Қыр 30, 2023 19:05 Asia/Almaty
  • Моулавидің тағылымдары – қазіргі заманның адасқан адамдары үшін сара жол

Моулавидің қазіргі заман адамына жолдауы – Құдайға махаббатпен құлшылық ету, ғаламды әдемі көру, өзінің адами қадір-қасиетін түсіну, өмірде қуаныш пен мейірім сыйлау қатынасын ұстану.

Бүгінде адамзат баласы басқа кезден көбірек әдебиетке мұқтаж. Ашу-ыза мен қатігездік өршіп, адамгершілік әлсіреген заманда, әлем жаңалықтарының басты тақырыбы өлім-жітім, қантөгіс пен қатігездік болып тұрған шақта әдебиеттің орны ойсырап бос тұрғаны бұрынан да көбірек байқалады. Әдебиеттің миссиясы – адам өмірі мен қоғамның шындығын айнытпай көрсету. Ол адам өмірін өзгертіп, жақсартып, жоғарылатуды мақсат тұтады. Қазір заманда адам басқа кезден көбірек көмекке зәру. Адамның ішкі азаптары мен жасырын тартыстары бұрынғы кезде де болды, бірақ қазір адамның рухы бұзылып бара жатыр.

Қазіргі заманның адамдары бұрынғы кезден көбірек бірін-бірі тарпа бас салып, азаптап, жаншып жатыр. Бүгінгі материалистік әлем айуандыққа душар болды. Мұндай жағдайда әдебиет адамдардың бірігуіне көмектесе алады. Әдебиет – бағзы заманнан бүгінге дейінгі барлық адамдардың ортақ кеңістігі. Баргас Йосаның айтуынша, «Әдебиеттің арқасында адамдар бір-бірін танып, бір-бірімен сөйлесе алады. Әдебиет индивидуалды қасиеттерге ие әрбір адамға тарихтан жоғарылауға мүмкіндік береді». Оқиғалардан тағылым алып, жаңа жоба жасап, қатігездік, өтірік, айлакерлік пен қорқыныштан ада басқа әлем қалыптастыра алады. Қазіргі кездің адамы өзін, Құдайын және махаббатын жоғалтып алып, жападан жалғыз сенделіп, жол іздеумен жүр.

Х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда өмір сүрген ұлы парсы ақыны әрі ойшылы «Моулави» деген атпен танымал Джалаледдин Мұхаммед Балхи «Адамзаттың ұлы ұстазы» деп аталуы тиіс, өйткені 800 жыл өтсе де, әлі күнге дейін оның тағылымдары адасқан адамға жолнұсқау болып, оны құтқара алады.

Моулана Джалаледдин Мұхаммед Балхи

 

Моулави адам рухымен таныс. Ол өзінің «Мәснәуиінде» адамның ішкі дүниесіндегі түрлі күйлер – қобалжуы, толғануы мен сергелдеңге салынуы жайлы сөз қозғайды. Бұл Моулавидің адамның ішкі дүниесінің иірімдерін жақсы білетінін көрсетеді. Ақын қарапайым халықпен үнемі тығыз байланыста болған. Тіпті олармен ой бөлісіп отырған. Олардың қам-қайғысы, кегі мен қызғанышы туралы сөз қозғаған. Ол адамдардың қарапайым қуаныштары, жүрек қарыр кектері, өзімшілдіктері мен рақымсыздықтарын да жете білген. Осындай дүниелерден хабардар болғандықтан ол адамдарды бар болмысымен бейбітшілік пен достыққа шақырып, қоғамды іштен түзеуге талпынған. Қазіргі заман адамы өзін, Құдай мен махаббатты Моулави туындыларынан таба алады.

Моулави өлеңдерінің әрбір жолынан Құдайдың мейірімі, рақымы мен парасатының рух сыйлар иісін сезуге және абсолюттік рақымшылық пен құт-берекені көруге болады. 

Моулавидің сенімінше, Құдай ешқашан пенделерінің қателігі мен күнәсына қабақ шытпайды, оны тәубе етуге ынталандырады. Пенде дұға оқыған кезде Оның өзі дұғаға «Әумин» дейді. Құдайдың кешірім мен рақым есігі күнәһарларға әрдайым ашық. Оның алдында үмітсіздікке жол жоқ.

Моулави

Ақын адамзат баласына Құдайдың рақымынан үміт үздім деген сылтаумен өзін қайғының қараңғы бұрышына жасырып, жамандық пен бұзықтық батпағына одан ары батып кетуге қақының жоқ екенін еске салады. Өйткені Оның рақымы мен кешірімінің кеңдігі соншалықты, тіпті Ібіліс кешірімге ие болып, Алланың алдына барудан үмітсіз емес. Ол өзінің қуылуын ескерту жазасы деп түсінеді, Құдай рақымының Оның қаһары мен ашуынан жоғары екеніне имандай сенеді. 

Қайырым дариясы толқыса,

Мейірім есіктерін кім жаба алады?

Оның қолында әділет, береке мен кешірім бар.

Оған ренжу есінен танудан қалған тозаңдай

Ол әлемді құт-береке үшін жаратты,

Оның сәулесі әрбір ұсақ бөлшектің бойында.  

