Нау 22, 2024 19:02 Asia/Almaty
  • Наурыз ирандықтармен бірге (3)

"Наурыз ирандықтармен бірге" атты бағдарламамызда Гилян облысында тұратын халықтың Наурыз кезінде орындайтын әдет-ғұрыптарымен таныстырамыз.

Армысыздар, ардақты ағайын! Бүгін – Наурыз мейрамының үшінші күні. Әлемнің қай бұрышында болсаңыздар да, сәттілік серіктеріңіз болсын! Бүгінгі бағдарламада Иранның солтүстігіндегі Гилян облысында тұратын халықтың Наурыз кезінде орындайтын әдет-ғұрыптарымен таныстырамыз.

Гилян облысының орталығы Решт пен басқа да қалаларда Наурыз мейрамындағы көңіл-күй мүлде бөлек. Көктем келіп, көгере түскен аймақтың түкпір-түкпірінен Наурыздың хош иісі сезіледі. Гиляндықтар – тарихы тереңде жатқан иран текті этностардың бірі. Олар көбіне Мазандеран теңізінің оңтүстік-батысында Иранның солтүстігінде өмір сүреді. Бұл аймақты "Гилян" деп атайды. Гилян облысында талыш сияқты басқа этностар да өмір сүреді.

Гиляндықтар түрлі тәсілдермен көктем мен Наурызды қарсы алады. Қарсы алудағы әралуандық бұл өңірде Наурыздың қаншалықты құнды әрі көне мейрам екенін көрсетеді. Гиляндағы көктемді қарсы алу түрлерінің бірі – "Наурызхани" (Наурыз жырларын айту). Әйелдер мен ерлер түрлі түсті киім киіп, қолдарына музыкалық аспаптарын (сырнай, барабан) алып Наурызды қарсы алуға шығып, көктемнің келгенін сүйіншілейді. Гиляндықтар мен талыштардың Наурыз жырларының көбі Құдайды мадақтау, көктем мен Наурызды сипаттауға арналған. Басқа бір бөлігі шиіт имамдарын мадақтауға арналған. Наурыз жырлары кейде пайғамбарлардың өмірі туралы діни рауаяттар және қиссалармен жалғасып, үй иесіне алғыс айтумен аяқталады. Үй иесі наурызхандарға ақша мен тәтті-дәмділер береді.

Гиләк тіліндегі Наурыз жырының бір бөлігін бірге тыңдайық.

Наурызды қарсы алу – Иранның түкпір-түкпірінде кең таралған рәсімдердің бірі. Ол ауылдар мен қалалардың келбетін өзгертіп, біртіндеп көше-көшені аралап, мейрам мен жаңа жылдың буын халыққа жеткізеді.

"Дичин Вачин" (dichin vachin) - Гилян облысындағы Наурызды қарсы алуға арналған рәсімдердің бірі. Бұл рәсімде бәрі тазарып, хош иіске бөленеді. Үйдің қабырғасы мен еденінен бастап, терезелер мен аулаға дейін бәрі тазартылуы тиіс. 

Бағзыдан бүгінге дейін Гилян ауылдарындағы үйлер табиғаттан шабыт алып салынған. Ауыл үйлерін салуға "рос" атты қызыл балшық пен ши сияқты материалдар қолданылған. Ауыл әйелдері жылдың соңғы айында қызыл балшық илеп, үйдің еденін тазалап, қабырғаларды түрлі түсті балшықпен сылайды. Сондай-ақ  балшықтан жасалған ескі кесе мен көзелерді сындырып, қоқысқа тастайды, қайтадан ши тоқиды. Үйдің шарбақтары мен террасалардың қоршауларын да бояйды. "Дичин Вачин" рәсімін ханетекани – үй тазалау рәсімімен бір деп санауға болады. Бұл кезде бәрі жаңартылады.

Гилян – Наурызға дейін және демалыс кезінде сапарға шығуға қолайлы облыстардың бірі. Бұл өңірдің халқы өте көңілді. Мұны Наурыз мерекесін қарсы алу рәсімінен көруге болады. Көбі ханетекани – үй тазалаумен айналысып жатқан кезде гиляндықтардың басқа бір тобы "Арус голи"  сияқты сахналанған көрініспен Наурызды қарсы алуға барады.

"Арус голи" – басты рөлдерде дәу, Пирбабу және Назханым ойнайтын пьеса.  Пирбабу – қартша киінген адам. Дәу – құрғақ күріш сабағынан тігілген қалпақ киген және мойнына шәлі таққан адам. Ал Назханымның рөлін әйелдер киімін киген жастардың бірі сомдайды. Бұл қуанышты көше шоуының тақырыбы – дәу мен Пирбабудың Назханымға таласуы және артынан күресіп төбелесуі. Дәу – қараңғылық пен қыстың символы. Пирбабу – бағбандық, табиғат пен халыққа Арус голи сыйлайтын күштің символы. Бұл күресте Пирбабу жеңіп, Назханыммен билеп, шоуды аяқтайды. 

