Иран — мықты да айбынды ел
АҚШ Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон Израильге жасаған үшкүндік сапарының соңында өзінің Иранға қарсы ұстанымдарын қайталап: «Теһранның қатынасын өзгерту үшін ИИР-на қарсы қысымдар мен санкциялар арттырылады» деді.
Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі сәрсенбі күні АҚШ‑тың басып алынған Палестина жеріндегі елшілігінде тілшілерге берген сұхбатында: «АҚШ экономикалық санкциялардан бөлек Иранға көбірек қысым жасайды»,‑деген уәж айтты. Болтон өз одақтастарымен әріптестіктің арқасында Иран мұнайы экспортының нөлге жеткізілетінін айтты.
Болтон ядролық бағдарлама мен зымырандық бағдарлама және ИИР‑ның аймақтағы ықпалына қарсы болғандықтан АҚШ Президенті Дональд Трамптың командасына қосылған. Трамп үкіметінің басты мақсаты – Иранға максималды түрде қысым жасап, ақырында Теһранды Вашингтонмен келіссөз өткізуге мәжбүрлеу. Трамп бұл жайлы талай рет айтты, бірақ бұл қатынас Ислам революциясының қырық жылдық тарихында ешқашан сәтті болмады.
АҚШ‑тың әртүрлі үкіметтері өткен 40 жылдың ішінде әралуан тәсілдермен, соның ішінде қысым мен экономикалық санкция, соғыс пен қастандық арқылы Иранды өздеріне бағындыруға талпыныс жасады. Алайда, әрдайым Иран халқы мен басшыларының бірлігі мен қырағылығының арқасында жеңіліс тауып келеді. Бүгінде Трамп үкіметі де осы бағытты ұстануда. Бұрынғыдан жалғыз айырмашылығы — АҚШ‑тың қазіргі басшыларының шектен тыс арсыздығы мен ұятсыздығында. Олар өз ұстанымдарын баяндауда еш қымсынбай, Иранға шындыққа жанаспайтын айыптар тағады. Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи жуырда АҚШ басшыларының соңғы айларда әдепсіздіктерінің шектен шыққанына тоқталып: «Олар бұрын өз сөздерінде саяси‑дипломатиялық әдепті сақтайтын. Алайда, АҚШ режимінің қазіргі басшылары әлеммен ерсі сөйлесетіні соншалықты, тіпті ұятты мүлдем ұмытқан сыңайлы»,‑деді.
Трамп үкіметі экономикалық қысымдармен бір мезгілде Израиль және Сауд режимдерімен әріптесе отырып, Иранның аймақтағы қатынасын өзгерту үшін бұл елге саяси қысымдарды арттыруды көздеп отыр. Америкалықтар бұл жолда Иранға негізсіз айыптар тағуда. Олар өздерінің Иранға қарсы жобасын ілгерілету үшін қоғамдық пікірді жақтастырып алғысы келеді. Лаңкестікке қолдау көрсету және Сирия мен Йемендегі бүлдіргі әрекеттер АҚШ пен одақтастарының Иранға қарсы ұстанымдарының басты өзегін құрайды. Бұл — шындықтың өңін айналдырып көрсету. Иранды Йемен ісіне араласады деп айыптау саудиялық коалицияның АҚШ‑тың рұқсатымен және қару‑жарақтарымен күн сайын Йемен халқын, әсіресе балаларды жаппай қырып жатқан жағдайда айтылып отыр.
Тарих америкалықтар болған жердің бәрінде тұрақсыздық пен қираушылықтың орын алғанын, АҚШ күштері шығарылғаннан кейін әртүрлі лаңкестік топтар құрылып, АҚШ‑тың оларды өз мақсаттарын ілгерілету үшін қолдағанын көрсетті.