Италияда мешіттердің құрылысына шектеу қойылды
(last modified Wed, 02 Nov 2016 11:34:19 GMT )
Қар 02, 2016 17:34 Asia/Almaty
  • Италияда мешіттердің құрылысына   шектеу қойылды

Бұл бағдарламада Италия мұсылмандарының осы елде мешіттер салуға шектеу қою туралы заңға білдірген наразылықтары туралы баяндаймыз.

Мұсылмандар мешіттердің жабылуына наразылық білдіруде

Италияның жүздеген мұсылманы жұма, қазанның 21 күні осы елдің астанасындағы мешіттер мен ғибадат орталықтарының жабылуына наразылық ретінде Рим қаласындағы тарихи Колизей ғимаратының алдында жұма намазын оқыды. Олар қолдарына "бейбітшілік", "Мешіттерді ашыңдар!" деген сөздер жазылған плакаттар ұстап, наразылықтарын білдірді. Мұсылмандар Рим қаласының қайраткерлерінен олардың діни құқығын қорғап, діни мекендер үшін құқықтық тұрғыдан қолдау көрсетуді талап етті.

Италияда шамамен 1 миллион 600 мың мұсылман бар. Ислам мәсихи дінінен кейін Италиядағы ізбасарлары көп екінші дін болып табылады.Осыған қарамастан Ислам Италияда ресми дін ретінде танылмаған, ал буддизм, индуизм мен яһуди діндері осы елдің ресми діндері болып табылады. Италиядағы исламдық топтардың үйлестірушісі Франсиско Тьерри жұма күнгі ереуілде: "Біз, мұсылмандар, өзімізге қатысты кемсітушілік  пен жазғыруды сезінеміз. Мұсылмандардың Италияда болуын ресми түрде тануға ешқандай саяси ерік-жігер жоқ. Біздің, мұсылмандардың, бейбітшіліктің адамдары екенімізді түсінсін. Біздің ғибадат ететін жеріміз жоқ. Ол үшін жерлерді жалға алуға мәжбүрміз. Мешіттер мұсылмандар үшін ауадай қажет" деп қуаттады. 

Италиядағы мұсылмандардың мешіттері

Италияның соңғы ресми статистикалық мәліметтеріне сәйкес, осы елде қоныстанған шетелдік азаматтардың 34 пайызын мұсылмандар құрайды.

Италияның Лигурия аймағында жанжал тудырған бір заң бекітілді. Сол заңға сәйкес, кез келген жаңа мешіттің құрылысына тыйым салынған. Сонымен қатар, осы заң бойынша діни ғимараттар салу үшін жергілікті қайраткерлерден ресми рұқсат алу керек. Жергілікті ақпарат құралдарында келтірілген мәліметтерге сәйкес, күмбез бен мұнаралары бар мешіт салу Италия қалаларының тарихи және архитектуралық құрылымын бұзып, осы қалалардың бейнесімен үйлеспейтін көрінеді.

Мұсылмандар мешіттердің жабылуына наразылық ретінде жұма намазын оқыды

Осы заңның бекітілуі Италияның Конституциясы мен Еуропаның  адам құқығы туралы жарлығына қайшы келеді. Алайда Италияда да басқа еуропалық елдердегідей мұсылмандарға қатысты заң шығаруда бір ерекшелік бар.

Италия мұсылмандар үшін жаңа мешіт салуға шектеу қойып немесе мешіттерді жауып жатқан алғашқы еуропалық ел емес.  

Франция мен Швейцария – мешіттерді жабу және мұсылмандардың ғибадат ету мекендеріне шектеу қоюда алға озған еуропалық елдер. Олар әсірешілдік және лаңкестікпен күрес сылтауымен бірнеше әрекет жасады. Түрлі еуропалық елдерде түрлі сылтаулармен мұсылмандарға қатысты шектеулер қойылады. Бір күні пәрәнже мен ниқабқа тыйым салынса, келесі күні хиджаб киген мұсылман әйелдердің қоғамдық орындарға кіруіне тыйым салынады немесе  Францияның жағалауларында әсірешілдікпен күресті сылтауратып, мұсылман әйелдердің суда жүзуге арналған киімі "буркиниді" қолдануға тыйым салынады.

Еуропадағы Исламмен жауласу

Германия мектептерінде мұсылман оқушы қыздарды аралас хауыздарда жүзуге мәжбүрлейді. Әйтпегенде азаматтық азаттықтар бойынша  қайшылық туады.

