Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары өнеркәсіпшілер мен өндірушілердің жетістіктерін таныстыру қажеттігін айтты
(last modified Sun, 24 Apr 2022 19:34:45 GMT )
Сәу 25, 2022 01:34 Asia/Almaty
  • Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары өнеркәсіпшілер мен өндірушілердің жетістіктерін таныстыру қажеттігін айтты

Иран Сыртқы істер министрінің экономикалық дипломатия жөніндегі орынбасары Меһди Сафари: «Ирандық өнеркәсіпшілер мен өндірушілердің жетістіктерін таныстыру қажет. Иран СІМ бұл мәселені кесімді түрде қолдауы керек»,-деді.

Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары бұл пікірді елдің түрлі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мұнай-химия салаларындағы жоғары қабілетін назарға ала отырып айтты. Мысалы, Дүниежүзілік болат өндірушілер ассоциациясы: «Иран 6 млн 900 мың тонна болат өндіріп, әлемдегі болат өндірушілер арасында оныншы орында тұр»,-деп мәлімдеді. Бір жағынан әлемде болат өндірісі азайып, екінші жағынан Батыс Азия аймағындағы елдердің болатқа сұранысының артқаны Иранға болат экспортын көбейтуге жақсы мүмкіндік бола алады.

ИИР өз әлеуетін назарға ала отырып, аймақ және көршілес елдердің сұранысын қамтамасыз ете алады. Бұл іс министрліктер мен тиісті органдардың үйлесе әрекет етуін, осы салада үлкен қадамдар жасау үшін мемлекеттік және жеке сектор деңгейінде ұлттық ерік-жігер көрсетілуін қажет етеді.

Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары осы салада бір қолайлы мүмкіндікке тоқталды. Меһди Сафаридің айтуынша, Ташкентте 9-11 мамыр аралығында ирандық өнеркәсіпшілер мен өндірушілердің жетістіктері көрмесін өткізу осы сала белсенділері үшін маңызды. Ол аймақ елдерінде Иранның сапалы өнімдеріне сұранысты ескеріп, осындай көрмелер өткізуді жиілетуді сұрап, Иран СІМ мұны міндетті түрде қолдайтынын айтты.

Ибраһим Раисидің президенттігі кезінде Иранның сыртқы саясатында экономикалық дипломатияға зор маңыз беріліп отыр. Ол бойынша көршілес және аймақ елдерімен сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуға баса назар аударылады. Шын мәнінде Иранның сыртқы саясатында тату көршілестік пен тепе-теңдікті сақтау – Ибраһим Раисидің он үшінші үкіметке белгілеген бағдарламасы. Мұны әлеммен сындарлы әріптестікке қатысты макро саясаттың бір бөлігі деп санауға болады. Осы орайда экономикалық дипломатияны нығайту, көршілермен әріптестікті арттыру, ортақ мүмкіндіктерді пайдаланып, олармен текетіресті жою ИИР сыртқы саясатының басқа бір мақсаттарының қатарына жатады.