Батыс үкіметтері – Сауд әулетінің қылмыстарына сыбайлас
Бұл бағдарламада БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесіндегі Арабстанның мүшелігін ұзарту үшін келтірілген сылтауларға тоқталамыз.
Арабстанның БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесіндегі мүшелігін сақтап қалу жолындағы әрекеттердің әлемде адам құқығын сақтау туралы уәж айтатын елдер тарапынан қаншалықты ахлақи құлықсыздықтармен бетпе-бет келіп отырғанын көрсетеді. Орта ғасырлардағы озбыр үкіметтердің тәсілімен басқарылатын және оның халқы азаматтық еркіндіктерден кенде қалған ел БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесіне мүше ретінде әлемнің басқа елдеріндегі адам құқығын бұзушылық туралы пікір айтады. Жұма, қазанның 28-і БҰҰ-ның тарихындағы қара күндердің бірі ретінде тіркелуі керек болған. Әлемнің барлық елдерінде бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатуы керек ұйым адам құқығын бұзушы басты елдердің бірін қорғаушы құралға айналды. Маусым айында Халықаралық Амнистия ұйымы мен Адам құқығын бақылаушылар ұйымы Сауд Арабиясының БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесіндегі мүшелігін тоқтатуды сұрап, бұл елдің шекараларының іші мен сыртында жүйелі және әшкере түрде адам құқығын бұзатынын айтты.
Халықаралық Амнистия ұйымының БҰҰ-дағы кеңсесінің төрағасы Ричард Беннетт сол кезде былай деп жазды: «БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесінің абырой-беделіне қауіп төніп тұр. Сауд Арабиясындағы адам құқығының жағдайы бұл ел аталмыш кеңеске қосылғаннан бері нашарлай түскен. Ал осы елдің жетекшілігіндегі коалиция Йеменде бейбіт халықты рақымсыз түрде қырып жатыр». Батыстағы адам құқығын қорғау туралы уәж айтушылардың бұл ескертулерге қатысты реакциясы Сауд Арабиясының Адам құқығы кеңесіндегі мүшелігін сақтап қалу болды. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 5-ші бабында былай деп жазылған: «Ешкім де азапталуға немесе қадір-қасиетін қорлайтындай адамшылыққа жатпайтын қатыгездік жолмен жәбірленуге, немесе жазалануға тиіс емес». Бұл критерийлердің ешқайсысын Сауд Арабиясы сақтап отырған жоқ. Ал Батыстағы адам құқығын қорғау туралы уәж айтушы үкіметтер Арабстан камералар алдында еш ұялмастан балалар мен әйелдерді қырып жатқан жағдайда бұл елдің Адам құқығы кеңесінде мүше болып қалуына оң дауыс берді.
Сауд әулеті Арабстанның іші мен сыртында адам құқығын бұрыннан бері бұзып келеді. Сауд әулетінің 7 мыңнан астам мүшесі осы елде тұратын 25 миллион адамды басқарады. Елдің барлық маңызды істері солардың қолында болуымен қатар, олар мұнай және газ саудасынан түскен мол кірісті, сондай-ақ, сайланбалы орган немесе халықтың бақылауынсыз елдің барлық істерін өздері басқарып отыр. Шын мәнінде, Арабстанда демократиялық үкіметтің нышандары тіпті ресми түрде де байқалмайды. Сауд әулеті өзінің тайпалық үкіметін сақтап қалу үшін елді үстемшіл мемлекеттердің әдісімен билеп отыр. Ал осы елдің халқы тіпті бастапқы азаматтық еркіндіктерден мақұрым қалған. Сөз еркіндігінің болмауын осы ел халқының құқығының бұзылуын көрсететін негізгі әрі бастапқы элемент деп санауға болады. Халықаралық Амнистия ұйымы арабстандық түрмелердегі тұтқындардың жағдайы туралы өзінің бір есебінде бұл тұтқындардың басым бөлігінің Сауд әулетіне қарсы шыққаны үшін қамауға алынғанын баса айтты.
Арабстандағы адам құқығының бұзылуын көрсететін жайттардың бірі – саяси жұмыстарға тыйым салынуы. Арабстан азаматтары тіпті бір мәлімдемеге қол қоюға немесе өздерінің есімін жариялауға қорқады. Адам құқығын қорғаушылар ұйымындағы Арабстан ісі жөніндегі жауапты тұлға Адам Когель өткен қыста осы елдегі адам құқығының жағдайын күңгірт деп бағалап: «Сөз еркіндігі, жиналыс еркіндігі, діни еркіндік сияқты адам құқығының негізгі элементтерінің жағдайы Арабстанда күннен күнге нашарлап барады. Арабстанның барлық белсенді заңгерлері мен адам құқығын қорғаушылары күндерін түрмеде өткізіп жатыр. Олар ұзақ мерзімге жазаланған» деп қуаттады.
2011 жылы Африканың солтүстігіндегі езгі көрген елдерде халықтық толқулар басталған кезде Арабстанның шешім қабылдау орталықтары қарсылық білдірген кез келген адамға қатаң шара қолданып отырды. Арабстанда түрмеде отырмай, бостандықта жүрген адам құқығы саласының белсенділері кемде-кем. Бұл ел қазіргі кезде заңсыздықпен бетпе-бет келіп отыр.
