Ғасеми: Иран әрдайым Палестина халқының құқығын қорғау үшін талпыныс жасайды
Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы: «Иран Ислам Республикасы дәстүрлі дипломатиялық әдістермен Палестина халқының құқығын қорғауға талпыныс жасайды» деді.
Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бахрам Ғасеми дүйсенбі күні отандық және шетелдік тілшілермен өткізген апта сайынғы баспасөз конференциясында сионистік режимнің астанасы ретінде Құдсты ресми тануға негізделген АҚШ президентінің іс-әрекетін айыптауды жалғастыру аясында ислам әлемінің бірігуі туралы Иран Телерадио бірлестігі тілшісінің сұрағына: «Иран түрлі жолмен Дональд Трамптың қисынсыз әдістеріне қарсы тұруға күш салады» деп баса айтты.
Иранның дипломатиялық аппаратының баспасөз хатшысы БҰҰ-да Құдсқа қатысты Трамптың шешіміне қарсы дауыс берілгені туралы: «БҰҰ-да орын алған жағдай қасиетті Құдс мәселесіне қатысты АҚШ-тың оқшау қалғанын, жалғыз екенін көрсетеді. АҚШ-тың мемлекеттік қызметкерлері бұл әдіспен талап-тілектерін жүзеге асыра алмайтынын және өз дегендерін орындата алмайтынын білуі тиіс» деді.
Ғасеми Франция президенті Эмануэль Макронның Иранға жасайтын алдағы іс-сапары туралы: «Иран мен Францияның дипломатиялық қарым-қатынастары мен басшыларының барыс-келістерінде ешқандай шарт жоқ. Екі ел байланысының үдерісі жақсы» деді.
Ғасеми БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысында №2231 резолюциясын қайта қарастыру жоспары туралы: «АҚШ Иранға қарсы консенсус қалыптастыруға күш салатын сияқты. Осы мемлекеттің «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты наразылықтарына сәйкес, олар қиындық тудырып, міндеттемелерін бұзып, Иран және «алтылық» топ арасында жасалған халықаралық ядролық келісімнің артықшылықтарын Иранның қолдануына кедергі жасауға тырысуда» деді.