Қаң 21, 2024 19:54 Asia/Almaty
  • Имам Джавад (ғ.с.) –  жақсылық пен берекенің қайнар көзі

Раджаб айының 10-шы жұлдызы - Исламның ұлық пайғамбарының ұрпағынан шыққан шиіттердің тоғызыншы имамы хазірет Мұхаммад Джавадтың (ғ.с.)-туған күні.

Хазірет Әли бен Мұса Реза (ғ.с.)-ның  перзенті имам Мұхаммад Джавад (ғ.с.) хиджридың 195-ші жылының режеп айының 10-шы жұлдызы жыл санағы бойынша қасиетті Медине қаласында дүниеге келді. Әкесі хазірет Реза (ғ.с.), анасы ардақты бану Сабике болды. Имам Реза (ғ.с.) әрқашан оны пәк әрі беделді әйел деп еске алатын. Имам Джавад (ғ.с.)-ның дүниеге келуі шиіттердің берекесін арттырды. Әкесі әрқашан оны «жақсылық пен берекенің баласы» деп атағандықтан, бұл тақырып шиіттер үшін танымал болды. Имам Реза (ғ.с.)-ның қарындасы Хакиме Хатун: «Күндердің бірінде бауырым мені шақырып, баласының дүниеге келетінін, әйеліне көмектесуді сұрады. Мен көмектесу үшін үйлерінде қалдым. Түнде сәби дүниеге келген соң имам Реза (ғ.с.) бөлмеге кірді. Жаңа жаялыққа оралған нұрлы баланы хазіреттің қолына ұстаттым. Ағам қатты қуанып, сәбиді құшақтады. Содан соң оны маған қайтарып: «Бесіктен алыстама, әрқашан қасында болып, анасына да қара»,- деді»,- деп есіне алатын.

 

 

Имам Джавад (ғ.с.) хазірет Реза (ғ.с.)-ның имаматына қарсы үгіт-насихат артқан кезеңде дүниеге келді. Хазірет Реза (ғ.с.)  48 жасқа келгенше перзент сүймеді. Шиіттердің арасында пайғамбардан кейін 12 имам болатындығы туралы сенім тараған болатын. Сондықтан бұл жасқа дейін имам Реза (ғ.с.)-ның перзент сүймеуі хазіреттің имаматын шынайы күмәнмен бетпе-бет келітіріп, дұшпандардың қаңқу сөздеріне себеп болды. Имам Джавад (ғ.с.)-ның дүниеге келуі негізсіз сөздерді жойып, шиіттердің көңіл-күйін көтеріп, хазіреттің өзін алаңдаушылықтан құтқарды. Сол себепті имам Джавад (ғ.с.) «жақсылық пен берекенің перзенті» аталды.

Құран мен рауаяттарда «инфақ» деп Алла жолында кедейлер мен мұқтаждарға мүлік немесе басқа да материалды нәрселерді сыйлау аталады. «Инфақтың» маңызының жоғарылығы сондай, Құран әрқашан оны намаздың қасында еске алып, оны мүміндердің белгісі деп санайды. «Инфақ» Құран аяттарында әрқашан жақсы ғамал мен ғибадатпен бірге жүреді. Бұл Ислам мен Құрандағы оның маңыздылығын білдіреді. Имам Мұхаммад Тақи (ғ.с.) Құранда көрсетілген кемел сипаттарға ие болды. «Джавад» – имамның лақап аттарының бірі. Өйткені, ол жомарт тұлға болып, мұқтаждар қоғамына көп көмек көрсеткен. Хазірет еш уақытта қоғамның мақұрым тобын ұмытпай, мүмкіндігіне қарай әлсіз, мұқтаж адамдарға көмектесті. Сол себепті, «Джавад» деген лақап атпен танымал болды. Тарихшылардың бірі: «Имам Джавад (ғ.с.) жыл сайын Медине халқының арасында мың дерхам тарататындықтан «Джавад» деп аталды»,- деп жазған болатын.

 

 

