Иран халқы Ислам революциясы Сақшылар корпусын қолдайды
АҚШ Президенті Дональд Трамптың Ислам революциясы Сақшылар корпусын лаңкес деп атауға қатысты заңсыз әрі жауластық шарасына наразылықтардың жалғасында Иран халқы жұма намазынан кейін жалпыхалықтық шеру өткізу арқылы өздерінің Сақшылар корпусын қолдайтынын көрсетті.
Осы шерудің соңында жарияланған мәлімдемеде АҚШ басшыларының адамзатқа қарсы қылмысқа толы қара тарихында Йемен, Нигерия, Бахрейн, Палестина, Ауғанстан, Сирия мен Ирак халықтарын қырып-жойғандықтан мемлекеттік терроризм мен лаңкестерді тәрбиелеуші ел екені дәлелденгені айтылған.
АҚШ үкіметі дүйсенбі күні, 2019 жылдың 8 сәуірінде халықаралық ережелерге қайшы қадам жасап, Иран халқына құрметсіздік көрсетіп, Сақшылар корпусын лаңкестік ұйымдар тізіміне қосты.
Бұл шараның әскери және саяси тұрғыдан ешқандай құны, ал халықаралық ережелер тұрғысынан ешқандай заңдылығы болмаса да, АҚШ үкіметі тарапынан жасалған шеңберден тыс дөрекі әрекет ретінде аймақ пен әлемнің қауіпсіздігі үшін болжауға келмейтін оқиғаларды тудыруы мүмкін.
Саяси сарапшылардың көзқарасы бойынша, АҚШ Сақшылар корпусын лаңкестік топтар тізіміне қосу арқылы Иран үшін емес, өзі үшін үлкенірек түйткіл тудырды. АҚШ-тың Foreign Policy басылымы Сақшылар корпусының теңдессіз құдіретін мойындап: "Егер Иран дәл қазір АҚШ-тың әскерилеріне қарсы текетіресті көбейтуге шешім қабылдаса, онда көптеген таңдау жолдары бар",-деп жазды.
АҚШ бірінші рет бір елдің ресми органын осындай тізімге енгізіп отыр. АҚШ үкіметінің басшылары бұл істі шетелдік компаниялардың Иранмен сауда жасауға қорқуын арттыру мақсатында жасағанын айтады. Бірақ аймақтың жағдайынан хабардар тәуелсіз бақылаушылар бұл сөздердің жарнамалық бопсалау екенін біледі.
АҚШ Президенті Дональд Трамптың Ислам революциясы Сақшылар корпусын лаңкес деп атауына қатысты жауластық шарасы халықаралық құқық, БҰҰ жаршысы, соның ішінде мемлекеттердің егемендігі мен теңдігі принципін ашық түрде бұзу болып табылады. Трамптың арандатушы әрекеттері текетіресті бақылауға келмейтін жағдайға жеткізеді.
ИИР армиясы Құрлық күштерінің қолбасшысы генерал Киумарс Хейдари Теһранда жұма намазы құтпаларының алдында АҚШ-тың Сақшылар корпусына қарсы шарасына реакциясында: "АҚШ, сионистік режим мен араб коалициясына Трамптың Сақшылар корпусына қарсы шарасының ақымақтық болғанын мәлімдеймін. Ол АҚШ әскерилерінің, әсіресе CENTCOM күштерінің әлемнің түкпір-түкпіріндегі қауіпсіздігін үздіксіз қатерге ұшыратады",-деді.
Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш пен Қауіпсіздік кеңесіне жіберген хатында АҚШ-тың шарасына наразылық білдіріп: "АҚШ-тың Батыс Азияда орналасқан күштерін басқару штабы аймақта болған көптеген лаңкестік қылмыстарға жауапты. Ол ИИР ұлттық қауіпсіздігі мен жазықсыз ирандықтардың жанын қатерге тігіп отыр",-деді.
Қалай болғанда да, АҚШ осындай авантюризмнің салдарларына жауапты болмақ.