Білім мен ізгілік теңізі жағалауында
(last modified Sun, 22 Jan 2023 11:58:58 GMT )
Қаң 22, 2023 17:58 Asia/Almaty
  • Білім мен ізгілік теңізі жағалауында

Имам Мұхаммад Бақердің (ғ.с.) өмірі басқа да пәк тұлғалар (ғ.с.) сияқты Құранда баса айтылған ахлақтың шынайы бейнесі және адамгершілік қасиеттердің жарқын үлгісі болды.

Раджаб айының самалы соғып, дос іздегендердің құлағына: «Әй, жолда қалғандар,  күнәһарлар, өкінушілер, Алланың мейірімінен үміт үзбеңдер. Мейірімді Раббың сені бұрынғыдан да көп күтетін уақыт келді. Келіңдер, Алланың алдында тұрып, өткен күнәларыңызға тәубе етіңдер. Исламның ардақты пайғамбары: «Раджаб айы – үмметім үшін кешірім мен тәубе айы», - деген»,- деп  сыбырлайды.

Иә, Алланың нұрына, қасиеті мен мейіріміне толы раджаб айы да келіп жетті. Жүрегі Аллаға деген сүйіспеншілікке толы жандар тәубеге келіп, кешірім сұраумен, амалдар жасап, раджаб айын еске алумен, ораза ұстап, намаз оқу арқылы бұл мүбәрәк айдың  шексіз нығметтеріне ие болады. Бұл ай мүміндер үшін жақсы жүк жинап, шабан айына, сосын Рамазан айына дайын жүрекпен кіру үшін келді. Раджаб айының қасиеттілігін бақылаушылар мен оның амалдарын орындаушылар «Раджабиун» деп аталады. Қиямет күні періште: «Мынау раджабиундар ма? Раджаб айын қадірлеп, амалдары мен намаздарын орындағандар қайда?»- деп шақырады.

 

Раджаб айының бірінші күні имам Мұхаммад Бақердің (ғ.с.) туған күні. Ол хиджридің 57 жылы Мәдина қаласында   имам Саджадтың (ғ.с.)  үйінде дүниеге келіп, балалық шағында имамдық пен илаһи білімнің белгілерін көрсетті. Ол бала кезінен ғылыми сұрақтарға  жауап беретін, сондықтан   білімнің есіктерін ашушы «Бақер» деген лақап атқа ие болған. Ол ғылымды зерттеп, оның негіздерін түсініп және оның адамдарын танып, ғылым салаларын кеңейтті. Оның білімі мен түсінігі соншалық, білімінің атағы алыс елдерге тез жетті.  Асыл имамның ілімі кезінде  Хорасан  (Иранның солтүстік-шығысы) халқы ұзақ жол жүріп,   Мәдина қаласына барып, имам Бақердің (ғ.с.)  сабақтарына қатысып, өздерінің ғылыми мәселелерін көтеретін.

 

Хаббаба Уәлбия деген адамнан: «Қасиетті Мекке қаласында кешкі уақытта Қағбаның жанында отырған бір адамды көрдім, оның айналасына көп адам жиналып қалыпты. Олар оған діни және ғылыми мәселелер бойынша сұрақтар қойды, ол мыңға жуық сұраққа шыдамдылықпен жауап берді және қозғалмай түсіндірді. Сұрақтар  аяқталғаннан кейін ол орнынан тұрып, имандық және илаһи зікір айтып, атына қарай жылжыды. Осы кезде көпшілік арасынан: «Біліңдер! Ол пенделерді тура жолға салатын жарқыраған нұр. Бұл дүниені білімнің жұпар иісіне бөлеген жұпар иіс самал»,- деген дауыс естілді. Имамның біліміне таң қалған халық: «Бұл адам кім?»- деп сұрады. «Ол білімнің есіктерін ашушы деген мағнаны білдіретін «Бақер» деген лақап атқа ие Мұхаммад бен Әли (ғ.с.), Хұсейннің (ғ.с.) ұрпағы, оның атасы Әли бен Әби Талиб (ғ.с.) болып табылады»,- деп жауап берілді. Имам Бақер (ғ.с.) ғылым үйренудің маңыздылығы туралы былай деген: «Ғалымдардан ғылым үйрен және оны ғалымдар сендерге үйреткендей бауырларыңа да үйрет».

 

Имам Мұхаммад Бақердің (ғ.с.) өмірі басқа да пәк тұлғалар (ғ.с.) сияқты Құранда баса айтылған ахлақтың шынайы бейнесі және адамгершілік қасиеттердің жарқын үлгісі болды. Ибн Шахр Ашуб өзінің «Монақеб» кітабында ол туралы: «Ол адамдардың ең адалы, жомарты және кешірімдісі еді», - деп жазады. Имам Бақер (ғ.с.) Әһле-Бәйт (ғ.с.) арасында ең аз байлыққа ие болғанымен, кедейлер мен мұқтаждарға көп нәрсе берді. Әр жұма сайын бір динар садақа беріп: «Жұмадағы садақа осы күннің басқа күндерден артықшылығына байланысты екі еселенеді», - деді.

