) аманаты сенің қолыңда, Фатимаға қатысты Алланы және мені ұмытпа! Уа, Әли, Аллаға ант етемін, Фатима - жәннат әйелдерінің қожасы. Аллаға ант етемін! Фатима (ғ.с.) Мәрияммен бірдей. Уа, Әли (ғ.с.), Фатима (ғ.с.) саған не бұйырса, соны істе, өйткені мен Фатимаға (ғ.с.) Жәбірейіл маған бұйырған нәрселерді айттым. Уа, Әли (ғ.с.), қызым Фатима (ғ.с.) разы болған адамға мен ризамын, оның разылығына Раббым мен періштелер де разы болады. Фатимаға (ғ.с.) зұлымдық жасаған адамға қасірет. Оның құқығын тартып алған адамға қасірет. Оны қорлаған адамға, онымен өшпенділік танытқанға қасірет»,- деді. Содан кейін Алла Елшісі (с.ғ.с.) Фатима, Әли, Хасан және Хұсейнді (ғ.с.) атын атап, оларды құшақтап: «Уа, Алла! Мен олармен және оларға еретіндермен татумын және оларды жәннатқа кіргізу менің міндетім. Кімде-кім олармен бәсекелесіп, оларға қысым көрсетсе немесе оларың алдына түссе немесе олардан және олардың шиіттерінен артта қалса, мен оның дұшпанымын. Аллаға ант етемін, Уа, Фатима! Сен разы болмайынша, мен разы болмаймын»,- деп айтты.
Тегтер