Нау 21, 2024 16:44 Asia/Almaty
  • Наурыз ирандықтармен бірге (2)

"Наурыз ирандықтармен бірге" атты бағдарламамызда елдің солтүстігіндегі Мазандеран мен Гүлістан облыстарында тұратын халықтың арасына барып, олардың Наурыз кезінде орындайтын әдет-ғұрыптарымен таныстырамыз.

Армысыздар, ардақты ағайын! Бүгін – Наурыз мейрамының екінші күні. Наурыз – ирандықтардың ежелден келе жатқан ұлы мейрамы. Ол әлемде көктем келгенін тойлауға арналған ең үлкен әрі көрнекті мейрам саналады. Сіздерді көктемнің келуімен құттықтай отырып, Иранның солтүстігіндегі Мазандеран мен Гүлістан облыстарында тұратын халықтың арасына барып, олардың Наурыз кезінде орындайтын әдет-ғұрыптарымен танысуға шақырамыз.

Иранның солтүстігі мен солтүстік-шығысында тұратын мазандеран мен катули этностарының мәдениеті мен әдет-ғұрыптары бір-біріне өте жақын. Олардың диалектісінде ғана айырмашылық бар.

Көктем мен ежелі Наурыз мейрамының келе жатқанын білдіретін хош иіс бір ай бұрын ауыл мен қала тұрғындарының көңіл-күйі мен тіршілігінен сезіледі. Наурызхандар жаңа жылға бірнеше апта қалғанда көшелерді аралап, көктемнің келе жатқанын сүйіншілейді. Наурыз жырларын айту көктем мен жаңа жылды қарсы алуға арналған ирандық дәстүрлі рәімдердің бірі деп атауға болады.

Мазандерандық наурызхандар әдетте есфанд айында Наурыз рәсімдерін айрықша ынтамен бастайды. Олар бұрынғы заманда әрдайым қолдарына бір ағаш таяқ ұстап, арқаларына бір дорба асып алып ауылдар мен қалаларды аралап, мазандерандық акцентпен әуезді өлеңдер оқып, қала тұрғындарына көктем мен жаңа жылдың келгенін сүйіншілейтін болған. Жергілікті халық қуаныш пен шаттық болсын деген ырыммен наурызхандарға тәтті-дәмді ұсынып, сүйінші беріп отырған. Кейінгі жылдарда Наурыз жырларын айту  Иранның солтүстігіндегі ауылдар мен қалаларда көбіне символды түрде орындалады. Наурыз жырларын айту рәсімі – шын мәнінде көктем әндерін айтудың бір түрі. Наурызхандар көктеу мен гүлдеу мазмұнындағы көңілді өлеңдер оқиды.

Мазандерандық наурызхандардың әндерін бірге тыңдайық.

 

Мазандерандық наурызхандардың жырлары

Қолда бар тарихи деректерге сәйкес Наурыз жырларын айту рәсімі исламға дейін Зороастр/Зәртушт өмір сүрген заманнан басталады. Тарихи кітаптарда Иранның түрлі қалаларында бұл рәсім "Наурыз – жаңа жыл", "имамхани", "савангхани", "баһархани", "наурызнама" және "көктемгі тазару" (тазие-е баһари) деп аталған. Наурызхандар ауылдар мен қалаларда көшелерді аралап, әуезді өлең оқып, аудан тұрғындарына көктемнің келгенін сүйіншілеп, жергілікті халықтан сүйінші алады.

Гүлістан облысындағы катулдердің наурызхандары да Наурызды қарсы алу рәсімін көбіне ауылдарда орындайды. Катулдер ситар аспабының сүйемелдеуімен және кейде жай дауыспен ән айтады. Олар халыққа жақсы жыл тілеп, науқастардың жазылып кетуін сұрап дұға оқиды.

Катул наурызхандардың әндерін бірге тыңдайық.

 

Мазандеран тұрғындары арасында кең таралған Наурыз рәсімдерінің бірі –жаңа жылға шогун – құтты қадам таңдау. Яғни жыл ауысқаннан кейін үйге қадам басқан бірінші адам жаңа жылда сол жанұя үшін құтты қадам болады. Мазандеранның кейбір аудандарында бұл рәсімді "Марме" немесе "Мадар ме" деп атайды.

