Жел 20, 2023 19:25 Asia/Almaty
  • Ялда түні құтты болсын!

Ялда яғни өсу, яғни туу. Ялда яғни қайта өсу және жаңару. Ялда таңға дейін жанымызда болып, қисса айтып, өлең оқып, тәтті-дәмділер жеу үшін тарих көшелерінен жүріп өтетін түн – жылдың ең ұзақ түні.

Аспан мен жерді жаратқан, күн, ай мен жылды жаратқан, кеткендер мен келгендерді жаратқан Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын!

Біз көне заттарды жерден қазып алуға әдеттеніп қалғанбыз. Антикалық (көне) бұйымдар туралы сөз бола қалса, ойымызға келетін нәрсе – қолдануға жарамайтын шаң басқан көне сынық ыдыстар. Ежелгі өркениеттің ескерткіштері жойылып кетпеу үшін оларды мұражайларда тиісті жағдайда сақтаймыз. Мұражайлар өткен өркениеттердің белгілері саналатын көне заттар мен бұйымдарға толы. Олар жойылған өркениеттер немесе қазіргі өркениеттердің атасы саналады.  

Бір тарихи ыдыстан су ішіп көрген, көне қазанға тамақ жасап жеген кезіңіз болды ма? Бір тарихи тіршілік иесінің тірі көзбен сізге қарағанын жақыннан көргіңіз келе ме? Бәріміз осындай таңғажайып тәжірибені бастан өткергіміз келеді. Тура осы себепті телехикаялар мен көркем фильмдердің көбі, аңыздар мен дастандардың көбі осы мазмұнда түсірілген. Бүгін сіздерге бір жақсы жаңалық айтқым келеді. Тарихты жақсы көретіндер мен мифологиялық әсерленуді қалайтындарға бір жақсы жаңалығым бар. Енді мұндай тәжірибелерді шынайы өмірде де бастан өткізе аласыздар. Бұл қалайша мүмкін болатынын келесі минутта айтамын.

Бұл тәжірибені бастан өткеру үшін тарих дегеніміз сынық ыдыстар мен қураған сүйектерден де басқа нәрсе екенін біліп, сенсек жеткілікті. Тарихтың кейбір бөліктері асқан зеректікпен біздің қазіргі өмірімізден орын алып, көлеңкеміздей артымызда еріп жүр. Біз оларды тарих немесе тарихи істер ретінде танысақ та, олар біздің жанымызда тіршілік етіп, тіпті біздің өмірімізді қалыптастырады. Олар тарихтың маңызды бөлігі. Бабаларымыз оларды болашақ ұрпақ үшін мумиялап қалдырды. Анда-санда бұл тарихи мумиялар қозғалып, біздің қазіргі өміріміздің түсі мен буын өзгертеді.   

Мен 7 мың жылдық тарихы бар мумияны білемін. Жыл сайын ол қыстың алғашқы түнінде жерден бас көтеріп, көптеген адамның өмірінің түсі мен буын өзгертеді. 7 мың жылдық тарихы бар мумияның аты – Ялда. Ялда яғни өсу, яғни туу. Ялда яғни қайта өсу және жаңару. Ялда таңға дейін жанымызда болып, қисса айтып, өлең оқып, тәтті-дәмділер жеу үшін тарих көшелерінен жүріп өтетін түн – жылдың ең ұзақ түні. Бұл түнде Күн Жерден ең ұзақ қашықтықта болады. Өсу мен жаңару әдетте күндіз күннің жылуымен орын алатын болғандықтан бір түнге неге "Ялда" деп ат қойылғанын сұрайтындарыңыз анық. Гәп мынада: басқа түндерден бір минут қана айырмашылығы бар ең ұзақ түннен кейін күн ұзарады, жер күннің нұры мен жылуын бұрыннан көбірек алады. Бұрынғы өткен адамдардың пайымдауынша, Ялда түні жер астындағы тұқымдар өскін береді. Содан бастап күн көбірек түсіп, ақырында олар жерден бас көтереді. Шын мәнінде Ялда немесе Челле түні – күннің қайта тууымен аяқталатын түн. Біздің ата-бабаларымыз өмірлерін егін шаруашылығымен өткізгендіктен бұл түн олар үшін өте маңызды болған. Маңыздылығы соншалықты, олар таңға дейін ояу болып, түрлі тәсілдермен ойын-сауық құрған.

Бір кездері Ялда немесе Челле түні мерекесінің маңызды болғаны соншалықты, соның негізінде Меһрге табыну рәсімі өткізіліп, бұл түнді Меһр немесе сол Күннің туған түні деп атап, оны жыл басы деп белгілеген. Кейіннен Меһрге табыну рәсімі зороастризм, митраизм және үнділердің ойларына терең бойлады. Тіпті олар Күн құдайлары мен құдай аналарын ең құдіретті құдайлар санаған. Меһрге табыну тіпті христиандықта да көрініс тапты. Кейбіреулердің пайымдауынша, Иса Мәсіхтің туған түні – Меһрге табыну рәсіміндегі Меһрдің туған түні. Сол себепті христиандардың жаңа жылы қыста басталады.