Францияның Ұлттық фронтының жетекшісі Марин Ле Пен ханым Францияда халал тағамдардың таралуына қатысты ескерту жасап отыр. Ең қызығы, франциялықтар халал тағамдарды пайдалырақ санап, оны пайдалана бастаған болатын. Дәл осы мәселе Францияда халал асты тұтынудың артуына себеп болды. Бірақ Ле Пен ханым оны саяси мағынада түсініп, мұсылмандардың мәдениетінің Францияға ықпалының белгісі деп атап отыр. Мұсылмандар Еуропаның барлық жерінде дерлік күн сайын шектеулермен бетпе-бет келеді. Босқындардың Еуропаға ағылуы осы шектеулердің артуына себеп болды. Еуропадағы Исламмен және мұсылмандармен жауласу ағымы күннен күнге күшейіп келеді. Әсірешіл-оңшыл партияның жұмыстары мен сол партияға қызығушылықтың артуы мұсылмандар мен исламдық мекендерге қарсы кемсітушілік пен шабуылдардың үдеуіне себеп болды. Осы оқиғалардың барлығы әлемді азаттық пен төзімділікке шақырып отырған елдерде орын алып жатыр.

Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінде Еуропа халқының 4 пайыздан астамын мұсылмандар құрайды. Олардың көбісі тіпті Еуропада дүниеге келген немесе өмірінің көп бөлігін Еуропада өткізіп, оқу оқып, саудамен айналасқан. Алайда олар әлі де "бөтен" саналып, еуропалық азамат ретінде танылмайды. Бұл үдеріс Еуропада мұсылмандардың саны көбейгеннен кейін қарқын алды. Еуропалық тұрғындардың көзқарасы бойынша, мұсылман отандастарының саны емес, шетелдіктердің саны артып жатыр. Олар бұл мәселені Еуропаның болмысы үшін қауіп-қатер деп санайды.

Азаттық пен басқалардың наным-сенімдеріне құрмет көрсетуге шақыратын елдер мұсылмандарға ғибадат ету, өмір сүру және исламдық наным-сенімдеріне сәйкес киінуде шектеулер қою арқылы оларға қысым көрсетуде еш нәрседен аянып қалмайды. Олар бір жағынан әсірешілдікпен күресті сылтауратып, либерализмнің бастапқы қағидаларына көз жұма қараса, басқа жақтан сөз еркіндігін сылтауратып, исламдық құндылықтарды қорлауға жол ашып отыр.

Батыстық үкіметтер исламдық тағылымдарға сәйкес ғибадат ету, өмір сүру және киінуге тыйым салу және шектеу қою үшін исламдық радикализмді сылтау етіп отыр. Бірақ олар әсірешіл-оңшыл әрі нәсілшіл топтардың мұсылмандар мен исламдық мекендерге шабуыл жасау әрекеттеріне көзжұмбайлықпен қарайды. Бұл Ислам әлемдегі әділет пен бейбітшіліктің шынайы жаршысы болып отырған жағдайда орын алуда. Батыстағы Исламмен жауласушылар ой-пікірлері мен іс-әрекеттерінің исламдық құндылықтарға еш қатысы жоқ тәкфіршіл лаңкестік топтардың әрекеттеріне байланысты Исламды қатыгездік пен әсірешілдік тудыратын дін ретінде таныстыруға талпыныс жасап жатыр.

2009 жылы Германияның Дрезден қаласында орын алған оқиға ешқашан ұмытылмайды. Хиджаб киген мысырлық бану Марва әл-Шербени алдымен Германияның Дрезден қаласында бір саябақта қорлық көргеннен кейін, осы іске қатысты өтіп жатқан сот залында айыпкер осы банудың баласы мен күйеуінің көз алдында оны 18 рет пышақ салып, өлтірді. Германиялық ақпарат құралдары осы сұмдық оқиға туралы хабарды жариялауда тартыныс танытты. Тіпті The Guardian газетінің тілшісі былай деп жазды: "Германиялық ақпарат құралдары алдымен өз басылымдарында осы мәселені талқылады. Германияның федералды үкіметі Каирде мыңдаған мысырлықтың наразылығынан кейін шамамен бір апта үнсіз қалғаннан соң өз баяндамасында көңіл айтумен қатар, осы оқиға туралы мәлімдеді".

Марве Шербени: күйеуі және баласымен

Осы мысырлық банудың күйеуінің айтуы бойынша, бір күні осы оқиға бір еуропалық азаматқа қатысты орын алса, Германия үкіметі мен еуропалық елдер бүкіл әлемде үлкен жанжал тудырар еді. Алайда, мұсылмандарға қарсы орын алған осы лаңкестік оқиғаға қатысты үнсіздік танытып отыр. Мысырлық "әш-Шурук" тәуелсіз газетінің бас редакторы Абдолазиз Хамед мақаласының басында былай деп жазды: "Егер Германияда жуырда орын алған оқиғаның құрбаны бір еврей болса, әлемде шу көтерілер еді".

Италияда мешіттердің жабылуы мен олардың құрылысына шектеудің қойылуы Еуропадағы Исламмен жауласу үдерісінің жалғасы болып табылады.