Иран мәдени орталығының директоры қыздар университетіне келді
(last modified Sun, 16 Oct 2022 15:30:52 GMT )
Қаз 16, 2022 21:30 Asia/Almaty
  • Иран мәдени орталығының директоры қыздар университетіне келді

29 қыркүйекте Шетел тілдерін оқыту кафедрасының ұйымдастыруымен Тіл мерекесіне орай «Тіл мерейі – ел мерейі» атты мерекелік шара болып өтті.

Бұл шараға  Иран Республикасы Елшілігі жанындағы мәдени орталықтың директоры Мажид Алигар, филология институтының директоры К.А. Ашинова, шетел тілдерін оқыту кафедрасының бағдарлама көшбасшысы м.а. Г.И. Саурукова,   кафедра оқытушылары мен студенттері қатысты. Бұл шарада студенттер ағылшын, парсы, қытай, түрік, француз тілдерінде үзінділер  оқыды,  би  биледі,   ән  салды.

Бәрімізге белгілі биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл  толып отыр. Осыған орай  аталмыш шарада студенттер  Ахмет Байтұрсынұлы жайында ғылыми баяндама жасады және шығармаларынан қазақ, түрік, парсы, қытай, француз тілдерінде  үзінділер  де оқыды.

«Тіл мерейі – ел мерейі» атты мерекелік шара 

Сондай-ақ Иран Елшілігі жанындағы мәдени орталықтың директоры Мажид Алигар мырза сөз сөйледі. Алдымен оқытушылар мен студенттерді Тілдер мерекесімен құттықтап, білім мен ғылым саласындағы қызметтеріне   сәттілік тіледі.

Иран мен Қазақстан Каспий теңізі арқылы көршілес қана емес, сонымен бірге екі елді жақындастыратын  ортақ дүниелердің бар екенін  тілге тиек етті. 

Парсы тілі тек қарым-қатынас құралы емес. Парсы тілі – ғылым тілі, достық пен мейірімділік тілі. Парсы тілінің маңыздылығын айта келіп,  екі ел арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да дамып отырғанын алға тартты.

Қазіргі кезде ирандық компаниялардың Қазақстанда саны артып отыр, сондықтан бұл компаниялар парсы тілін білетін мамандарды қажет етіп отырғаны белгілі. Әрине,  сол ирандық компанияларда жұмыс істеу үшін парсы тілін білетін және жақсы аударма жасай алатын мамандар қажет. Өкінішке орай, Қазақстанда парсы тілін жетік білетіндер аз. Егер студенттер парсы тілін үйренуге шыңдап кірісіп, тілдік білімдерін одан әрі жетілдірсе, біз де өз тарапамыздан қолдау білдіреміз деп атап өтті.

«Тіл мерейі – ел мерейі» атты мерекелік шара

Шарадан соң Иран Ислам Республикасының Елшілігі жанындағы мәдени орталықтың директоры Мажид Алигар университеттің  парсы тілін оқитын студенттері, филология институтының деканы мен шетел тілдерін оқыту кафедрасының бағдарлама көшбасшысымен кездесіп, парсы тілін оқыту барысы туралы тоқталып, онда кездесетін қиындықтардың  шешу жолдарын қарастырды.

Р.К.Садықова

Тегтер