Ғасырлар бойы адамдар өмірлерін осы сенім негізінде өткізген. Бірақ бүгінде шындық мынада: біз үшін жылдың ең ұзақ түні тек бір мағына береді, яғни жақындарымызбен бірге есте қалатын түн өткізу, бір минут артық болса да, бірге болу мұрсатын пайдалану. Ирандық жанұялар арасында кешкі отырыстар кең таралған. Әсіресе егер егінші шаруаның жанұясы болса, қыс – нағыз басқосулар мезгілі.

Бұл мезгілде егіншілердің жұмысы азырақ болады. Олар күзде жиған егінді азық етеді. Олар үшін бас қосуға сылтау керек емес. Бірақ олар айнала жиналу  кез келген нәрсені сылтау етеді. Ал жылдың ең ұзақ түнінен артық қандай сылтау керек. Олар үмітке толы жүректерімен болашаққа көз тастап, жемісі мен берекесі мол көктемді күтіп, Хафиздің өлеңдер жинағынан бал ашады. Тәтті тілді Хафизден істерінің қалай боларын сұрайды. Хафиз олар үшін бұрынғы заманға тиесілі ақын емес. Хафиз де Ялдамен бірге тарихтың көшелерінен өтіп, өткен мен болашақтан хабар алып келіп, Челле түні бізбен бірге дастархан басына отыратын сыңайлы. Оның өлеңдері әрдайым үміт пен махаббатқа толы. Челле түніндегі басқосу адамның рухын көтеріп, жақсырақ болашақ құруға ынталандырады.

Бірақ Ялдамен бірге Челле түнінде дастархан басына келетін Хафиз ғана емес. Ялда өзімен бірге көптеген тарихи қиссаларды ала келеді. Диюлар және қара күштермен жан қия айқасқан мифологиялық батырлар мен палуандар туралы қиссалар келеді. Шахнамадағы Рүстем-Суһраб дастаны немесе Хұсейн Корд Шабестари дастаны сияқты жазылмаған әңгімелер айтылады. Жанұяның барлық мүшелері жиналған кезде үлкендердің жады да қуанатын сияқты. Олар айтқан естеліктердің әрқайсысы жастар үшін ғибратқа толы. Мұнымен қоса, бірге болған мезеттердің ләззаты арттады. Сөз қылып отырған жанұя біз қазір жанұя санайтын ұғымнан әлдеқайда кеңірек. Челле түніндегі жанұя дегеніміз барлық аға-апайлар, нағашылар мен қайын жұрт пен балалардың жиынынан тұрады. Бұл кештің басты тұлғалары – аталар мен апалар. Олардың орнын ешкім баса алмайды. Балалар мен немерелер үлкендердің аузынан түрлі дастандар мен естеліктер ести отырып, Челле түні дастарханына қойылған тәтті-дәмділерден дәм татады. Дән-дәнге бөлінген анар, қып-қызыл  да тәтті қарбыз, түрлі жаңғақтар, піскен қызылша, «аш» деп аталатын кеспе көже мен басқа тағамдар дастарханға қойылады.

Челле түні, Наурыз мейрамы, Табиғат күні және басқа рәсімдер – адамдардың өмірі мен болмысында денеміздегі гендер сияқты рөл ойнайтын тарихи элементтер. Бұл әдет-ғұрыптар бізге қандай мәдениетке жататынымызды, өркениетіміз қаншалықты үлкен әрі терең тамырлы екенін үйретеді. Бұл өркениет – қазіргі көптеген өркениеттердің атасы. Тіпті бұл өркениеттің перзенті еместердің өздері оны пайдаланып, өзінің үлкен әрі қайырымды көршісінен естелік сақтап қалған. Бұл тарихи гендер уақыт өте келе түзетуді талап етеді. Біз оларды түзетушіміз. Біз аса ыждаһаттылықпен бабаларымыз қалдырған тарихи мирастың қайсысы зиянды екенін танып, оны мәңгілікке алып тастауымыз керек. Оның орнын пайдалы нәрсемен алмастырумыз керек. Сонда болашақ ұрпақ үшін өмір сүрудің жақсырақ жолдарын көрсетіп береміз. Сіз бен біз жақсы түзетушіге айналып, болашақ тарихи тұлғаларды ең жақсы қалыпта жасармыз деп үміттенемін. Сол жақсырақ келешекке деген үмітпен биыл да Иранның Челле түнін түрлі түсті дастархан басында тәтті қиссалар айтып өткізейік. Өсу мен жаңарудың жаңа мезгілінің басталуы құтты болсын!   

Тегтер