Иран Сот билігінің төрағасы АҚШ-тың Ирандағы адам құқығы туралы уәжіне реакция білдірді
Иран Сот билігінің төрағасы АҚШ Мемлекеттік департаментінің жыл сайынғы адам құқығы туралы Иранға қарсы баяндамасын айыптады.
Иран Телерадио бірлестігінің хабарлауы бойынша, Иран Сот билігінің төрағасы аятолла Садық Амоли Лариджани дүйсенбі күні сөйлеген сөзінде АҚШ-тың адам құқығы туралы таяудағы кампаниясы мен осы елдің Мемлекеттік хатшысының баяндамасын Иранға қарсы жалған уәждерге негізделген деп баса айтып: «Америкалықтар тағы да барлық істерінде өздерінің әділетсіз екендіктерін, уәдеде тұрмайтындықтарын және жалған әрі мағынасыз сөздерді таратудан еш қымсынбайтындықтарын дәлелдеді»,-деді.
Иран Сот билігінің төрағасы АҚШ Мемлекеттік департаментінің баяндамасында айтылған кейбір мәселелерге байланысты, әсіресе кісі өлтіруге қатысты өлім жазасы үкімін шығару мәселесіне негізделген уәжді баса айтып, былай деді: «Иран Ислам Республикасының заңдары бойынша кісі өлтіргені үшін өлім жазасы қолданылмайды. Бұл – қысас. Бұл құқықтың бір түрі. Аталмыш құқық жәбірленген тараптың жақындары не туыстарына тиесілі. Оның үстіне бұл құқық әрдайым іске аса бермейді. Себебі жәбірленген тараптың тікелей туыстары бұл жазаны іске асыруды талап етпейді. Сондықтан да кісі өлімі үшін қылмыскерді өлім жазасына кесу деген бос сөз болып табылады. Иранның жоғары мәртебелі билік өкілдеріне тіл тигізгені және ұлттық қауіпсіздікке қастандық жасағаны үшін қылмыскерге өлім жазасы қолданылады деген уәж де әшкере өтірік» деп мәлімдеді.