Иранның 10 жылдық ғарыш бағдарламасы – аймақта ғарыш полюсіне айналу
(last modified Sun, 08 Jan 2023 16:06:52 GMT )
Қаң 08, 2023 22:06 Asia/Almaty
  • Иранның 10 жылдық ғарыш бағдарламасы – аймақта ғарыш полюсіне айналу

Иранның ғарыш ұйымы 10 жылдық ғарыш бағдарламасын орындау мақсатында алғаш рет ресми жиналыс өткізіп, іс жүзінде осы стратегиялық бағдарламаны орындау үдерісін бастады.

Осы бағдарламаға сәйкес, ИИР алдағы 10 жылда ғарыш технологиясын дамыту және ғарышқа зымыран ұшыру қызметін көрсету саласында аймақтық полюске айналады. Бұл мақсат санкция жағдайында ішкі қарым-қабілет пен отандық мамандардың білімінің арқасында орындалады.

Ғарыш өнеркәсібі кез келген елдің күш-құдіретінің белгілерінің бірі саналады. ИИР соңғы жылдарда ғарыш технологиясы мен зымырандар жасау саласында сәтті қадамдар жасады.   

Елдің жалпы ғылыми картасында әуе-ғарыш саласы елді дамытуға бағытталған технологиялардың негізгі саласы, тіпті жаңа технологиялардың көшбасшысы саналады. Осыған орай адамды ғарышқа ұшыру және коммуникациялық жерсеріктерді жөнелтуге баса назар аударылған. Иранның ғарыш бағдарламасының Батыс Азия аймағындағы басқа елдерден айырмашылығы мынада: Иран өзінің ішкі қарым-қабілетіне сүйеніп, жергілікті және отандық технологияларды пайдаланады.

Ислам революциясына дейін Иранда жерсеріктен сигнал қабылдайтын бірнеше антенна мен құрылғы ғана болды. Ел ішінде жерсерік туралы техникалық мағлұмат болмады. Сондықтан басқа елдер жіберген сигналдардың бір бөлігін ғана қабылдай алатын еді. Ал Иран 8 жылдық соғыс заманынан бері елді қорғау үшін ғарыш технологиясын дамытуды мақсат етіп қойды. Соған сәйкес әуе-ғарыш факультеттері пайда болды. Елдің ғарыш саласындағы қабілетін нығайтуға көңіл бөлінді.

Сондай-ақ университет түлектерінің көмегімен және отандық мамандардың арқасында жерсеріктер мен жерсеріктасығыштар саласында іргелі жұмыстар атқарылды.

Соған сәйкес жерде ғарыш айлақтары мен ұшу инфрақұрылымын дамыту, коммуникациялық жерсеріктерді жобалап-жасау үдерісін жылдамдату, бір метрге дейінгі дәлдікке ие сенсорлық жерсеріктерді ұшыру, халықаралық әріптестік жолында әрекет ету, ортақ жобаларды орындау, инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған барлаушы жобаларды орындау, ауыр салмақты жүктерді жөнелтуді жоспарлау және т.б. Иранның 10 жылдық ғарыш бағдарламасының мақсаттарына жатады.

Ирандық мамандардың жобалауының нәтижесінде қазіргі таңда ИИР коммуникациялық жерсеріктер жасау және зондтау саласында бөгделердің  білімін қажет етпейтін деңгейге жетті. Ішкі қажеттіліктерді өтей алатын жерсерік жасау технологиясына ие 9 елдің қатарына қосылды.

Алдағы 10 жыл ішінде Иранда атқарушы орган мен бизнес өкілдеріне қызмет көрсететін 30 кешен іске қосылады деп жоспарланып отыр.  

Қазіргі таңда осындай мақсатта 10 кешен жұмыс істеп тұр немесе дамытылып жатыр. ИИР олардың санын арттыруды қалайды. Ал дұшпандар осы уақытқа дейін түрлі санкциялар салып, Иранның ғылыми және экономикалық дамуына, соның ішінде ғарыш өнеркәсібіне кедергі жасауға тырысты. Бірақ барлық қысымдар мен шектеулерге қарамастан ИИР қазір ғарыш өнеркәсібіне қатысты технологиялардың түр-түріне қол жеткізді.