Сәу 25, 2022 02:10 Asia/Almaty
  • Қазақстан – Гүлістанның стратегиялық сауда серіктесі

Иранның солтүстік облыстары Қазақстанмен әріптестікте теңдессіз жағдайға ие. Осы арада Гүлістан облысы бірнеше себептен маңыздырақ жағдайға ие.

Бұл облыс теңіз жолымен қоса, тас және темір дәліздері арқылы Түркіменстан территориясынан өтіп, Қазақстанмен байланысып жатыр. Бұл облыста қазақтардың басқа ортаазиялық ұлттарымен тату тіршілік етуі Гүлістан мен Қазақстан арасында мәдени байланыстарды арттыра түсті. Мұнымен қоса, бұл облыстың Орта Азиямен, әсіресе Қазақстанмен ортақ тарихы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі мен ортақ мәдениеті Қазақ елімен көбірек және жақсырақ түсіністік орнауына жағдай жасады. Осы ерекшеліктерге байланысты Қазақстан осы облыстың стратегиялық мақсаттарында айрықша орынға ие.

Қазақстан тұрақты, бай да мықты ел ретінде Гүлістан облысы үшін  маңызды сауда серіктес саналады. Бұл Гүлістанның ерекше географиялық жағдайына байланысты айтылған. Басқа жағынан осы облыста тұратын қазақтардың талпыныстары нәтижесінде Қазақстанмен сауда-экономикалық қатынас күн өткен сайын нығайып келеді. Горган мен Ақтау арасында тікелей рейс те соңғы жылдары осы қажеттіліктерді өтеу үшін ашылды. Басқа жағынан Гүлістан облысының Түркіменстанның Балканабад облысы арқылы Қазақстанның Маңғыстау облысына темір жолмен жалғануы да соңғы жылдарда мол мүмкіндік тудырды.

Әрине бұл темір жол желісінің стратегиялық маңызы бірнеше облыстың байланысынан жоғары, ол бір маңызды халықаралық дәліз ретінде қарастырылады. Бұл дәліз Қазақстан, тіпті Қытай үшін оңтүстіктегі халықаралық суларға, Иранның батысындағы көршілері, соның ішінде Түркияға қысқа да тікелей қолжетімдікті қамтамасыз етеді. Түркия да Қазақстанның маңызды сауда серіктесі саналады. Сол кездегі президенттер Хасан Рухани, Нұрсұлтан Назарбаев пен Құрбанқұлы Бердімұхамедовтың қатысуымен осы темір жол дәлізінің ашылуы оның стратегиялық маңыздылығын көрсетсе керек.  

Әрине бұл бағыт логистикалық қиындықтарға ұшырап отырғанын айта кету керек. Соның салдарынан бірнеше елдің арасындағы сауда транзитінің жылдамдығы азайды. Гүлістан облысында жаңа команда билік басына келгеннен кейін осы қиыншылықтарды шешуге талпыныстар жасала бастады. Гүлістан облысы әкімінің экономикалық істер жөніндегі орынбасары сейіт Мұхаммед Деһнави тарапынан көтерілген жобалардың бірі Инче Бурун темір жолын Шаһрудқа, содан соң Табасқа қосу болып отыр. Сонда бұл темір жол дәлізінде пойыз жылдамдығы айтарлықтай артып, Қазақстанмен сауда-саттықтың шығындары азаяды.  

Осы мәселе шешілсе, экономиканың қосалқы салаларында да сауда  әлеуеттері арта түседі. Гүлістан облысы соңғы жылдарда құрылыс және тамақ өнеркәсібіне қатысты кейбір өнімдері үшін Қазақстанда қолайлы нарық тауып алды. Әрине бұл қабілетті дамытуға болады. Соңғы жылдары Қазақстаннан ет, мал жемі мен дәнді-дақылдар әкелінді. Тағы бір мысал ретінде айтсақ, Гүлістандағы мал және құс шаруашылығы қожалықтары Қазақстанда өндірілген өнімдермен қамтамасыз етіле алады. Екі елдің арасында жуырда ғылым мен технология парктері арасында келісімге қол қойылды. Бұл іргелі ғылымға және жоғары технологияға негізделген өнімдер саудасы үшін қолайлы жағдай жасайды.

Екі ел арасында ортақ инвестиция саласында да өте жақсы әлеуеттер бар. Иран мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық егін шаруашылығы туралы меморандумға қол қойылды. Бұл ортақ ынтымақтастыққа қолайлы мүмкіндік жасайды. Соңғы жылдары кейбір гүлістандық инвесторлар Қазақстанда осы салада жұмыс істеп жатыр. Басқа жағынан Қазақстан компаниялары да Гүлістандағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларына инвестиция сала алады.

Алайда осы мүмкіндіктердің барлығы экспорт пен инвестиция салаларында үкімет пен олардың өкілдері тарапынан тиісті жеңілдіктер жасалуын қажет етеді. Басқа жағынан Қазақстан мен Гүлістан облысының экономикалық әлеуеттері мен қажеттіліктері жайлы ақпарат өте аз. Сауда қатынасын сапа және сан жағынан дамыту үшін өзара таным қажет. Шекараның екі жағында шағын және орта кәсіптер арасында байланыс орнату керек. Туризмді дамыту, соның ішінде табиғи, мәдени, медициналық, коммерциялық және діни  туризмді дамыту осындай таным мен байланысты арттыруға қолайлы мүмкіндік тудыра алады.

Умид Рахими

Орта Азия істері жөніндегі тәуелсіз зерттеуші

Тегтер