Ислам революциясының жетекшісі: Жауапты басшылар Хузестан мәселесін шешуге шындап кірісуі керек
Ислам революциясының жетекшісі мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің басшыларын Иранның оңтүстік-батысындағы Хузестан облысының мәселелері мен қиындықтарын байсалды түрде шешуге міндеттеді.
Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи жұма күні түске дейін коронавирусқа қарсы COVIran Barakat ирандық вакцинасының екінші дозасын қабылдағаннан кейін Хузестан халқының қиыншылықтарына тоқталып: «Соңғы күндері шынымен жанды ауыртатын алаңдаушылықтардың бірі Хузестандағы су мәселесі мен халықтың қиыншылықтары болып отыр»,-деді.
Аятолла Хаменеи Хузестан облысындағы су мәселесі мен оның орталығы Ахваз қаласының кәріз жүйесіне қатысты бұрынғы кеңестердің назарға алынбағанын айтып: «Кеңестер орындалғанда қазіргідей жағдай қалыптаспас еді. Хузестанның адал халқы осынша табиғи байлық пен зауыттарға ие бола отырып, қиын жағдайға тап болды, сондықтан наразылық білдіруде»,-деді.
Аятолла Хаменеи: «Халық өз наразылығын білдірді. Оларға шағым айта алмаймыз. Өйткені Хузестанның аптап ыстығында су тапшылығы дегеніміз жай мәселе емес»,-деп еске салды.
Аятолла Хаменеи Хузестан халқының 8 жылдық Қасиетті қорғаныс жылдарындағы қиындықтарды шешуде алғы шепте болып, жанқия еңбек еткенін айтып: «Бұл халық қиыншылық көрмеуі тиіс. Дер кезінде халықтың мәселелері шешілгенде мұндай жағдай қалыптаспас еді»,-деді.
Аятолла Хаменеи қазір халықты дұшпандардың қастандығынан сақтауға кеңес беріп: «Дұшпан кез келген нәрсені революцияға, елдің мүддесіне қарсы қолдануды көздеп отыр. Сондықтан оларға сылтау бермеуіміз керек»,-деді.
Ислам революциясының жетекшісі, сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің коронавируспен күрестегі талпыныстары және ирандық ғалымдар мен зерттеушілердің вакцина жасаудағы еңбектеріне алғыс айтып, індеттің таралуы толық тоқтағанға дейін санитарлық ережелерді жаппай сақтау қажеттігін айтты.