Имам Бақердің (ғ.с.) айтуынша, дүниедегі ең қайырлы іс - дін бауырларына мүлік беру еді. Хазірет (ғ.с.) кедейлерге сүйіспеншілікпен көмектесіп, оларды қатты құрметтейтін. Имам Бақерден (ғ.с.) кедейді кемсіткені естілмеген, ол оларды ең жақсы лақаб аттармен атайтын. Кедейлерге, тіпті таныстарына, қасына келген қонақтарға көмектесуден жалықпайтын. Ол тіпті баласы имам Садықпен (ғ.с.) өзінен кейін кедейлер мен діндар бауырларға көмектесіп, көмектесуді жалғастыруына уәде берді.

Имам Бақер (ғ.с.) науқастардың материалдық мұқтаждықтарын емдеп қана қоймай, олардың жаны мен рухына да көңіл бөлген. Имам Бақер (ғ.с.) ғылым мен білімде бірегей болып, өз заманының ғұламаларын таң қалдырғанымен, қарапайым адамдар сияқты егіншілік саласында тынымсыз еңбек етті. Өзінің ата-бабалары, әсіресе, хазірет Әли (ғ.с.) сияқты ол көптеген құрма өсірген.  Ол жер жыртудан, еңбектен, күш-жігерден еш кем түспей, ер адамның отбасының мұң-мұқтажын өтеудегі еңбегін қасиетті іс деп санап, өзгелерге үлгі-өнеге болатын.  

 

Имам Бақердің (ғ.с.) өз дәуірінің барлық тарихшылары мойындаған ең көрнекті ерекшеліктерінің бірі - оның асқан сабырлығы. Оның сабырлылығын сипаттауда «Мұхаммад Бақер (ғ.с.) ешкімге жамандық жасамаған, тіпті зұлымдыққа мейірімділікпен жауап берген»,- деп айтылды. Рауаяттардың бірінде: «Бір күні бір христиан Бақерге (ғ.с.): «Сен Бақарсың!» - деді. (Бақар сиыр дегенді білдіреді). Хазірет толық жұмсақтықпен: «Жоқ, мен Бақермін», - деді. Әлгі адам тағы да: «Сен аспаздың баласысың!» - деді. Хазірет: «Аспаздық анамның өнерінің бірі еді», - дейді. Әлгі адам үшінші рет балағаттап: «Сен қара жүзді, жаман сөйлейтіннің баласысың», - деді. Хазірет  сабырлы түрде: «Шын айтсаң, Алла оны кешірсін, ал өтірік айтсаң, Алла сені кешірсін!» – деді. Осы кезде имам тарапынан жұмсақтық пен мейірімділік көрген, Мәсіхті хазірет Бақер (ғ.с.) жүзінен көрген сол христиан адам Исламды қабылдап, мұсылман болды.

 

Имам Мұхаммад Бақердің (ғ.с.) басқа пәк имамдар (ғ.с.) сияқты ғибадат және рухани күйін сипаттауда көптеген нәрселер айтылған. Оның перзенті имам Садық (ғ.с.): «Әкем үнемі Алланы еске алатын. Тамақ ішіп отырғанда Алланы еске алатын. Ол адамдармен сөйлескенде,  ешқашан Алланы ұмытпады және «Алладан басқа,  Құдай жоқ» деген сөздері үнемі қайталайтын.  Таң білінген кезде бізді күн шыққанға дейін ғибадат жасауға шақырды. Құран оқуды білетін отбасы мүшелеріне Құран оқуды, қалғандарына Алланы зікір етуді насихаттады»,- деп айтқан.

Имам Бақердің (ғ.с.)  серіктерінің бірі Джабер бен Язид Джоафи де имам Бақердің (ғ.с.)  рухани күйлері туралы былай деді: «Бір күні имам Мұхаммад Бақер (ғ.с.) маған: «Уа, Джабер! Мен қайғылымын, жүрегім ауырады»,- деді. «Уайм-қайғың не үшін?»- деп сұрадым. Хазірет: «Уа, Джабер! Жүрегінде пәк илаһи сусынның ләззатын сезінген адам Алладан басқадан бет бұрып, жүрегі Алламен болады. Уа, Джабер! Бұл дүниенің сыйы не? Дүние мінген аттан немесе киген киімнен басқа нәрсе ме?» - деді. Содан соң имам: «Уа, Джабер! Алланы іздегендер дүниеге үміт артпайды және оған жүрегін байламайды және олар  ақырет туралы ойлайды. Дүниенің алдамыш нәрселері олардың жүректерін Алланы зікір етуден ешқашан тоқтатпайды, Алланы еске алуға құлақтарын жаппайды, дүниенің жарқырауы илаһи нұрды көруден олардың көздерін соқыр қылмайды. Сондықтан жақсы адамдар сыйларын алып, кешіріледі»,- деді.

Әлемнің барша мұсылмандарын имам Бақердің (ғ.с.) туған күнімен құттықтаймыз!