Иранның танымал тұлғалары (216)
(last modified Sat, 18 Nov 2023 17:03:34 GMT )
Қар 18, 2023 23:03 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (216)

Бүгінгі бағдарламада ирандық ақын Нұреддин Әбдірахман Жәмидің "Нафахат ул-унс" кітабымен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

Алланың атымен бастаймыз! «Ирандық танымал тұлғалар – әлемдік мақтаныштар» атты бағдарламаның келесі бөлімінде х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген Иранның тағы бір танымал тұлғасы, ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл Нұреддин Әбдірахман Жәмимен таныстыруды жалғастырып, оның өмірі, шығармашылығы мен ойлары жайлы сөз қозғаймыз.

Айтып өткеніміздей, Нұреддин Әбдірахман Жәми – х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл. Ол х.қ.ж.с.б. 817 жылы (1414 жылы) Хорасан облысында орналасқан Жәм уәлаятында дүниеге келген. Жәмидің ата-бабасы Исфаханда өмір сүрген. Кейін Хорасанға қоныс аударып, Харгорд-е Жәм елдімекеніне тұрақтаған. Жәмидің әкесі Әбдірахман дүниеге келерден бірнеше жыл бұрын жанұясымен бірге Гератқа қоныс аударып, сол жерге қоныс тепкен.  Жәми бастапқы білімін сол кезде Гераттың айналасындағы ауылдардың бірі болған Харгорд-е Жәм елдімекенінде алып, әкесінің алдында парсы әдебиеті, араб тілінің грамматикасын үйренді. Ол сол замандағы ең маңызды ғылыми-әдеби орталықтарыдың бірі болған Герат және Самарқанның Низамия мектептерінде білімін толықтырып, араб тілі, шешендік өнер (риторика), қисын мен хикмет, математика мен шариғат ілімін меңгеріп, өз заманының білгіріне айналды. Содан соң сопылыққа ден қойып, Нақшбандия тариқатына қосылды. Жәми ғылым мен білімінің тереңдігіне және сопылық мінез-құлқына байланысты сол замандағы сұлтандардың алдында ерекше орынға ие болған және қартайғанға дейін қол жеткізген ғылыми, әдеби және рухани дәрежесіне байланысты сол заманда парсы тілінде сөйлейтін барлық мемлекеттерде, яғни Осман империясынан Орта Азия мен Үнді түбегіне дейін әйгілі болып, айрықша құрметке ие болған.

Жәми х.қ.ж.с.б. 898 жылы 18 мұхаррамда, сәйкесінше 1492 жылы 81 жасында дүниеден озып, Үлкен Хорасан қалаларының бірі саналатын Гератта ұстазы Саадеддин Қашқаридың мазары жанында жерленді. Жәмидің қабірі қазір "Тахт-е мазар" деген атпен танымал.

Айтып кеткеніміздей, "Нафахат ул-унс" кітабы – Нұреддин Әбдірахман Жәмиден қалған ондаған кітаптардың бірі әрі исламда сопылық тарихы басталғаннан ол өмір сүрген кезге дейінгі танымал шейхтер туралы жазылған ең маңызды дереккөздердің бірі.

Гераттағы Нұреддин Әбдірахман Жәмидің мазары

Жәми "Нафахат ул-унс" кітабын жазуда осы салада өзінен бұрын жазылған көптеген кітаптарды пайдаланған. "Нафахат ул-унс" кітабында қолданылған тіл – тамыры көне мәтіндер мен бұрынғы дәуірлерде жатқан ағаштың жемісі. Осы себепті оның тілінде кейде жасандылық байқалады, кейде ол төгіліп, поэтикалық талғаммен бірге жүреді.

Жәмидің көне мәтіндермен таныс болуы және оларды өз кітабында қолдануы көне сөздер мен тіркестер жинағының хижраның 9-ғасырына көшуіне себеп болды. Жәми мәтіндерді аудару кезінде өз заманындағы сөздерді, тіркестерді, терминдерді қолдануға тырысқанымен, кейбір жағдайларда оларды толық келтіруден басқа амалы қалмады немесе аманатты сақтау үшін ол кейбір сөздерге араласудан бас тартқан. Қалай болғанда да, "Нафахат ул-унс" кітабы  – кең ауқымды сөздік қор. Бұл кейін зерттеушілерге азық болды.

"Нафахат ул-унс" кітабының басқа ерекшеліктерінің бірі – лексикалық тіркестердің көптігі. Осы тіркестердің бірқатары – көне мәтіндердің мұрасы, басқа бір бөлігі халықтың тілінен алынған, ал кейбіреулерін Жәми ойлап тапқан. 

