Раиси: Иранның келісімінсіз аймақта ешқандай теңгерім жасалмайды
(last modified Fri, 04 Nov 2022 13:57:08 GMT )
Қар 04, 2022 19:57 Asia/Almaty

Иран Президенті революцияшыл халықтың үстемшілдік пен отаршылдыққа қарсы күресті күн тәртібіне қойып отырғанын айтып: "Иранның келісімінсіз аймақта ешқандай теңгерім жасалмайды",-деді.

ISNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ибрахим Раиси жұма күні Теһранда Үстемшілдікпен күрес күніне орай өткен жиында АҚШ-ты басқарып отырған жүйені қазіргі үстемшілдіктің символы деп атап: "АҚШ Иранның аймақта ықпалы барын және аймақта ешбір теңгерімнің Иранның келісімінсіз жүзеге асырылмайтынын жақсы біледі",-деді.

Раиси исламдық Иранның аймақты АҚШ қойған адамдардан сақтау үшін әрекет еткенін, қажы Қасым Солейманидың әлемде лаңкестікпен күрес символына айналғанын айтып: "Ауғанстан, Сирия, Ирак пен басқа да аймақ халықтарына азаттық ретінде әкелген нәрсесін өз көзімізбен көріп отырмыз. Біз бұл елдердің жағдайын көріп отырмыз. Сіздер лаңкестікпен күрес және азаттық деген сылтаумен бұл халықтарды тұтқынға алдыңыздар. Алайда Ливия мен Сирия сияқты кейбір елдерде орындаған жоспарларыңыз Иранда орындалмайтынын біліңіздер",-деді.

Иран Президенті соғыстар мен қантөгістерде АҚШ-тың басты рөл ойнайтынын және бұл ел өз мүддесін қамтамасыз ету үшін халықтардың мүдделерін аяққа таптайтынын айтып, Джо Байденнің бүліктерді қолдағанына реакция білдіріп: "АҚШ Президенті "Біз Иранды азат етеміз" деді. Алайда Иран 43 жыл бұрын азат етілген. Енді сіздердің тұтқындарыңызға айналмаймыз. Ешқашан біз сіздерге сүтті сиыр болмаймыз",-деді.