Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті магистрантының жаңа шығармашылық жетістігі
Қазіргі заманда әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Олар адамдарға ақпарат алмасудың, көңіл көтерудің және байланыс орнатудың ыңғайлы жолдарын ұсынғанымен, олардың кітап оқуға деген қызығушылыққа кері әсер ететіні жиі айтылып жүр.
Білім беру мекемелері, кітапханалар мен баспалар кітап оқуды арттыру мақсатында түрлі бағдарламалар мен іс-шаралар ұйымдастыруда. Осындай бағдарламалардың бірі – «Бір беттік кітап» жобасы.
Бір беттік кітап жобасы — балалар мен ересектердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында басталған ерекше бастама. Авторы – ирандық жазушы Мехди Миразими. Аталған жоба аясында қысқа мазмұнды шығармалар бір бетке ықшамдалып, оқырманға тез әрі қызықты түрде ұсынылады. Жобаның негізгі идеясы — кітап оқуды жеңіл әрі қолжетімді ету, әсіресе, заманауи адамдардың уақыт тығыздығы мен кітап оқу әдетінің азайып бара жатқанын ескере отырып, қызығушылықты қайта ояту. Бір беттік кітаптар, әсіресе, балаларға кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыруға және оларды оқуға ынталандыруға көмектеседі. Сонымен қатар, бұл бастама кітап оқудың маңыздылығын ересектер арасында да насихаттауға мүмкіндік береді.
«Бір беттік кітап» жобасына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті ирантану бөлімінің 1-курс магистранты Гаухар Омарханова қатысып, парсы тілінен 50 шақты әңгімені қазақ тіліне аударып, қазақ оқырмандарына жаңа дүниелерді ұсынды. Әрбір әңгіме – шағын ғана бір бетке сыйғанымен, оның мазмұны терең, ойы айқын, оқырманды ойландырып, шабыттандырады. Аударма жұмысы оңай шаруа емес. Әрбір мәтіннің мәні мен мағынасын жоғалтпай, оның көркемдігін сақтап, қазақ тілінің табиғатына бейімдеу үлкен шеберлікті талап етеді. Гаухар Омарханова бұл міндетті жоғары деңгейде орындап шықты деп айтуға әбден болады. Оның еңбегінің нәтижесінде парсы әдебиеті қазақ оқырмандарына жаңа қырынан танылды. Аударманың сәтті шыққаны аудармашының екі тілді жетік білуімен қатар, қазақ және парсы әдебиеті мен мәдениетіне деген шынайы құрметі мен махаббатының көрінісі.
«Бір беттік кітап» Алматы қаласында «Отбасы хрестоматиясы» баспасынан жарық көріп, оқырмандарға жол тартты. Әрбір әңгіме қазақ тіліне бейімделгенімен, түпнұсқаның рухын сақтап қалғаны үшін оқырмандар алғыс білдіруде. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен онлайн кітап дүкендерінде үлкен қызығушылық тудырды. Гаухардың бұл еңбегі – қазақ және парсы әдебиеттерінің арасында алтын көпір салғандай. Оның аудармалары арқылы қазақ оқырмандары парсы халқының өмірі, салт-дәстүрімен танысып, мәдениетіне жақындай түсті. Гаухардың шығармашылық жолы алдағы уақытта да жаңа табыстар мен жетістіктерге толы болады деп сенеміз!
Дайындаған: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, шығыстану факультетінің аға оқытушысы Гүлбақыт Қализатқызы Құдайбергенова