Тарихты тану-болашақтың борышы
(last modified 2021-11-17T08:42:12+00:00 )
Қар 17, 2021 14:42 Asia/Almaty
  • Тарихты тану-болашақтың борышы

Мұражай – тарих, шежіре, білім-ғылым. Сан-салалы өнер мен ғылым қоспасы – мұражай.

«Адамзат тарихының күретамыры – мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекетін дүниеге әкелген материалдық құндылықтар болып табылады. Бұл бәрімізге белгілі ақиқат. Қай халықтың болмасын, өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі –  мәдениеті. Мәдениет -  ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға  танылады»   

Елбасы Н. НАЗАРБАЕВ   

 

Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы тарихи мұраларымыз бен ескерткіштерімізді зерттеу, насихаттауға бүтіндей қоғамның бетбұрысын қалыптастырады. Адамзат ұрпағы басынан кешкен замандарды көз алдыңызға елестетіп, оны көңілге түйгіңіз келсе, жарқын болашаққа нық сеніммен ой жүгірткіңіз келсе, әрине, ең алдымен, мұражайға кіріп, ондағы жәдігерлердің сырына үңілудің маңызы зор. Ата-бабалардың өмірлерінде ұстап-тұтынған бұйымдарын таңдай қағып тамашалап, өткенге салауат айтып, қасиеті дарыған бабалар мұрасынан тағылым мен тәрбие нәрін алып шығатыныңыз анық.

Мұражай – табиғат пен адамзат қоғамының дамуы туралы білімнің алғашқы деректемесі материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін табиғат коллекциялары мен тарихи нұсқаларды жинақтау, сақтау, зерттеу, жәдігерлерін халыққа көрсетіп, насихаттау қызметін атқаратын ғылыми мекен. Мұражай жәдігерлері ғылым мен өндірістің алуан түрлі салаларын қамтиды.

«Мұражай – тарих, мұражай – шежіре. Мұражай – білім-ғылым. Сан-салалы өнер мен ғылым қоспасы – мұражай. Мәдениетті елдерде әрбір мұражайдың тарихы жазылып қатталады. Тіпті әрбір мұражайдың кезеңімен алмасып, жаңарып тұрар – экспозициясының тарихы шежіреленеді» деген көрнекті әдебиетші ғалым Құлбек Ергөбек «Түркістан жинағы» атты кітабында.                                                           

Өркениетті мемлекеттердің көбісі өз мұражайларының сән-салтанатын арттыру арқылы әлемге есіктерін айқара ашып отыр. Расында да, мұражай ұлттық мәдениеттің кірер есігі, қара шаңырағы іспетті. Көне жәдігерлер мекенінің босағасынан аттаған қарапайым адамнан бастап, лауазымды тұлғалар болсын, мемлекет басшылары немесе шетелдік қонақтар елдің, халықтың бай құнарлы мәдениеті жөнінде түсінік алады. Мұражай тек құндылықтар сақтайтын қойма немесе сол құндылықтарды көрсететін көрме ғана емес. Ең алдымен, ол – ұлттық ғылыми-зерттеу мекемесі. 

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайы

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайы – Орталық Азиядағы ең үлкен  мұражай.
Ол Алматыдағы Самал-1 шағын ауданында орналасқан. Оның жинақтамалары Неплюев әскери училищесінің жанындағы “Орынбор өңірінің мұражайы” қорынан алынған. Орынборда ХIХ ғасырдың  30-шы жылдарында мұражай пайда бола бастаған. Келесі жылдары Жетісу облысының, Казак әскері және Республикалық дінге қарсы әскері мұражайларының топтамалары мұражай қорына енгізілді.  1931 ж. мұражай Алматы қаласындағы бұрынғы Кафедралы соборында алғаш рет есігін ашты.  Мұражайдың қазіргі ғимараты 1985 ж. сәулетшілер Ю. Ратушный, З. Мустафина мен Б. Рзгалиевтың жобасы бойынша салынған.  Ол қаламыздың қазіргі сәулетінің ең көрнекті ғимараттарының бірі болып табылады. 

Мұражай ғимаратының жалпы ауданы - 17 557 шаршы метр. Оның үш қабатында көрме галереялары мен 4 экспозициялық зал орналасқан . Оның қорында және экспозициялық топтамасында 300 мыңға жуық бірлік бар.

