Қош келдің, Әз-Наурыз!
(last modified Tue, 19 Apr 2022 09:37:44 GMT )
Сәу 19, 2022 15:37 Asia/Almaty
  • Қош келдің, Әз-Наурыз!

Наурыз — Шығыс елдерінің бүкілхалықтық мейрамы, Ұлыстың ұлы күні.

Наурыз Шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтіледі. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айландырған. Шығыстың данышпандары Махмұд Қашқари, Омар Хайямнан бастап қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт қайраткерлері де Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, асыл сөздер жазып қалдырған. Наурыз Шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған.
Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері өте көп.

Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Наурыз мерекесін асыға күтетініміз, ерекше даярланатынымыз содан болса керек. Наурыз мерекесіне тән тағам – наурыз көже даярланады. Ол жеті түрлі дәмнен даярлануы шарт. Халықта наурыз көжені тойып ішкен адам келесі жылға дейін ішім-жемнен тарлық көрмейді деген ұғым бар.

Үй иесі үлкен кісілерден наурыз көжеге бата сұрайды. Ол кісілер:

«Пәле-жала жерге енсін!

Төрт түлік ақты болсын!

Өрісің малға, үйің жанға толсын!

Ақ мол болсын!» деп бата беріледі.

ҚазҰУ

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде оқитын қандас бауырларымызға Наурыз мейрамы туралы түсінік беру және қазақ халқының салт-дәстүрін көрсету, оны құрметтеу мақсатында «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты ашық кураторлық сағат өткіздім. Наурыз мейрамында әркім жылы шырай сезіне бастап, сағынышты көрісулерімен, жалынды құшақтасулармен жаңа жылды қарсы алады. Тыңдаушыларымыз қазақтың ұлттық киімдерін киіп, өз өнерлерін ортаға салды. Ақ дастарқанға бауырсақ төгіліп, наурыз көже таратылды.

Буланова С.Т.

Қазақстан Республикасы

Алматы қаласы

ЖОО-на дейінгі білім беру факультетінің

математика пәнінің оқытушысы

Тегтер