 

Моулананың Құдайы – нұр мен шаттықтың шексіз көзі. Оны еске алу жүрекке жайлылық, шаттық пен жасаңдық сыйлайды. Адамның болмыстық сыйымдылығы шектеулі. Әйтпесе, Оның мейірімі шексіз. Адам өмірінің әрбір сәтінде Құдайдың барын сезіну адам жанының айнасын алаңдаушылық, үмітсіздік пен теріс ойлардың тозаңынан тазартып, оның орнына  қауіпсіздік, бақыт пен нығметке бөлену сезімін ұялатады. Адамзат мұндай Құдайды қалай жоғалтып алған?

Әлгі өзенді іздеп жүргенде ауызым қашан құрғасын?

Қам-қайғыны жоятын Құдай қасымда тұрғанда жүрегім неге сыздасын?

Қант пен халуаға батып жатқанымда ащыны неге сезінейін?

Көктем жанымда тұрғанда маған қайтіп қыс келсін?

 

Қазіргі заман адамының адасуы мен сергелдеңге түсуінің себебін махаббаттың жоқтығынан іздеу керек. Махаббат – адам мен Құдай арасындағы  байланыстың ең әдемі түрі. Адам махаббатын жоғалтып алды. Сол себепті сезімнен жұрдай. Қылмысты көрсе де, естісе де, көңіл аудармайды. Бомбадан қираған үйлердің астында ата-анасымен бірге аяғын да қалдырған баланың зар жылағаны неге оның рухын жараламайды? Махаббат – адам мен Құдай арасындағы көпір. Көптен бері осы көпір қираған. Әрбір адамның жүрегінде Құдайға бастар жол бар. Сол арқылы Онымен тілдесіп, ақиқат пен құпияларды дәнекерсіз естуге болады. Адам бұл жолды өзімшілдік пен тәкаппарлық шаңында жоғалтып алды. 

Махаббат – адам мен Құдай арасындағы көпір.

 

Моулави өлеңдерінің әрбір жолында сергелдеңге түскен адамның қолын алып, махаббатқа шақырады. Өйткені ол толық құлшылық, діндарлық пен адам мен Құдай арасындағы ең жақсы қатынас махаббат арқылы қалыптасады деп санайды. Моулананың адамға таныстыратын махаббаты адамдық символдарға көңіл аудару мен жүрек қалауынан бастау алады, бірақ Құдайға бағытталған және Онымен кемелдікке жетеді.

Моулавидің шексіз шаттығы мен масайрауы, оның өмірі, тұлғасы, өнері мен сопылық мектебіне сәуле төккен құштарлық пен қуаныш, оның ойынша махаббаттың ақиқатынан және оның ғашықтық тәжірибесінен тамыр алған. Ол үшін махаббат – өмірдің өзі. Моулавидің көзқарасынша, ғашықтық – пенде мен Құдай арасындағы жанды катынас. Ол жаратылыс, өмір мен өлім, қиямет күніне мән-мағына береді. Махаббат болмысты толық қамтиды және әрбір ұсақ бөлшекте бар. Махаббат адамды айнала қоршап тұр. Адам одан қалай адасып жүр?

Махаббатсыз өткен өмірді мүлде есепке алма,

Махаббат – өмір суы, жан-жүрегіңмен қабылда

Махаббат қанатын жайғанда кез келген ағаш гүлдейді

Кәрі бұтақтардың әрбір демінен жас жапырақ шығады.

Махаббатқа бой алдырған әрбір адам өлімге жан алдырмайды

Қалқаны тұман болса, оқ қалай зақымдасын?

Диктор

Моулавидің көзқарасынша, махаббатпен құлшылық ету адамның жүрегін жұмсартады, өзімшілдіктен Құдайшылыққа жеткізеді. Адамға өзін тануына және өзінің жоғары орнын табуына себеп болады. Өзіне оптимистік көзқараспен қарау – қазіргі кездің тірексіз-тамырсыз қалған адамы үшін өміршең қажеттілік. Моулавидің қызғаныш тудыратын әрі ағылып-төгіліп жатқан шаттығының басты қайнар көздерінің бірі – өзі-өзін тануы және өзі туралы оптимистік сезімде болуы. Ол өз бойында Құдайдың барын осы махаббат арқылы сезеді. Қалайша қуанбайды, қалайша өз-өзін мақтан тұтпайды. Ол өз ішінде жасырынған жауһардан хабардар, өз қадірін жақсы біледі, сондықтан өзін көрінгенге сатпайды.

Мен өз жанымнан сәт сайын Жардың иісін сеземін

Оның жанында түн сайын өзімді ұстамай қалай тұрамын?

Моулавидің көзқарасынша, әрбір адам Алла тағалаға жақындауға қажетті қарым-қабілетке ие. Ақынның қазіргі заман адамына жолдауы – Аллаға махаббатпен құлшылық ету, ғаламға әдемі қарау, өзінің адами қадір-қасиетін тану және өмірде мейірімді болып, қуанып жүру қатынасын ұстану

Махаббат әрқайсымыздың бойымызда жасырынған және бүкіл болмыста ағылып-төгіліп жатыр. Тек оны ұғынып, сезінуіміз керек.

Сенен басқаға қараған көзімнің нұры кемісін,

Кез келгенді кіргізбе, ей, кірпіктер пердесі!

Махаббаттың нәзіктігінен жаным жұмсарды,

Жүрек те, жан да керек емес, махаббатым қайда әлгі?

Моулавидің Кониядағы кесенесі

 

Тегтер