Қаң 27, 2022 23:04 Asia/Almaty
  • Толғаныс: Атажұртым – Қазақстан

Отан… Бұл сөз — әр адамның жанына жақын, жүрегіне жылы тиер сөз. Осы сөздің астарында қанша мағына жатыр десеңізші?! Отан дегеніміз — біз туып өспесек те, ата-бабалармыз өмір сүрген жер.

Біз кішкентай кезімізде Қытайда жатып, Қазақстан дегенде көз алдымызға шалқыған жайлау, түтіні бұрқыраған ауыл, жазық дала елестеп, бақтағы бұлбұл құстың үні мен айдын көлдегі аққу құстың қиқулаған дауысы құлағымызға келетін. 

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Қызметтің әр түрлі саласында қазақтар мен орыстар, татарлар мен немістер, украиндер мен кәрістер және т.б. ұлттар бейбітшілік, достық пен татулықта жұмыла еңбек етіп, өмір сүріп жатыр. Мен соңғы жүз жылда Қазақстан жеріне әр түрлі халық өкілдері қоныс тепкенін жиі естимін (Әсіресе Қытайдан көшіп қоныс аударған қазақтар да көп).

Ауылдағы үлкен ақсақалдардан Қазақстан тарихы жайлы тыңдағанда одан сайын қызығып, оған жақындай түсіп, оны жақсырақ түсінгім келді.  

Сол себепті биыл Алматыға арнайы келіп, білім мен ғылымның киелі шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне оқуға түстім. Қытайдағы қазақ ақсақалдар айтқандай, өте тамаша жер екен, бірден ұнатып қалдым. Енді Қазақстан тарихымен тереңінен танысқым келеді.  

Ата-бабам туып-өскен жер бай әрі шекарасы тыныш болсын деп тілеймін.

Мен өзімді бақытты санаймын, өйткені сен барсың – Қазақ жері. (Шетелден келе алмай жүрген қазақтар қаншама!) Енді, бұйыртса, өзіңмен біргемін.

 

Бердібек Болатжан

Қытай Республикасы

 

Тегтер