Трамптың шарасы – Сақшылар корпусының ДАИШ-ты жеңуінен кек алу
ИИР Парламенті делегациясының басшысы Бруджерди Ирак көршілері парламентаралық отырысында сөйлеген сөзінде АҚШ-тың Ислам революциясының Сақшылар корпусына қарсы жуырдағы шарасын осы күштердің Ирак пен Сирияда ДАИШ-ты жеңуінен кек алу деп атады.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Алауэддин Бруджерди сенбі күні Бағдадта Ирак көршілері парламентаралық отырысында сөз сөйлеп: «АҚШ-тың Иранды аймақта оқшаулауға тырысуы және Сақшылар корпусын лаңкестер тізіміне енгізуі бұл елге еш нәтиже бермейді. Иран – аймақта қауіпсіздігі ең жақсы сақталған ел. Ол осы қауіпсіздікті басқа көршілес елдерде де орнатуға талпынып жатыр. Біз аймақта дағдарыстың күшейіп кетуіне жол бермеуіміз керек»,-деді.
Бруджерди АҚШ үкіметінің Сирияның Голан жоталарын сионистік режимге тиесілі деп тануға шешім қабылдауын ештеңені өзгертпейтін нәтижесіз іс деп атап: «АҚШ пен сионистік режим ешбір араб және ислам жері туралы шешім қабылдай алмайды, былай істеуге хақылары жоқ»,-деді.