АҚШ Иранға қарсы ұлттық төтенше жағдайды ұзартты
АҚШ үкіметі Иранға қарсы ұлттық төтенше жағдайды тағы ұзартты.
«Пресс ТВ» арнасының бейсенбі күнгі хабарлауы бойынша, ядролық келісім жасалып, Иранға салынған санкциялардың күші жойылғанына қарамастан АҚШ президенті Барак Обама сәрсенбі күні Иранға қарсы ұлттық төтенше жағдайды тағы бір жылға ұзартты.
Обама сәрсенбі күні АҚШ Сенаты мен Өкілдер палатасының басшыларына жолдаған хатында Иранға қарсы төтенше жағдайды ұзартуға жарлық шығарып: «1995 жылдың 15-ші наурыздағы Иранға қатысты ұлттық төтенше жағдай 2016 жылдың наурыз айының 15-нен кейін де жалғасатын болады. Ядролық санкциялардың күшінің жойылуы АҚШ- тың Иранға қарсы салған санкциялары бойынша елеулі өзгеріс болып есептелгенімен, ядролық саладан тыс санкциялар сол күйінде қалады» деп жазды.
1995 жылы сол кездегі АҚШ президенті Билл Клинтон Иранның мұнай қорының дамуына кедергі жасау үшін осындай жарлық шығарған болатын.