"Арус голи" рәсіміне қатысты әнді Феридун Пуррезаның орындауында тыңдаңыздар.

Гиляндықтар Ираннның басқа халқы сияқты Наурыздағы басты символ "Жеті син" дастарханын жайып, жаңа жылды қарсы алады. Олар ескі жылдың соңғы сағаттарында, жыл ауысар сәтте үй мен бөлмелердің есігіне шамшат бұтақтарын іліп, бөлмелердің бірінде түрлі түсті "Жеті син" дастарханын жаяды. Әйелдер солтүстіктің талғамына сай дастарханға Құран кітабын, жергілікті тәтті-дәмділер, боялған жұмыртқа, су мен айна, адыраспан мен сәмәну қойып, жаңа жылды құт-береке, ризық-несібе мол болсын деген ниетпен қарсы алып, нұрдың белгісі ретінде шырақ немесе шам жағып қояды.

2015 жылы ЮНЕСКО-дан Решт әралуан тағамдар дайындау тұрғысынан креативті қала деген атақ алды. Тағамның 230-дан астам түрі оның ішінде тiске басар, негізгі тағамдар мен десерттерді ұсыну Решттің әлемнің 34 қаласының арасында гастрономия саласындағы креативті қала ретінде таңдалуына себеп болды.

Осындай атақ алған Решт қаласында Наурыз мейрамына қатысты алуан түрлі тағамдар бар. Егер Наурыз кезінде Гилян облысына сапар шексеңіз, осы өңір халқының алуан түрлі тағамынан дәм тата аласыздар. Кале кабаб, капур абе, бағала қатық, мырза қасеми, торш тәрре сирқалие (қышқыл пияз), кабаб-е торш, анарпидж, вавишка, шиш андаз, торш аш, гамадж кабаб, фибидж махи – талшықты балық – осының бәрі Гилян облысының тағамдарының қатарына жатады.  

Әрбір ирандық үйдің "Жеті син" дастарханына жұмыртқа қойылады. Жұмыртқа "син" (с) әрпінен басталатын дастархан құрамына кірмесе де, осы рәсімнің маңызды бөліктерінің бірі саналады. Жұмыртқа – құнарлылық, жақсы өсу мен туу белгісі. Көне гиляндық отбасыларға қонаққа келген әрбір адамға айт жұмыртқасын беру әдеті әлі де бар. Гиляндықтардың рәсімі бойынша, жұмыртқалар табиғи бояулармен боялады. Қазанға жұмыртқаларды тізген кезде пияздың қабығы немесе өсімдіктердің жапырақтары, жаңғақ пен анар сияқты кептірілген жеміс қабығын да салады. Су қайнағанда жапырақтар мен қабықтардан бояу шығып, жұмыртқаны бояйды.

Бірақ жұмыртқа тек сыйлық беру үшін және дастарханға қою үшін ғана ма? Жұмыртқа жайлы көбірек айтпас бұрын Гилян жақтың әдемі музыкасын бірге тыңдайық.

Гиляк тілінде жұмыртқа "мерғане" деп аталады. Жаңа жыл келгеннен кейін жұмыртқа алған балалар көшеде жиналып, жаңа жылдық жұмыртқаларын көрсетіп, жарысады. "Мерғане джәнг" – екі адамдық ойын. Ойыншылар жұмыртқаларын қолына алып, бір-біріне  қарсы тұрады. Біреуі соққы беру үшін шабуылшы болады, ал екіншісі қорғаушы рөлін атқарады. Ойынға кіріспес бұрын олардың әрқайсысы жұмыртқа қабығының күшті және қатты екеніне көз жеткізу үшін жұмыртқаларының басын бірнеше рет алдыңғы тістеріне қағады. Содан кейін қорғаушы жұмыртқаны жұдырығына алады. Оның жұдырығынан тек басы ғана шығып тұрады. Содан кейін шабуылдаушы жұмыртқасын қорғанушының жұмыртқасына жайлап қана ұрады.

Бұл күресте жұмыртқасының қабығы сынған адам жеңілген болып саналады. Ол сынған жұмыртқаны жеңімпазға беруі керек. Бұрындары көктемнің алғашқы күнінің таңы "жұмыртқалар соғысы" ойынымен өте қызықты өтетін. Кейде біреулер көп жұмыртқа жеңіп алады. Ойынның соңында оны айналасындағыларға таратып беріп, бірге жейтін. Бұл ойын әлі күнге дейін Гилян ауылдарында сақталған.

Төртінші бағдарламада күрдтерге қонаққа барып, олардың Наурызға қатысты әдет-ғұрыптарымен танысамыз. 

Тегтер