Қалибаф: Қытаймен келісімшартқа қол қою – АҚШ-қа қатаң ескерту
Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Иран мен Қытайдың жан-жақты ынтымақтастық бағдарламасына қол қоюын АҚШ-қа қатаң ескерту деп атап: «Халықаралық қарым-қатынас АҚШ-тың мүддесіне қайшы қарқынды түрде өзгеруде»,-деп қуаттады.
Мұхаммед Бағер Қалибаф Мәжілістің жексенбі күнгі ашық жиналысында: «Қуанышымызға орай, санкцияларды жоюға бағытталған стратегиялық қадамдар заңы ядролық өнеркәсіптің құлпын ашып, біржақты ойынның бағытын өзгертіп, уақыттың Иран мүддесіне сай өтуіне септігін тигізді»,-деді.
Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы: «Америкалықтар Иранның санкцияларды жою үшін оларды залалсыздандыруды өзінің басты стратегиясы етіп алып, ядролық өнеркәсіпті жандандырғанын білуі тиіс. Олар Иранға қарсы санкцияларды іс жүзінде толық жоюға шешім қабылдауы керек. Қағаз жүзінде санкцияларды жартылай жою туралы уәде Иран халқының талабына сай келмейді»,-деп қуаттады.
Қалибаф Иран-Қытай 25 жылдық стратегиялық құжатына тоқталып: «Бұл құжат – АҚШ-қа қатаң ескерту. АҚШ халықаралық қарым-қатынастың өз мүддесіне қайшы қарқынды түрде өзгеріп жатқанын түсінуі тиіс. Бұл ел бұдан былай тәуелсіз елдерге біржақты негізде үлгі, бағдарлама немесе келісімді таңа алмайтынын білуі керек»,-деді.