Шиіттердің тоғызыншы имамы білім мен адамгершіліктің кені болды. Имам Джавад (ғ.с.) илаһи басшылық міндетін мойнына алған кезде 9 жаста еді. Бірақ хазіреттің білімі мен ғылымнан хабардарлығы жоғары болғаны соншама, бүкіл кітаптің білімі осы тұлғаның бойында қалыптасқандай болды. Ол бала кезінде жүзден астам қиын сұраққа жауап беріп, басқаларды үйретуден күшін аямады. Имам Джавад (ғ.с.)-нан бізге әртүрлі тақырыптарға қатысты тек 250 хадис қана жетті. Шиіттер имам Джавад (ғ.с.)-мен оңай кездесіп, хазіреттің білімінен пайдалана алмайтын. Халық көбінесе имамның өзі сайлаған уәкілдері арқылы жасырын қатынас орнататын. Имам Джавад (ғ.с.)-ның Яхья бен Аксаммен өткізген пікірталастары хазіреттің білім теңізінің тек бір тамшысын ғана көрсетті. Яхия бен Аксам – әл-Аббас әулеті кезіндегі Басрада біраз уақыт сот болған ғалымдардың бірі. Ол Мамунның алдында беделге ие болып, Мамун оны имам Джавад (ғ.с.)-мен пікірталас өткізуге шақырды. Пікірталас кезінде Яхия хазіреттен қажылыққа қатысты бірнеше мәселе туралы сұрады. Хиджридың 211 жылы өткен бұл пікірталас кезінде хазірет шамамен 16 жаста еді. Имам Яхиядан әртүрлі болжамдарға назар аударып, өзінің сұрағын нақты баяндауды сұрады. Сол кезде Яхияның таңқалғаны көрініп, не айтарын білмей, имам Джавад (ғ.с.)-ның білімінің жоғары деңгейі жиналғандар үшін дәлелдене түсті. Пікірталас аяқталып, халық тараған соң Мамун имамнан әлгі сұраққа қатысты өзінің жауап беруін сұрағанда хазірет жауабын айтты. Имам Джавад (ғ.с.) өзінің қысқа, бірақ берекелі өмірінде шынайы Исламды шаң-тозаңнан қорғап, Аббасилер үкіметінің қысым көрсетуіне қарамастан, халықтың арасында Ислам тағылымдарын таратты. Аятолла Хаменеи имам Джавад (ғ.с.)-ның ерекшеліктері туралы: «Имам Джавад басқа мағсұм имамдар сынды біз үшін үлгі болды. Алланың беделді бұл пендесінің қысқа өмірі күпірлік пен кәпірлерге қарсы жиһадпен өтті. Ол жасөсіпірім кезінде Ислам үмбетінің басшысы сайланып, қысқа өмірінде Алланың дұшпандарына қарсы жиһадқа шықты. 25 жасында, яғни жас кезінде дұшпандар оның болмысына төзе алмағандықтан олар имамды уландырды. Басқа имамдарымыз өз жиһадтарымен Исламның мақтан тұтатын тарихының парақтарын арттырғандай имам Джавад та жиһадқа шығып, бізге үлкен сабақ берді. Бұл сабақ бізге мұнафықтармен кезіккен кезде оларға қарсы халықтың қырағылығын арттыруымыз керектігін үйретті. Егер дұшпан алдап-арбамай, әшкере түрде дұшпандығын жасаса, оның ісі оңай болады. Бірақ, дұшпан Мамун Аббаси сынды өзін Исламның жақтасы ретінде көрсететін болса, халық үшін оны тану қиынға соғады. Біздің және тарихтың барлық кезеңдерінде билік басындағылардың халыққа қарсы тұруға күштері жетпеген кезде олар алдап-арбауға кіріседі. Имам Джавад Мамунның алдап-арбаушылық пердесін ашуға тастауға талпынып, нәтижеге жетті»,- деген болатын.

 

 

Алла елшісінен кейінгі Исламның ұлық пайғамбарының орынбасарлары саналатын пәк имамдар уаһидің ең беделді сарапшылары әрі Құран тәпсірін ең жақсы білетін жандар болып табылады. Имам Әли (ғ.с.): «Құран – сөзбен анық айтылмаған, тәпсіршілер мен аудармашыларды қажет ететін құпияға ие аяттар. Біздер, пәк имамдар – халықтың арасындағы Құранға тәпсір жасауға лайық ең лайық адамдармыз»,- деген болатын. Имам Джавад (ғ.с.) да уаһидің қорғаушысы ретінде Құран аяттарын ақылға сай келмейтін тәпсірлерден қорғап, ғұламаларды аяттарды дұрыс түсінуге нұсқады. Күндердің бірінде халифа Моттасамның жиынында кейбір ғұламалар аяттарға сүйеніп, бір шариғат үкімін шығарды. Жиналысқа қатысып отырған имам Джавад (ғ.с.) олардың қателерін көрсетіп, жиналғандар үшін аяттың дұрыс тәпсірін ұсынды. Сүнниттердің басшыларының бірі Шафеи имам Джавад (ғ.с.) туралы өзінің көркем әрі маңызды сөзінде: «Имам Джавад – жоғары мәртебеге ие; хазіреттің есімі баршаға танымал. Хазіреттің терең ойлары мен тартымды сөздері баршаны қызықтырды. Ол кісінің сөздері өте құнды. Хазірет туралы білген адам имамның алдында тағзым етеді. Имам Джавад (ғ.с.) – барлық жақсылықтардың қайнары»,- деген болатын. Имам Джавад (ғ.с.): «Халықтың Аллаға деген мұқтаждығы артпаса, Алланың оған деген нығметі де көбеймейді. Сондықтан басқаларға көмектеспеген адамға нығметтерден айырылу қаупі төнеді»,- деген.

 

 

Имам Джавад (ғ.с.)-ның туған күнінің жылдығымен әлемнің барша мұсылмандарын құттықтаймыз!

Тегтер