Бұл рәсім бойынша жаңа жыл келерге бірнеше минут қалғанда жанұя сенетін қадамы жеңіл адам үйдің сыртында Құран кітабы, су және көк шөп қойылған табақ ұстап тұрады. Жаңа жыл келген сәтте ол бірінші болып үйге кіріп, үйдің босағасына немесе бұрышына су шашады. Жанұяның басқа мүшелері сүйінші ретінде табаққа айттық салады. Жаңа жылға құтты қадам таңдау әр ауданда әртүрлі. Кейбір қалаларда шогун – бір тұрақты адам. Қайтыс болған жағдайда немесе қиындық туындаған жағдайда ғана жанұяның "құтты қадамы" бола алмайды. Кейбір аудандарда шогун жанұяның ұйғаруымен жыл сайын ауысып тұрады. Бұрынғылардың сенімінше, құтты қадам үй тұрғындарына жақсы жыл сыйлайды. Кей жағдайда бір адам бірнеше жанұяның шогун немесе мармесіне айналады. Сондықтан басқа жанұялар оның кезек-кезекпен үйлерге кіріп, жақсылық пен береке тілеп шыққанын күтеді.

Мазандеран мен Гүлістан облыстарында тұратын халықтың арасында кең таралған Наурыз рәсімдерінің бірі – қайтқандарды еске алу. Жылдың соңғы бейсенбісінің кешінде және жаңа жыл басталғанға дейін мазандерандықтар ежелгі дәстүр бойынша зират басына барады. Бұл күн "Алфе күні" деп аталады.

Ескі сенім бойынша, көктем келгенге дейін бейсенбі күні түнде бақилық болғандардың рухтары жерге түсіп, өз үйлеріне барып, жанұялары мен балаларына қонақ болады. Ирандықтардың сенімінше, бұл күні аруақтар өз үйлеріне қайтып оралып, өз туыстарынан садақа, нәзір беріп, "Фатиха" оқуларын күтеді. "Алфе" рәсімін бұрынғыдай өткізетін Иранның көптеген ауылдарында адамдар осы құдайы қонақты күту үшін үйді тазалаумен қоса, өкпе-ренішті жойып, адыраспан жағып аластап, нәзірге арнап арнайы тағамдар дайындайды. Аруақтар үйді оңай тапсын деген сеніммен ауладағы шырақты таңға дейін жағып қояды.

Қайтыс болғанына бір жыл толмаған адамдардың қабіріне туыстары әдетте терме матадан дастархан жайып, садақа ретінде түрлі тағам қояды. Қайтыс болған кісінің жақындары – туған-туыстары мен достары жылдың соңғы бейсенбі күні кешке оның зиратына барып, жанұясына тағы көңіл айтады. Бұл рәсім – исламға дейінгі мәдениетке тиесілі өлілер мейрамынан қалған белгі.

 

Бағдарламаның осы бөлімінде Мазандеран мен Гүлістан облыстарында тұратын халықтың Наурыз кезінде пісіретін тағамдары туралы тыңдаңыздар.

Бұрынғы заманда катул халқы арасында кеңінен таралған, қазір таулы аудан халқынан көруге болатын Наурыз тағамдарының бірі – Бибі Наурыз наны. Катул халқы Наурыз мейрамына нан пісіргісі келгенде үйдегі ерлердің санына қарай әдеттен үлкенірек нан пісірген. Оны "Бибі Наурыз наны" деп атаған. Нанды мейрамның соңғы күніне дейін жемеген. Фарвардиннің 13 күні табиғат аясына шыққанда әлгі нандарды алып шығып, сонда жеген. Наннан қанша қалса, соны өзенге ағызған немесе аң-құс жесін деп далаға тастап кеткен. Бұл табиғат пен басқа тіршілік иелеріне сыйлық берудің бір түрі болып табылады.

Мазандерандықтардың дастарханына қандай тәтті-дәмділер қойылады?

Мазандеранның кейбір қалаларында "Ағуза халва" деп аталатын жаңғақ халуасы – осы облыста әзірленетін арнайы тәттілердің бірі. Бұл халуаны әзірлеу үшін жаңғақ, күріш, қант пен май қолданылады. Жалпы солтүстіктегі тұрғындар қуанышқа да, қайғыға да халуа пісіреді. Бұл – бас қосып, бірлесе жұмыс істеуге таптырмайтын сылтау.  

Наурыз тәттілерінің бірі – күнжіт пен қанттан жасалатын "пошт зик" тәттісі. Оны жасау үшін қантты ерітіп, түсі карамельге ұқсап өзгерген кезде оған күнжіт қосып, газдың астын өшіреді. Қоймалжың сұйықтықты табақтың үстіне жайып, кеседі.

Мазандеранның Наурыз дастарханында түрлі түсті тағамдар мен тәттілер көп қойылады.

Келесі бағдарламада Гилян облысына барып, Иранның солтүстігіндегі тұрғындардың Наурыз кезінде орындайтын тағы да басқа әдет-ғұрыптарын таныстырамыз. 

 

 

Тегтер