Қар 24, 2016 15:11 Asia/Almaty
  • Хосейннің қырқы –

Нигерияның көптеген шиіттері жердің ұзақтығы мен қаржы қиындықтарына байланысты  Кербалаға қарай жаяу жүру рәсімдеріне қатыса алмағандықтан, үлкен аза тұту тобын құрып, өз қалаларынан Зария қаласына қарай жаяу жүреді. Арбағин күні қарсаңында Нигерия қарулы күштері арбағин рәсімдерін орындаушылардың қалың нөпіріне шабуыл жасап, жүздеген жазықсыз адамға оқ атып, шәһид етті.

Көптеген ғасырлар бойы Хосейннің қырқы – "арбағин" әлем шиіттерінің күнтізбелерінде маңызды күндердің бірі болған. Ислам пайғамбары үмбетінің (ғ.с.) рауаяттарында арбағин күні имам Хосейнді (ғ.с.) зиярат ету көп қуатталып, тіпті ол мүміндердің бір белгісі деп аталған. Азшылық ретінде көбінесе қысымда болған шиіттер имам Хосейнді (ғ.с.) зиярат ету жолында өздері мен жақындары  қаза болса да, осы илаһи сүннетті орындап, арбағин күні пайғамбар әулетінің дұшпандарының көздерінен таса жолдар арқылы имам Хосейннің (ғ.с.) кесенесіне келетін. Қазір арбағин жаһандану қарсаңында тұр. 20 миллион шиіт пен басқа діндер мен мазхабтардың ізбасарлары қатысатын жаяу жүру рәсімі әлемдіктердің назарын өзіне аударды. Соған қарамастан Батыс әлемінің ақпарат саласының алпауыттары соғыс пен тұрақсыздықтан жапа шегіп отырған Ирактың орталығындағы адамзаттың ең үлкен жиынына көзжұмбайлық танытып отыр. Алайда Хосейннің тартымдылығы күн сайын адамдардың қалың нөпірін жетекшілік жолына қарай тартады.

Хосейнді (ғ.с.) аза тұтушылардың Наджафтан Кербалаға қарай жаяу жүру рәсімі

Кербаладағы Хосейннің қырқы – "арбағин" рәсімдеріне миллиондаған зияратшы қатысқанымен, әлемнің жер-жерінде осы ұлы рәсімдерге қатысуға жете алмай отырған пайғамбар үмбетінің (ғ.с.) жақтастары аз емес. Көптеген жылдардан бері Хосейннің қырқы – "арбағин" рәсімдеріне жете алмай қалғандар өз елдері мен қалаларында жаяу жүру және аза тұту рәсімдерін өткізіп, имам Хосейнді (ғ.с.) зиярат етуге деген ынта-тілектерін білдіріп келеді.

Нигерияда да осы мақсатта жаяу жүру рәсімдері өткізіледі. Нигерия – Африканың  солтүстігінде орналасқан, 150 миллион халқы бар мемлекет. Оның халқының жартысы мұсылман болса, екінші жартысын мәсихилер құрайды. Бұл елде 40 жыл бұрын шиіттер болмаған. Иранда Ислам революциясының жеңіске жетуінің қарсаңында Парижде жүрген жас студент шейх Ибрахим Закзаки сол кезде Францияның  Нофль-ле-Шато қаласында жер аударылуда жүрген имам Хомейнимен кездеседі. Ол кезде шейх Закзаки сүнниттік мазхабтың малики тармағын ұстанатын, бірақ имам Хомейнимен кездесіп, сұхбаттасқаннан кейін оның бойында пайғамбар әулетінің мазхабына деген қызығушылық пайда болды. Иран Ислам революциясы жеңіске жеткен кезде ол шиіттік мазхабқа бет бұрды. Шейх Закзаки Нигерияда достары мен пікірлестерінің болмауына қарамастан, пайғамбар әулетінің мектебін насихаттай бастады. Ол естеліктерінде жақтастарының саны 27 адамға жеткен кезде қатты қуанып, үміттене бастағанын айтады. Шейх Закзаки осы мазхабты насихаттауды бастағаннан бері 40 жылдан аз уақыт өткенімен қазір Нигерияда 20 миллионға жуық шиіт бар. Олардың басым бөлігі басқа мазхабтарды ұстанатын отбасыларда дүниеге келгенімен, осы жылдары пайғамбар әулетінің мектебімен танысқан соң шиіттік мазхабқа бет бұрған.

