Наурыз дастарханы (1)
(last modified Mon, 20 Mar 2023 12:04:15 GMT )
Нау 20, 2023 18:04 Asia/Almaty
  • Наурыз дастарханы (1)

1402 жылғы (2023 жылғы) Наурыз мейрамы үшін 8 бөлімдік "Наурыз дастарханы" бағдарламасын дайындадық. Бағдарламаның бірінші бөлімінде көктемді қарсы алуға аттанып, ханетекани – үй жинау және қайтыс болғандарды зиярат ету рәсімдері жайлы сөз қозғаймыз Бізбен бірге болыңыздар!

Армысыздар, ардақты ағайын! Бүгін – х.ш.ж.с.б. 1401 жылғы қыстың соңғы күні. Биылғы табиғат көктемі Құран мен Рамазан айының көктемімен қатар келіп, ауаға хош иіс тарады. Осыған орай "Наурыз дастарханы" бағдарламасын 8 бөлімде дайындап, ирандықтардың Наурыз мейрамына қатысты әдет-ғұрыптары жайлы сөз қозғап, көне мейрамның кейбір рәсімдерін таныстыруды жөн көрдік. Наурыз қарсаңындағы Иранның қалалары мен ауылдарындағы көңіл-күймен танысамыз. Алдымен "Растак" тобының орындауындағы "Наурыз" әнін тыңдаңыздар.

 

Қанша қиын болса да, қыс аяқталды. Ағаштар бүр жарып, құстардың шықылдаған дауысы барлық жерге таралып жатыр. Көктемнің самал желі адам жанын жадыратады. Наурыз Иран мәдени кеңістігіндегі халықтардың ғана емес, табиғат үшін де қайта бастау болып саналады. Табиғаттың жанға жайлы дауысы Наурызды барлық адамдарға есте қаларлықтай етеді. Құстардың әні жүректі үміт пен құштарлыққа толтырады. Табиғатпен үйлесу және үндесу өмірді жалғастыруға және қайта бастауға ынталандырады.

 

Егер ақпанның аяғы мен наурыз айының басында Иранға сапар шексеңіз, ерекше сапарды бастан өткересіз. Халық көктем келгенге дейін Наурыз мейрамына дайындалады. Иранда есфанд айындағы көңіл-күй көруге тұрарлық. Жаңа жылға бірнеше апта қалғанда ирандықтар Наурыз бен көктемді қарсы алуға дайындалады. Көшеде жүрген адамдар саны артады. Біреу Наурыз мейрамына қажетті заттар сатып алады. Басқалар үйлер мен дүкендердің терезесін жуып жатады. Шын мәнінде Наурызды қарсы алу рәсімдерінің бірі – үй мен көшені тазалау. Мұны "Ханетекани" деп атайды.

Ханетекани – Наурыз мейрамына дейін атқарылатын әдемі рәсімдердің бірі. Адам үйді тазалап, артық-тұртық заттарды лақтырумен қоса, өз жүрегін бағыныштылықтан арылтып, жаңа жылды бастауға дайындайды. 

Джейкоб Эдвард Полак (Jakob Eduard Polak) сапарнамасын парақтап қарасаңыз, кітаптың бір бөлігінде Иранда Наурызға дейін атқарылатын рәсімдер жайлы жазылған. 1818-1819 жылдары Иранда тұрған ол өз естеліктерінде былай деп жазған: "Наурыз кезіндегі ирандықтардың қалаулы әдет-ғұрыптардың бірі – ханетекани. Адамдар мейрамға бірнеше күн қалғанда үйлерін тазалап, кілемдерін қағады. Әдетте ханетекани жылына бір рет атқарылады. Және ол Наурыз кезінде жүзеге асырылады".

Егер ханетеканиге қатысты аңызды білгіңіз келсе, бахтиярлардың әнін тыңдағаннан кейін бізбен бірге болыңыздар. Сонда мыңдаған жыл бұрынғы заманға сапар шегіп, көне ирандықтардың мифологиялық сенімімен танысамыз.

 

Кез келген жерде рәсімдер – бұрынғы әдет-ғұрыптардың жалғасы. Ал әдет-ғұрыптар аңыздардан туған. Аңыздар – қазіргі наным-сенімдердің көбінің түптамыры. Аңыздар уақыт өте келе ұмытылады. Ал аңыздардың сақталуына кепіл болатын әдет-ғұрыптар жалғасын тауып, рәсім қалыбына түседі. Кейде олардың қолданыс аясы өзгереді. Осы рәсімдердің бірі – ханетекани. Бүгінде бұл рәсім Иранда және ирандық мәдени кеңістікте көктемді қарсы алу үшін атқарылады.  

