Ғасеми Американың Иранға қарсы сөздерін сынады
Иран СІМ-нің ақпарат хатшысы Америка үкіметінің Иранға қарсы араласушы сипатты сөздерін сынға алып: «Вашингтон соғыс ашу, араласу, Ираннан үркіту және лаңкестіктің негізгі демеушілеріне қауіпті әрі пайдасыз қару-жарақ сату саясатын қоюы керек» деп қуаттады.
ИРНА-ның хабарлауы бойынша, Баһрам Ғасеми дүйсенбі күні: «Иран халқы президенттік сайлаудың 12-ші кезеңін өткізгеннен 48 сағат өтпей жатып, Америка президенті Дональд Трамп Иранға қарсы сөздерінде Ираннан үркіту үдерісін күшейтіп, дұшпандық саясаттарының жалғасында аймақ елдерін америкалық қаруларды неғұрлым көбірек сатып алуға ынталандырды. Сионистік режимге ондаған жылдар бойы Палестинаның мазлұм халқын басып-жаныштауда қару-жарақпен, қаржылай және тыңшылық тұрғыдан жан-жақты қолдау көрсетіп, сыбайлас болған, сонымен қатар соңғы бірнеше жылда Парсы шығанағындағы кейбір араб режимдеріне Йеменнің қорғансыз халқын қырып-жойып жатқан соғыста көмектескен елдің Иранды аймақта бейберекеттік тудырды деп айыптауы таңдандырады. Америка мен оның аймақтағы одақтастары бүгін өз халқының қолдауына ие демократиялық, қауіпсіз әрі айбынды Иран үкіметінің аймақта бейбітшілік, тыныштық пен жақсы көршілестіктің, әлемде қатігездік пен экстремизммен күрестің жаршысы екенін, осы елдердің сөздеріне бола өзінің бағытын өзгертпейтінін білсін» деп қуаттады.