Шейх Закзаки

Қазір әлем мұсылмандары, тіпті мұсылман емес халықтар да Кербаладағы  шиіттердің рәсімдерін біледі. Ислам дұшпандары бар күштерімен осы теңдессіз оқиғаға байкот жариялағанымен, Хосейн (ғ.с.) махаббатының нұры адамзаттың зұлымдыққа толған әлемін жарқыратады. Бірақ осы арада Нигерияның езгі көрген шиіттерінің ұлы қозғалысы назардан тыс қалды.

Нигерияның көптеген шиіттері жердің ұзақтығы мен қаржы қиындықтарына байланысты  Кербалаға қарай жаяу жүру рәсімдеріне қатыса алмағандықтан, үлкен аза тұту тобын құрып, өз қалаларынан Зария қаласына қарай жаяу жүреді. Олар 80-160 шақырымдық жерді жаяу жүріп өтіп, Зария қаласындағы хосейниеде өтетін арбағин рәсімдеріне қатысу үшін осы қалаға келеді. Зарияда өмір сүрген шейх Закзаки бұл мекенді Нигерия шиіттерінің діни жиналыстары мен іс-әрекеттері үшін құрған. Осы ұлы рәсімдерге қатысатын адамдардың саны шамамен 8 миллионға жетеді. Олардың арасында Исламның басқа мазхабтарының ізбасарлары, тіпті кейбір мәсихилер де кезігеді. Кадуна штатының мәсихи дін қызметкерлерінің Хосейннің қырқы – "арбағин" күнінің жаяу жүру рәсімдеріне қатысуы Нигерия шиіттерінің Хосейннің қозғалысын дұрыс таныстыруға деген талпынысын көрсетеді. Йохано Буро есімді дін қызметшісі арбағин рәсімдеріне қатысуының себебі туралы былай дейді: "Имам Хосейнге тілектестік білдіруге бағытталған жаяу жүру рәсімдеріне, әділет үшін ұйымдастырылған рәсімдерге неге қатыспауымыз керек? Біз Кербалада имам Хосейн (ғ.с.) шәһид болғаннан кейінгі пайғамбар әулетінің қайғы-қасіретін аз да болса түсінгіміз келеді".

Нигериядағы "арбағин" рәсімдері

Хосейнді әділет пен азаттықтың нышаны санайтын миллиондаған қара нәсілді шиіттердің Нигерияның шөлдері арқылы Зария қаласына барар жолын Боко Харам лаңкестік тобының осы аймаққа жасап жатқан шабуылдары қиындатады. Сонымен қатар, Нигерия қарулы күштері де осы жылдар бойы шиіттерге шынайы қауіп-қатер төндіріп келеді. Иракта АҚШ пен оның одақтастары тарапынан қарулар мен бар мүмкіндіктерге қол жеткізген ДАИШ лаңкестік тобы арбағин кезіндегі Хосейннің жақтастарының жаяу жүру рәсімдеріне тіпті жақындай алмай отырған жағдайда Нигерияның езгі көрген шиіттері ешбір қорғансыз және ықтималды қауіп-қатерлерді біле тұра Хосейнге деген махаббаттың жолында қадам басады. Кербалаға апаратын жолдарда жүректері махаббатқа толы адамдар мейлі бай, мейлі кедей болсын, күре жолдардың шеттерінде шатырлар құрып, аш, шөлдеген және шаршаған адамдарға қызмет етеді. Олардың аяқ-қолдарын жуып, үйлері немесе шатырларына орналастырады. Алайда Нигерия шиіттері құрғақ әрі шөлді жолды ең аз мүмкіндіктермен басып өтеді. Онда шатырлар мен қонақжай адамдар жоқ. Бірақ осы қиыншылықтар мен қауіп-қатерлердің ешқайсысы олардың ерік-жігеріне әсер етпейді. Олар өз жандарын берсе де Хосейнді ұмытпайды. Биылғы жылы да арбағин қарсаңында жаяу жүру рәсімдеріне қатысып жатқан ондаған адам Нигерия қарулы күштерінің тікелей оқ атуы салдарынан шәһид болды. Нигериядағы биылғы жылғы жаяу жүру рәсімдерінде әскерилердің оғынан қаза болған ең кішкентай шәһид үш жасар Зейнаб  болды. Әскерилер жеті адамнан басқа шәһидтердің мәйіттерін белгісіз жерге алып кетіп, оларды қаралы отбасыларға қайтарудан бас тартты.

