"Астана-8" келіссөздерінің қорытынды мәлімдемесі жарияланды
(last modified Sat, 23 Dec 2017 09:33:33 GMT )
Жел 23, 2017 15:33 Asia/Almaty

ИИР, Ресей және Түркияның өкілдері Қазақстанның елордасы Астана қаласында өткен келіссөздердің сегізінші кезеңі аяқталғаннан кейін ортақ мәлімдеме жариялап, Сириядағы лаңкестердің көзін толық жойғанша ынтымақтастықтарын жалғастыратынын қуаттады.

Иран Телерадио бірлестігі ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, Иран, Ресей және Түркияның өкілдері Қазақстанның бас қаласында өткен "Астана-8" келіссөздерінің соңында жариялаған ортақ мәлімдемеде Сирия дағдарысын шешу үшін лаңкестік топтарды, соның ішінде ДАИШ лаңкестерінің тамырын толығымен жоюға және Сирияға лаңкестердің келуінің алдын алу бағытындағы мақсаттары мен ниеттерін баса айтып: "ИИР, Ресей мен Түркия Сириядағы атысты тоқтату бітіміне кепіл елдер ретінде Сирияның егемендігі, тәуелсіздігі, бірлігі мен территориялық тұтастығына берік болып қалады",- деп қуаттады.

Сирия дағдарысын шешу туралы Астана келіссөздерінің сегізінші кезеңі бейсенбі күні Қазақстанның елордасы Астана қаласында басталып, жұма күні аяқталды.

Сирия дағдарысы жөніндегі Астана келіссөздерінің келесі отырысы 2018 жылдың ақпан айының екінші жартысында өтеді.

 

 

Тегтер