Көне аңыздар бойынша Наурыз өткізудің түрлі дәлелдері бар. Кейбіреулер оны мифологиялық патша Джамшидтің таққа отырған күні деп атайды. Басқалар оны көне заман адамдарына рух немесе Фравашидың (Fravashi) қайтып оралған күні деп білген.  Фраваши (Fravashi) немесе Фаравахар (Farahvahar) – шын мәнінде араб тілінде "рух" деген мағына беретін арийлік атау. 4500 жыл бұрын Жер шарындағы қауымдардың көбі пұтқа табынып,  адамның бар болмысы тек топырақтан жаралған фәнилік тәнмен шектеледі деп жатқан кезде көне арийліктер денеден бөлек рух барына, өлімнен кейін бұл рух фәнилік денеден шығып, басқа жерде болмысын жалғастыратынына сенген.  Көне Иранның мифологиясына сәйкес, Ирандағы патшалық тәждің символы саналатын Фаравахар Наурызда Жерге қайтып оралады.

Көне Ирандағы Фаравахар символы

Шын мәнінде Иранның көне мәдениетімен біте қайнасып кеткен Фаравахар адамды дұрыс жолға салу үшін оның өмірінің барлық кезеңінде адаммен бірге болады. Бірақ адам дұрыс жолдан шығып, бұрысқа бет алғанда Фаравахар құс қалпында күнәһар адамның болмысынан ұшып шығып, оны тастап кетеді.

Наурыз мейрамы жақындаған кезде жақсы адам болып қайтыс болғандардың Фаравахарлары жылдың соңғы бес күнінде жердегі туыстарына қайтып келіп, Ахура Маздадан Жаңа жылға шаттық пен береке алып келеді. Фаравахарлар жұмақта Құдаймен бірге пәктік пен нұрда өмір сүретіндіктен Жерде жұмақтай жайлы, ластық пен қараңғылықтан тазартылған үйлерге кіреді. Шын мәнінде көне ирандықтар пәк әрі әдемі Фаравахарлар келуі үшін үйді тазалаған. Егер үй ластықтан тазартылмаса, қайтқан туыстардың аруақтары сол үйге келмейді. Сөйтіп үй тұрғындары шаттық пен берекеден мақрұм қалады.

Бағдарламаны Машалла Бамиридің орындауындағы "Көктем мезгілі" атты бәлуч әнімен жалғастырамыз.

Шын мәнінде үй жинау рәсімі – Наурызды қарсы алудың бір түрі. Жаңа жыл жақындағанда адамдар үй жинастырып, ескі ыдыстарды жаңамен алмастырып, бәрін жаңартуға тырысады. Бәрінен бұрын аналар мен әйелдер үйдің басқа мүшелерінен көбірек осы рәсімге көңіл бөледі.

Исламда да халық тазалық сақтап, таза болуға шақырылған. Бұл принцип барлық илаһи діндердің тағылымдарында сақталған. Ислам діні әрдайым гигиенаны сақтап, таза жүру керегін баса айтады және өмірге жаңа рең беріп, өзгеріс жасауға зор маңыз береді.

Наурыздың тағы бір әдемі рәсімдерінің бірі – жылдың соңғы бейсенбісінде зират басына бару. Адамдар жылдың соңғы бейсенбісі немесе жұмасында қабір басына барады. "Амват" деп аталған күнде зират басы қайтқан жандарды еске алуға жиналған адамдарға толады. Әрбір адам өз қадірлісінің басында дұға оқиды, қайыр садақа береді, су немесе хош иісті сумен қабір тасын жуады. Сөйтіп бірнеше сағат қабір басында болады.

Иранның мұсылман халқының сенімінше, жылдың соңғы жұма күні қарсаңында, яғни бейсенбі күні қайтыс болған адамдардың қабірін зиярат ету керек. Туған-туыс қайтқан жандардың қабірлеріне барып, қабір тасының шаңын сүртіп, маңын тазалайды. Яғни қайтқандардың үйін тазалайды. Жылдың соңғы түні оларға қараңғы болмасын деп кейде қабір басына шам немесе шырақ жағады. Қабір басына жеміс-жидек пен тәтті-дәмділер, халуа, құрма мен көк шөп қою және кейде "Жеті син" дастарханын жаю да зиратта өмірдің белгілерін тірілту болып табылады, қайтыс болғандардың ұмытылмағанын білдіреді және өмір мен өлімнің мәңгілік байланысын еске салады.

Наурызға қатысты бірінші бағдарламамыз аяқталды. Келесі бағдарламада  "Жеті син" дастарханы жайлы сөз қозғайтын боламыз.