Зейнаб – Нигериядағы арбағин рәсімдерінде қаза болған сәби
Нигериядағы арбағин рәсімдерінде Хосейнді аза тұтушыларға шабуыл жасалды

Нигерия қарулы күштерінің исламдық қозғалысқа қарсы қатыгездік әрекеттері бұрын да орын алған. 2015 жылдың желтоқсан айында Нигерия әскері "шиіттер бір әскери көліктің жолына кедергі келтірді" деген сылтаумен бұрыннан жобаланған бір әрекетте Зария қаласында шамамен бір мың шиітті жаппай қырды. Әскерилер Зария хосейниесін қиратып, шейх Закзакидің үйін өртеді. Олар шейхтің үйінде болған барлық адамдарды, тіпті, әйелдер мен балаларды өлтіріп, жаралады. Сол қақтығыстарда шейх Закзакидің үш ұлы да әке-шешесінің көз алдында өлтірілді. Ақыр соңында әскерилер шейх Закзаки мен оның жұбайын ауыр жараланған күйі белгісіз жерге алып кетіп, осы уақытқа дейін қамауда ұстады. Нигерия әскері шәһидтердің басым бөлігінің мәйіттерін олардың отбасыларына беруден бас тартып, 300-ден астам адамды ұжымдық көрге көмді. Осы оқиғадан бірнеше ай өткеннен кейін Нигерияның қауіпсіздік күштері шерушілерге қарсы шабуыл жасап, оларды қаруларымен нысанаға алды. Бұл шабуылдар 33 адамның, соның ішінде, шейх Закзакидің үш ұлының шәһид болуы мен ондаған адамның жаралануына соқтырды. Ахмед, Хамид пен Мұхаммад – осы шабуылдарда шәһид болған шейх Закзакидің перзенттері.

Нигерия әскері  2015 жылы 1000-ға жуық шиітті өлтірді

Нигерия шиіттеріне қарсы қылмыстар батыстық ақпарат құралдарының үнсіздігі мен исламдық үкіметтердің немқұрайдылығының көлеңкесінде жалғасып жатыр. Алайда миллиондаған адамды қамтыған қоғамға қарсы осындай мөлшерде қылмыстар жасалып жатқанымен, Нигерия халқының арасында шиіттер өздерінің жақсы ахлағы және байсалдылығымен танымал. Олардың жақсы әрекеттерінің бірі Ашура және арбағин күндері науқастарға қан беру болып табылады. Ауруханалар қан тапсырушы адамдардың қалың нөпірін қабылдайды. Кез келген дін мен мазхабты ұстанушы науқастар шиіттердің берген қанымен жаңа өмір бастайды. Нигерия шиіттері жақсы ахлақ және іс-әрекеттерімен басқалардың өздеріне деген сеніміне қол жеткізе алды. Бұл Нигерияда шиіттік мазхабтың қысқа мерзім ішінде таралуының себептерінің бірі болды. Шейх Закзаки үкіметтің жамандығы мен оның сионистік режим және тәкфіршіл вахаббилік ағыммен екіұшты қарым-қатынасы туралы адамдарды хабардар ету міндетін жақсы атқаруымен қатар, ешуақытта өз ізбасарларына мақсаттарына жету жолында қатыгездікті қолдануға жол бермейтін. Ол тіпті үш ұлы өлтірілгеннен кейін де Құдс күінінің шерулерінде халықты тыныштыққа шақырды. Биылғы жылғы Нигериядағы шиіттердің  арбағин күнінің жаяу жүру рәсімдері Нигерияның исламдық қозғалысының жетекшісі шейх Закзаки бір жылға жуық уақыт бойы ауыр жарақаттарына қарамастан, медициналық көмек көрместен қауіпсіздік күштерінің қамауында жатқан жағдайда өтті. Дегенмен оның Нигерияда бастаған қозғалысына күн сайын көптеген адамдар келіп қосылып жатыр.

Нигерия шиіттері    

 

 

 

Тегтер