Жәми прозасының ерекшеліктерінің бірі – тіркестерді айрықша мағынада қолдану. Мұндай тіркестер Жәмиге дейін де, кейін де ол қолданған мағынада қолданылмаған немесе сирек қолданылған. Мысалы, "әдәб-е гуш даштан" әдеп сақтау мағынасында қолданылған. "Аз худ дәриафтан" – өзіне рұқсат ету. "Нафахат ул-унс" кітабында мұндай сөз тіркестері көптеп кездеседі.

Жәми прозасының тағы бір ерекшелігі – арабша сөздер мен сөз тіркестерін қолдану. "Нафахат ул-унс" кітабы басқа көне және өз заманындағы мәтіндермен салыстырғанда жатық әрі парсышалау болса да, онда арабша сөздер аз емес. Зерттеулер көрсеткендей, "Нафахат ул-унс" кітабының түрлі бөлімдері аударма, сілтеме немесе дәйексөз болғанына байланысты бір-бірінен ерекшеленеді. Кітаптың барлық бөлімдерінде араб сөздерінің жиілігі бірдей емес. Мысалы, кітаптың кіріспесі мен бірінші бөлімінде автор сопылық негіздер мен терминдерді түсіндіруді көздеген. Мұнда араб сөздері басқа бөлімдерден әлдеқайда көп қолданылған. "Нафахат ул-унс" кітабы араб сөздері мен сөз тіркестеріне толы. Оның ішінде Құран аяттары, хадистер, дұғалар, ұлы сопылардың сөздері, араб өлеңдері мен мақал-мәтелдері бар.

"Нафахат ул-унс" кітабының прозасындағы тағы бір ерекшелік – сөздер мен сөз тіркестерінің көптеген мағыналарын оңтайлы пайдалану. Мұны Жәмидің қабілеттерінің бірі деп атауға болады. Зерттеушілер Жәмидің прозасын талдай келіп мынадай нәтиже шығарды: оның шығармаларында көпмағыналы сөздердің барлық мағыналары пайдаланылған. Мысалы, парсы тілінде "әһл" сөзінің бірнеше мағынасы бар. Біріншісі – әйел немесе ер адамның әйел-баласы, екіншісі – таныс және жақын. Ол "наәһл" жақын емеске қарсы қолданылады. Үшіншісі – тұрғын. "Нафахат ул-унс" кітабында бұл сөз үш мағынада да қолданылған.

Жәми бір жағынан халықтың тілі мен мәдениетін жақсы білгендіктен, екінші жағынан өзіне дейінгілердің прозалық және поэзиялық туындыларымен жетік таныс болғандықтан өз еңбектерінде парсы әдебиетінің мәтіндеріндегі көне сөздерді және өз заманының ауызекі сөздерін пайдалануға мүмкіндік алған.  

"Нафахат ул-унс" кітабында халықтың тілі мен мәдениетінен алынған сөздер, сөз тіркестері мен тұрақты сөз тіркестер жиынтығын кездестіреміз. Бұл жиынтықты төртке бөліп қарастыруға болады. Олар: мақал-мәтелдер, кәсіптер, әдет-ғұрыптар, киімдер мен оның түрлері.  

"Нафахат ул-унс" кітабында 60-тан аса парсы мақал-мәтелдері қолданылған. Олардың біразы бұрынғы мәтіндерде қолданылмаған, тіпті кейбіреуі мақал-мәтелдер кітаптарында тіркелмеген. "Нафахат ул-унс" кітабында кәсіптердің көп айтылатыны сонша, бұл кітапты 9 ғасырға дейінгі қоғамтану мен этнографияның маңызды дереккөзі деп атауға болады. Бүгінде бұл кәсіптердің ізі де жоқ немесе олар басқа атаулармен дамып жатыр.

"Нафахат ул-унс" кітабы Жәми заманында және оған дейін халық мәдениетінде кең таралған әдет-ғұрыптарға толы. Ғұрыптардың кейбіреуі қоғамдық сипатқа ие болса, кейбірі тек сопыларға тиесілі болған.

"Нафахат ул-унс" кітабы көрсеткендей, Жәми өз заманында болмаған жазу тәсілін ойлап табуды көздеген. Сәнді сөз саптау мен күрделі прозадан аулақ болу, халықтың мәдениеті мен тіліне жақындау, алдыңғылар мен замандастардың шығармаларымен салыстырғанда арабша сөз тіркестерінің аз қолданылуы, сөздер мен тіркестерді оңтайлы қолдану – оның осындай туынды жазуына көмектескен ерекшеліктердің бірі.