Рухани: Иран №2231 қарардың бұзылуын қабылдамайды
ИИР Президенті Теһранның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарарының бұзылуын еш уақытта қабылдамайтынын қуаттап, қарар негіздеріне сәйкес қару-жарақ санкциясының жылдам жойылуын Иранның заңды құқығы деп атады.
ИИР Президенті Хасан Рухани сәрсенбі күнгі үкімет отырысында АҚШ-тың Иранға қарсы қару-жарақ санкцияларын ұзарту талпыныстарына тоқталып: «Иранның қару-жарақ санкцияларының күшін жою – «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының ажырамас бөлігі. Егер қару-жарақ санкциялары кез-келген түрде қайтып оралатын болса, «4+1» тобының басшылары олардың қандай салдарлармен бетпе-бет келетінін біледі. Иран қару сатып алса, тек халықты қорғау үшін ғана. Иранның қаруы соғыстың басталуына рұқсат етпейді»,- деп мәлімдеді. Рухани, сондай-ақ, АҚШ-тың «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан шығуының жылдығына тоқталып: «АҚШ 2018 жылдың 8 мамырында өзінің радикалды күштері, Израиль мен Сауд Арабиясының қысымы және АҚШ-тың қазіргі Президенті Дональд Трамптың елдің бұрынғы Президенті Барак Обамаға қырсығып, «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан біржақты түрде шықты», -деді. Иран Президенті америкалықтардың бір-екі ай бұрын немқұрайдылық ұйқысынан оянып, үлкен қате жасағанын түсінгеніне назар аудартып: «АҚШ-тың «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасында қазір не алға, не кері жүретін жолы жоқ. Америкалықтар қайтадан енуге өтініп, барлық мүшелері оны қабылдап, АҚШ бүкіл қателерінің орнын толтырып, санкцияларды алып тастағанша, АҚШ үшін енді «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы жоқ»,- деп қуаттады.