Сауд Арабиясында жазалау заңы жоқ. Жалпы алғанда жазалауларды үйлестіретін заңдар да жоқ. Арабстанның түрмелері саяси тұтқындарға толы. Олар Сауд әулетіне қарсы шығып, азаттықты талап еткендері үшін қазір күндерін ең жаман жағдайда өткізіп жатыр. Ондаған тұтқын бір кішігірім кеңістікте орналастырылады. Арабстанның соттары да сот істерін жүргізетін мекеменің стандарттарынан кенде. Айыпкерлер тіпті қорғаушының қызметін пайдалану құқығынан да кенде. Егер болса да, сот үкіміне аса ықпал етпейді. Себебі сот үкімдері тұрақты құқықтар негізінде емес, соттың мүдделері негізінде шығарылады. Бұл елдегі әйелдер көптеген шектеулер шеңберінде өмір сүріп жатыр. Әйелдер қоғамдық орталарға, жұмыс және оқу орындарына бару үшін де шектеулермен бетпе-бет келіп отыр. Арабстанда әйелдердің қасында туыстарынан бір адам болмаса, қоғамдық жерлерге, соның ішінде, банктерге, асханалар мен дүкендерге кіруіне тыйым салынған. Ақпарат құралдары Сауд әулетінің тікелей бақылауымен жұмыс істейді.
Өз шекараларының ішінде халқы бастапқы азаматтық құқықтан мақұрым қалып отырған үкіметтен шекарадан тыс жерде адам құқығын қорғау күтілмейді. Сауд әулеті мұнай саудасынан түсетін табыстарына байланысты араб әлемінде жетекшілік етіп, басқа араб елдері үшін саясаттар мен ұстанымдарында «қызыл сызықтарды» анықтайды. Сауд әулетінің осы тәсілмен Сириядағы лаңкестік-тәкфіршіл топтарды қолдап отырғанына бес жыл болды. Арабстанның саясаттарының салдарынан жарты миллионнан астам сириялық қаза болып, миллиондаған адам босқынға айналды. Сауд әулеті мен Арабстандағы билеуші ваххабилер шын мәнінде лаңкестік-тәкфіршіл топтардың «атасы» болып табылады. Бұл мәселе барлық әлем үшін, әсіресе араб елдері үшін жасырын емес.
Йемен халқы Арабстанның саясаттарына қарсылық білдіргені үшін бір жарым жылдан астам уақыттан бері америкалық-ұлыбританиялық бомбалардың астында қалды. Осы бомбалау әрекеттерінің салдарынан кедей Йемен елінің экономикалық және өнеркәсіптік инфрақұрлымдарының басым бөлігі қирап қалды. Йемен халқынан мыңдаған адам қаза болып, жараланып, босқындыққа ұшырады. БҰҰ-ның Балалар қоры UNICEF бір мәлімдемесінде 10 мыңнан астам йемендік баланың денсаулық сақтау деңгейінің төмендеуі салдарынан жан тапсырғанын жариялады. БҰҰ-ның көмек көрсету басқармалары бір мәлімдмеде 1,5 миллионнан астам йемендік балалардың ашаршылыққа тап болып, осы ел халқының тең жартысының кедейшілікте өмір сүріп жатқанын хабарлады.
Әлемдік азық-түлік бағдарламасының ақпарат хатшысы бұл жайында былай деді: «Йемендегі жағдай шынымен өте нашар. Балаларын тамақтандыру үшін азық таба алмай отырған аналарды көрген кезде жүрегің сыздайды. 21 ғасырда мұндайды көрген қорқынышты екен». Арабстанның шапқыншылығы салдарынан Йеменде пайда болған гуманитарлық апатпен қатар, бұл ел батыс үкіметтері тарапынан саяси және әскери қолдау көріп отыр. Ал Йеменде балалар мен әйелдер арабстандық бомбалардың астында қырылып жатыр. Ұлыбритания парламентінің қауымдар палатасы бұл бомбаларды Йемен халқына тастау үшін ұлыбританиялық ұшақтардың қолданылмауына қатысты ескерту жасады.
Ұлыбритания Арабстанның Йеменге қарсы шабуылының бірінші жылы шамамен 5 миллиард доллар көлемінде Риядқа қару сатты. Ұлыбритания мен кейбір елдердің Арабстанға қару экспорты әлі жалғасып жатыр. Шын мәнінде, батыс үкіметтері Арабстанның Йемендегі барлық қылмыстары қалыбында тікелей және Сирия мен Ирактағы лаңкестік-тәкфіршіл топтарын қолдау арқылы жанама түрде Арабстанның қылмыстарына сыбайлас болып отыр. Арабстан батыс үкіметтерінің қолдауымен бұл елге қылмыстық іс қозғалудан аман қалу үшін Адам құқығы кеңесіндегі мүшелігін ұзартты. Осы аяда кез келген зерттеу жасалған жағдайда Арабстанды қолдап отырған елдер де масқара болады. Арабстан батыс үкіметтерінің исламдық елдердің арасында дағдарыс тудыру және түрлі исламдық мазхабтар арасына іріткі салуға бағытталған аймақтық саясаттарын жүзеге асыратын құралы болып табылады. Егер Арабстанда халықтық үкімет билік ететін болғанда батыс үкіметтері бұл елді өз саясаттарын жүзеге асыру үшін пайдалана алмас еді.