Бірінші экспозициялық зал –  палеонтология мен археология залы – түрлі уақыт кезеңдерінде республиканың бүкіл аумағындағы  ең көне  топтар мен елді мекендерді зерттеген экспедициялардың құрамында болған ғалым-палеонтологтар мен археологтар жинаған ОММ қорларынаның бірегей түпнұсқа экспонаттарын көрсетеді. Топтаманың ішінде 6000-ға жуық сақтау бірлігі бар, олар 520 млн. жыл мен қазіргі уақыт аралығындағы кезеңді, яғни кембр кезеңінен бастап голоцен кезеңіне дейінгі аралықты қамтитын палеоботаника мен палеозоология деп аталатын екі бөлімдерімен көрсетіледі. Осы топтаманың ерекшелігі экспонаттардың түпнұсқалығы мен олардың алуан түрлілігі болып табылады.

Мұражайдың археологиялық топтамасы алғашқы көшпенділердің, яғни ортағасырлық сарматтар мен номадтар дәуірінің жасандыларын қамтиды. Жетісу аумағындағы христиан дінінің бар болғанын дәлдейтін түркі-сириялық жазулары бар несториан тастарының жинақтамасы қызықты болып көрінеді. Мұражайда қола қазандардың, құрбан шалынатын жерлердің, шамдалдардың, тұрмыс керек-жарақтар мен қару-жарақтардың үлкен және қызықты жинағы жиналды. Сақтардың көптеген үй керек-жарақтары, қару-жарақтар мен әшекейлері өнерде скиф-сақтардың "аң стилі" деп аталатын стилінде орындалған  .
ҚР ОММ археологиялық топтамасының мақтанышы Шілікті жерінің, Екінші Покров қорғанының, Жалаулы көмбесінің көне алтыны, Қарғалыдағы бақсы әйелдің жерлеу орнындағы зергерлік әшекейлер және б.з.б. ІІІ ғ. – б.з. IX ғ. тиесілі күміс ыдыс болып табылады.
 
Екінші экспозициялық зал ХV ғ. бір бөлігін, алғашқы Қазақ хандығын құру кезеңін және XX жүзжылдықтың басына дейінгі уақытты қамтиды. Осында төңкеріске дейінгі кезеңге қатысты болған тұрмыс керек-жарақтары және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, фотодеректі және бейнелеу сипатындағы материалдардың бір тобы берілген.
 
Келесі зал экспозициясның негізгі бөлігін қазіргі уақытта Қазақстанда тұратын халықтардың тарихы мен этнографиясы жайындағы материалдарды баяндайтын бөлімдер құрайды. Тарих, орыстардың, корейлердің, украиндықтардың, ұйғырлардың, еврейлердің және т.б. қазіргі кездегі өмірі үшінші залдың негізгі тақырыбы болып табылады. Залдың басқа бөлігі Ұлы Отан соғысы кезеңіне арналған.
 
Мұражайдың төртінші экспозициялық залы Қазақстан Республикасының жаңа тарихы жайындағы мәліметтерді: республиканың қазіргі кездегі экономикасын және саясатын, ғылым мен мәдениеттің дамуын сипаттайтын мәліметтерін береді (1991 - 1998 жж.). Сонымен қатар экспозицияның бір бөлігі Президенттің мемлекет көшбасшыларынан алған сыйлықтарына бөлінген.
 
Экспозициялық залдардан басқа мұражайда көрмелер өткізуге арналған кең жайлар мен галереялар бар. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұражайында оннан бір бөлігі  стационарлық экспозициясында берілген 200 мыңға жуық экспонаттар сақталуда. Жинақтаманың бір бөлігі кейде тақырыптық көрмелерде көрсетіледі немесе бөлек қорлар бойынша топтар мен жеке тұлғалар үшін экскурсиялар арнайы тапсырыстар бойынша өткізіледі. Мұражайда Қазақстан тарихы мен мұражайтану мәселелеріне арналған мақалалар мен ғылыми жұмыстар шығарылады.

Оқушылар мұражайда

Біз мектеп оқушыларымен орталық мұражайға барып тұрамыз.Ондағы мақсат - оқушыларға мұражай туралы түсінік бере отырып, ой-өрістерін,танымдық қабілеттерін арттыру арқылы өз елінің тарихы мен мәдениетін білуге тәрбиелеу.Тарихты тану - біздің болашағымыздың міндеті.

Жазықова Жанар Қалманғазықызы

№198 ЖББМ тарих пәнінің оқытушысы

Тегтер