Рухани: Иран мен Ирактың әртүрлі салалардағы әріптестігі даму үстінде
ИИР Президенті Теһран мен Бағдадтың әртүрлі салалардағы әріптестігінің дамытылуы қажеттігін қуаттады.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Хасан Рухани сенбі күні Теһранда Ирак Премьер-министрі Адель Абдул-Махдимен ортақ баспасөз конференциясында екі халықтың қарым-қатынасы тарихының терең екенін айтып: "Ғасырлар бойы Иран мен Ирак халықтары арасында әрдайым жақсы қарым-қатынас болған. Бұл байланыс қазір даму үстінде",-деді.
Рухани Теһран мен Бағдадтың көптеген аймақтық мәселелерде ортақ көзқарастарға ие екенін айтып: "Иран мен Ирактың лаңкестік, есірткі заттары және контрабандамен күрес салаларында шекаралық әріптестігі артатын болады",-деді.
Ирак Премьер-министрі Адель Абдул-Махди осы ортақ баспасөз конференциясында Иранның Иракқа лаңкестікпен күресте айтарлықтай көмектескенін айтып: "Иранның тарих қойнауынан бастау алған ықпалды мәдениеті мен өркениеті бар",-деді.
Абдул-Махди Ирактың Иранмен қарым-қатынасты одан ары кеңейтуді көздейтінін айтып: "Ирак Иранға қарсы кез келген елдің қоқан-лоққысына төтеп беруге әзір",-деді.